• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қыркүйек, 2022

Академик тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

542 рет
көрсетілді

Астанада аса көрнекті әдебиет­та­нушы ғалым, сыншы, Ұлттық ғылым акаде­мия­сының академигі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Серік Қирабаевтың 2009-2021 жылдары тұрған Ш.Қалдаяқов 2 мекен­жайындағы үйіне ескерткіш-тақта қойылды. Мазмұнды іс-шараға Пар­ламент депутаттары, зиялы қауым өкіл­дері және академиктің отбасы мен шәкірт­тері қатысып, ұзақ жыл­дар жоғары білім мен ғылым сала­сында еңбек етіп, өнегелі із қал­дырған айтулы тұлғаны еске алды.

Жиынды ғалымның шәкірті, академик Дихан Қамзабекұлы ашып, әдебиеттану абызы­ның осы үйде он екі жыл тұрғанын, Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет істеп, ғылымға жас­тарды баулып, Алаш мұра­сы мен қазақ әде­биетінің тарихы және тұғырлы тұлғалар туралы еңбектерін жа­­риялағанын айта келіп, ал­ғаш­қы сөзді ҰҒА академигі, Пар­ламент Сенатының депутаты, ака­­демик  Бақытжан Жұмағұлов­қа берді. Қайраткер Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахме­тов секілді қа­тарластарымен XX ғасырдағы қазақ әдебие­тін, ғылымын, руханиятын биік­ке көтерген біртуар азаматтың кісілігі мен тұлғалық қасиетіне тоқталды.

«Серағаң өз буынының кө­шін бастап, қырық жасына жетпей, алғашқы болып докторлығын қор­ғап, құрдастарына жол ашты. Кеңес Одағы Аттеста­ция­лық Ко­миссиясының мүшесі ретінде өзінен кейін қорғаған барлық әріп­тесінің жұмысын Мәскеуден бе­кіт­тіріп, қолдау көрсетті. Мұны бүгін біреу біледі, біреу білмейді... Жаны жомарт, жүрегі кең, кісілігі өте биік осынау қасиетінен Сер­ағаң кеше дүниеден өткенше бір ­елі шегінген жоқ. Ол кісі ұлт ұс­та­зы болды. Міне, жетпіс жыл бойы күллі мектеп оқушылары. институт, университет студенттері Серік Қирабаев жазған оқулықтармен білім алып келеді. Серік ағамыз М.Әуезов институтын басқар­ған жылдары күллі Алаш арыс­тарын ақтап, солардың мұрасын жарыққа шығаруға аянбай атсалысты», деп ғалымның ғибратты ғұмырынан сыр шертті.

Одан кейін Ғылым және жо­ғары білім вице-министрі Тал­ғат Ешенқұлов министр Саясат Нұрбектің хатын оқып берді. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов көр­некті академиктер Серік Қира­баев пен Әлия Бейсенованың өмір жолына ой жіберіп, бір отбасын­да қос академиктің болуы сирек кезде­сетінін және олардың Қа­ныш Сәтбаев құрған Ұлттық ғылым академиясының академиктері еке­нін алға тартып жоғары бағалады.

«Қазір сол Ұлттық ғылым ака­­­­­демиясы қайта қалпына кел­се деп үміттеніп жүрміз. Өйт­кені ол академияның сапасы ғана емес беделі де биік бола­тын. Бүгін халқымыздың ардақ­ты перзенті­нің өзі тұрған үйінде ескерткіш-тақтаның ашылуы – өте құптарлық іс. Өйткені өткенді сыйламасақ, келешек ұр­пақ ұла­ғатты болып өспейді», – десе, Мәжі­ліс депутаты Сауытбек Абдрах­манов биыл Серік Қира­баев шығарған «Қазақ совет әде­биеті» оқулығының алғашқы басылымына тура 70 жыл толып отырғандығын сөз етті.

«Бұл деген таңғаларлық ға­жа­йып оқиға. Серағаң 25 жасында «Қазақ совет әдебиеті» оқу­лығының авторы атанды. Со­дан бері Серік ағамыз жазған оқулықтың ондаған басылымдары жарық көріп, оны миллиондаған қазақ балалары оқыды. Осы жылдар ішінде ол жеткіншектер жиырмасыншы ғасырда жасаған сөз өнерінің асылдығына, құнды­лығына көз жеткізіп қана қойған жоқ, жүз мыңдаған қазақ жастары Қирабаевтың оқулығы ар­қылы әдебиетке ынтығып, сөз өне­рінің қадір-қасиетін біле түсті. Сол ар­қылы талантты жас­­тар әдебиетке толқын-тол­­қын болып келді. Бұл Сер­ағаң­ның ұлт алдындағы ұлы еңбегі. Шын мәнінде, Қирабаев – ұғымға айналған адам. Серағаң әдебиеттануда ғана емес, әдеби сында да өнімді еңбек етті. Ал әдеби сын деген – дұшпан арт­тыруға таптырмайтын жанр. Бі­рақ Серағаңның әділдігі, біліктілігі, білімділігі және біліп айтатын, тіліп айтатын ерекше қасиеті оған жау жинаттырған жоқ. Ол сынаған адамдардың өзі де сынның әділдігін мойындап, одан тағылым түйді. Сөзінің қадірін сақтаған адам өзінің қадірін сақтайды. Серағаң сондай тұлға», – деді белгілі қаламгер.

Ғалымның шәкірті, қоғам қай­раткері, профессор Бейбіт Мамы­раев ұлағатты ұстазы туралы да жылы естелік өрбітті.

Тағылымды іс-шараны түйін­деген Серік Смайылұлының жа­ры, академик Әлия Бейсенова «Се­рағаңа жасаған құрметтің бәрі – халыққа деген құрмет» дей келіп: «Қазақтың барлық саналы азаматы халықтың тағдырын ойлап, елге қызмет жасаған. Осын­да жиналған барлығыңыз да елге қызмет жасап жүрсіздер, істеріңізге береке тілеймін! Ел деген, жұрт деген үлкен ұғым. Елдің қамын ойлаңыздар! Сол жолда жүрген жастар аман болсын!» деп ескерткіш­-тақтаны орнатудың басы-қасында жүрген азаматтар мен жиналған қауымға аналық алғысын жеткізді.

Сондай-ақ іс-шара аясында академиктің рухына дұға бағыш­талып, М.Әуезов атындағы әде­­­биет және өнер институты шы­ғар­ған айтулы ғалымның «Өмір бе­лестері» атты кітабы таныс­ты­рылды.