Атырау облысында 4 республикалық, 313 жергілікті маңызға ие тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның жетеуі Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне енген. Бұлар – Махамбет ауданындағы «Сарайшық» тарихи-мемориалдық кешені, Жылыой ауданында орналасқан Ақмешіт және Ұшқан ата қорымы, Құлшан ата жерасты мешіті, Аралтөбе қорғаны, Иманқара кешені, Индер ауданының Қарой жазығындағы Махамбет Өтемісұлының мазары.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметіне сүйенсек, биыл туризм саласына цифрландыруды енгізу мақсатында 6 ескерткішке QR-код орнатылды. Сондай нысандардың қатарында Сарайшық қалашығы, Сарайшық музей қорығы, қазақтың күй анасы атанған Дина Нұрпейісова, әскери ұшқыш, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова, Әнұран авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Жұмекен Нәжімеденов, қиын кезде өңір тұрғындары азық ретінде қолданған құмаршық өсімдігіне қойылған ескерткіш бар. Енді кез келген адам, оның ішінде өңірге саяхаттап келген туристер QR-код арқылы аталған ескерткіштер туралы 5 тілде ақпарат алуына болады. Тіпті ескерткіштердің 3D көрінісін тамашалауға мүмкіндік жасалып отыр. Бұл үшін «Тarihi jol» қосымшасын жүктеу қажет. QR-кодта ескерткіштердің қай жылы орнатылғаны, тарихы туралы толық ақпарат жазылған.
– Екі жыл бұрын Атырау облысында туризм саласындағы инвестиция көлемі 20,5 млрд теңгені құраған еді. Ал былтырғы инвестиция 27,5 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 34,15%-ға артты. Өткен жылы ішкі және кіру туризмі бойынша 46 мың 200 адамға 1 млрд 675 млн теңгенің қызметі көрсетілді. Облыста осы салада қызмет көрсететін 40-тан астам туристік мекеме мен 106 орналастыру орны бар, – дейді Нұрбол Жаңабеков.
Оның айтуынша, 2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес 10,8 млрд теңгенің 9 инвестициялық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Бұл жобаларда 338 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Мәселен, «Сарайшық» визит орталығының құрылысы бюджет есебінен қаржыландырылса, 8 жоба жеке инвестиция есебінен іске асырылып жатыр.
– Кешенді жоспардағы 9 жобаға «Нұрлы тал» этнопаркі, «Keremet park» аттракционы мен белсенді отбасылық демалыс паркі, «Сарайшық» визит-орталығы, «Эльдорадо» демалыс базасы, Индер ауданындағы тұзды көл жағалауындағы шипажай-сауықтыру кешені, Құрманғазы ауданындағы туристік балық аулау базасы мен «Қиғаш» туристік базасын қайта жаңғырту, Исатай ауданындағы «AMANDYQ», Мақат ауданындағы кемпинг кіреді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабаев.
Қазір 4 жоба іске қосылған. Бұлар – «Нұрлы тал» этнопаркі, Құрманғазы ауданындағы екі туристік-демалыс базасы мен Мақат ауданындағы ашылған кемпинг.
Атырау облысы