WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы атанып отырған қазақтың кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлы өзінің келесі кездесуін 12 қарашада АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұлыбританиялық Дензел Бентлимен өткізеді.
Дензел 1995 жылдың 29 қаңтарында Ұлыбританияның астанасы – Лондонда туып-өскен. Кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүргеніне бес жыл болды. Сол аралықта 19 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жетті. 14 қарсыласын есінен тандырды. 2020 жылдың күзіңде ол Марк Хефронмен тең түссе, 2021 жылдың көктемінде Фелика Кэштан ойсырай ұтылды. Бұл жекпе-жек үшінші раундта тоқтатылды. Бентли өзінің соңғы үш бәсекесінде Сэм Эванс, Линус Удофия және Маркус Морриссон сынды танымал былғары қолғап шеберлерінен басым түсті. Оның кәсіпқой бокстан өз елінің екі дүркін чемпионы деген атағы бар.
Орта салмақтылардың рейтингінде 14-орында тұрған Дензел Бентли Жәнібек Әлімханұлы алтын белбеуді иеленген бетте оны жекпе-жекке шақырған еді. Қандасымыз оның бұл ұсынысын қабылдады. Міне, енді қазақтың ұлы әлем чемпионы ретінде өзінің алғашқы жекпе-жегін 12 қарашада өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, 29 жастағы Жәнібек үстіміздегі жылдың 21 мамырында ұлыбританиялық Дэнни Дигнумды екінші раундта ұрып жығып, «уақытша чемпион» атағын иеленген болатын. Тамыз айының аяғында ол WBO-ның толыққұқылы чемпионы атанды. Себебі сол күнге дейін теңдессіз деп танылып келген америкалық Деметриус Андраде өз атағын қорғаудан бас тартып, басқа салмаққа ауысты.