Футболдан Ұлттар лигасының үшінші маусымы Қазақстан құрамасы үшін сәтті аяқталды. Айтулы турнирдің алдыңғы екі маусымында ілініп-салынып өнер көрсеткен жерлестеріміз биыл ер кезегі үшке дейін деген ұстанымды басшылыққа алып, Ұлттар лигасындағы басты мақсатына қол жеткізді. Өз тобында бірінші орын алып, «В» лигасына тікелей жолдамаға ие болды. Жыл басында ғана «D» дивизионына түсіп қалудың аз-ақ алдында тұрған ұлттық құрама ұландары арада алты ай өткенде жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады.
«С» дивизионының үшінші тобында Беларусь, Словакия және Әзербайжанмен бірге өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы турға дейін төрт ойында жеңіске жетіп, бір матчта тең нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, мерзімінен бұрын мақсаты орындалған жерлестеріміз жеңіспен басталған турнирді жеңіспен аяқтауға ұмтылған еді. Бірақ бесінші турдағы жеңістің эйфориясы соңғы турдың матчына кері әсерін тигізіп, Ұлттар лигасын былай қойғанда, биылдыққа бірінші рет жеңілістің кермеку дәмін татты. Әзербайжанға сапар шеккен ұлттық құрама өкілдері Бакудегі бәсекеде алаң иелерінен 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Негізі біздің жігіттердің Әзербайжанмен ең құрығанда тең ойнауға толық мүмкіндігі бар еді. Алайда қорғаушы Нұрәлі Әліптің болмайтын жерде қызбалыққа салынып, ойын ережесін өрескел бұзуы ұлттық құраманың ірі жеңілісіне алып келді. Матчтың 30-минутында-ақ «Зениттің» қорғаушысы төреші тарапынан «қызыл қағазбен» жазаланып, бірінші таймда әріптестерін қиын жағдайға қалдырды. «Астана Аренада» Беларусь құрамасымен өткен тарихи матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистер Михаил Габышевтен: «Магомед Адиев тактик бапкер ме, әлде мотиватор ма?» деген сұрақ қойды. Сонда Габышев: «Ол көбіне бізге қажетті сөздерді тауып айтады. Соған қарағанда, мотиватор бапкер сияқты», деп жауап берген еді. Иә, Адиев жігіттердің ойынына өзгеріс әкелген мықты мотиватор бапкер шығар, бірақ енді оған қосымша психолог мамандығын да меңгеруге тура келіп тұр. Өйткені дәл қазіргі уақытта біздің жігіттерге еуропалық мінез, жеңімпаздық рух жетіспейді. Әйтпесе, кешегі ойында ұлттық құрама тең нәтиже көрсетіп, Ұлттар лигасын жоғары нотада аяқтауға тиіс еді. Бір қателіктің салдары бір ойынға ғана кері әсерін тигізсе мейлі ғой, енді Н.Әліп келесі жылы Еуропа чемпионатына жолдама беретін плей-офф матчының алғашқысына қатыса алмайды.
Алайда әр нәрсенің өз қайыры бар емес пе?! Осы жеңілістің өзі бас бапкерге қай бағытта жұмыс істеу керек екенін айқындап берді. Оны Магомед Адиевтің өзі де мойындап отыр.
– Бүгінгі жеңіліс маған ауыр тиді. Бір жағынан осылай болғанына да қуаныштымын. Әрі қарай даму үшін ойланатын және талдау жасайтын дүниелердің бар екеніне көз жеткіздік. Жалпы алғанда, турнир кестесіндегі позициямыз бен жеткен жетістігімізге көңілім толады. Біз үшін бұл – үлкен қадам. Бүгінгі жеңіліс осал тұстарымыздың бар екенін көрсетті, – деді бас бапкер матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Біздің топтағы екінші ойында Словакия өз алаңында Беларусь құрамасын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Ойындағы есепті бірінші болып қонақтар ашқанымен, екінші таймда алаң иелері таразы басын теңестіріп үлгерді.
Осылайша, «С» дивизионының үшінші тобында Қазақстан құрамасы алты ойында 13 ұпай жинап, бірінші орынға табан тіреді. Екінші орынды 10 ұпайы бар Әзербайжан құрамасы иеленсе, ФИФА рейтингінде ТОП-50 құраманың қатарында жүрген Словакия үшінші орынға түсіп қалды. Еншісінде 7 ұпай бар. Ал Беларусь үш ұпаймен соңғы орынға жайғасты. Енді олар «С» дивизионындағы орнын сақтап қалу үшін електі матч өткізеді.