Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алдағы саммитінде АӨСШК-ні халықаралық ұйымға айналдыру мәселесі қаралады. Бұл туралы АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«12-13 қазанда Астана 27 қатысушы елдің мемлекет және үкімет басшыларын қабылдайды. Мұнда олар АӨСШК-тің толыққанды халықаралық өңірлік ұйымға трансформациясын іске қосады. Біз мұндай ерік-жігердің жүзеге асатынына өте қуаныштымыз. Әрине, трансформация қалай жүзеге асырылатыны туралы әртүрлі көзқарастар бар. Кез келген трансформация саммитте жасалатын алғашқы қадамнан басталуы тиіс», деді Қайрат Сарыбай елордада өтіп жатқан «Заңсыз көші-қон мен адам контрабандасының алдын алу үшін құжаттарды қолдан жасаумен күрес» семинары барысында.
Айта кетсек, биыл Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өзінің 30 жылдығын атап өтуде. 1992 жылы Қазақстан бастамашылық еткен АӨСШК қазіргі уақытта 27 мүше мемлекетті біріктіріп, әлемдік ІЖӨ-нің үштен екісін генерациялай отырып, Азия аумағының 90%-дан астамын қамтиды.