Елордадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің «Андреа Бочеллидің репертуарындағы әйгілі ариялар мен әндер» атты керемет кеш өтті.
Осындай концерт былтыр Парсы шығанағындағы Дубайдағы отельдердің жанындағы үлкен алаңқайда ашық аспан астында болған. Онда А.Бочеллиді Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі мен оның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева сүйемелдеп, «Parus-2021» фестивалінің көрермендерін жылы әсерге бөледі. Мұны соның жалғасы дей аламыз.
Жалпы, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – еліміздегі үздік музыкалық ұжымдардың бірі. Оның құрамында қазіргі заманғы қазақстандық музыкалық өнерді халықаралық деңгейде насихаттап, камералық музыканың әлемдік дәстүрін жалғастырушы жоғары кәсіби музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары бар. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Мұсақожаева дирижерлік етеді.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ (сопрано), халықаралық байқаулардың лауреаты Артур Ғабдиев (тенор) және Қазақ ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кеш барысында Дж. Бизенің «Кармен» операсына увертюра, Дж.Вердидің «Риголетто» операсынан Мантуя герцогінің ариясы, Дж.Пуччинидің «Мұң» операсынан ария, Дж.Пуччинидің «Джанни Скикки» операсынан ария, Дж.Россинидің «Сұғанақ сауысқан» операсының увертюрасы сынды әлемдік музыкалық классиканың үздік туындылары ұсынылды.