Өткен дәуірдің дүр дидарын көргіңіз келсе, музейге барыңыз. Шежірелі ғасырдың шекпенін иығына асып, шау тартқан шындықтың мұңын шерткен мұралы мекеме жаныңызды бір серпілтіп тастайды. Сондай бір тағылымды нысан – Сарқан ауданының тарихи музейі. Ауылдың іргесінде орналасқан аяулы шаңыраққа арнайы ат басын бұрып, бабадан жеткен жақұт жәдігерлерді көзбен көріп қайтқан едік.
Сарқан қаласына жасаған сапарымыз сәтті болды. Шағын шаһарды ортаға алған ауыл-аймақтардың жағдайы жаман емес, қысқа қамданған жұрттың тыныс-тіршілігі таңдай қақтырады. Бізді алыстан зәулім ғимаратымен баурап алған Черкас ауылы болды. Төбе үстінде томпиып үлкен ескерткіш тұр. Ежелгі заманмен еншілес мемориал екенін бірден аңғардық. Қателеспеппіз, бұл маңда 1918-1919 жылдары қиян-кескі ұрыс болған екен. Кербаққан кеңес өкіметі тұсында азамат соғысы тарихқа «Черкас қорғанысы» деген атпен енеді. Елді қорғаған азаматтардың құрметіне мемориалдық кешен тұрғызылған.
«Нысан 1973 жылы шілде айының 12 жұлдызында ашылды. Авторы – сәулетшілер Тимур Сүлейменов пен Алмаз Ордабаев. Кешен үш мысырлық пирамидадан тұрады. Биіктігі – 15, 12 және 9 метрді құрайды. Пирамидалар жартылай дөңгелек болып орналасқан, ортасында мәңгілік от лаулап тұр. Естелік нышаны қоршауда болған черкастіктердің ерлігін еске салады», дейді музей меңгерушісі Мұрат Кобдалиев.
Пирамидалар сұр түске боялған. Бұл бояу – жаудан қайтпас қаһармандық пен күрестің белгісі. Қырлы пирамидада қорғаушылардың қару-жарақ нышаны орналастырылған. Олар қиян-кескі ұрыстың 1 жыл 1 ай болғанын мәлімдейді. Ал ирек сызықтар бекіністер мен шептердің ұрыс орнын білдіреді. Пирамиданың ортасында бес жұлдыз орналасқан. Жұлдыздар – күресте ерлікпен қаза тапқан батырлардың жарығы. Шынында «Черкас қорғанысы» партизандардың бас қарауыл төбесі болған. Тізбек төбелердің өзі де бір ескерткіш іспетті. Алдыға қарай жүрсеңіз аталарымыз бар күш-жігерін салып қорғаған үлкен бекеттің үстінен шығасыз.
Жалпы, Сарқан ауданының тарихи музейі Черкас қорғанысының 60 жылдығына орай тұрғызылған екен. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1968 жылғы 1 қаңтардағы шешімімен Азамат соғысы жылдарында әскери кеңес орналасқан ғимаратта ашылған. Кейін Кеңес өкіметі тарағаннан кейін шаңырақ қараусыз қалады. Бертінде, яки 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жөндеуден өтіп, оқырманға есігін қайта ашады. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген музей заманауи сипатқа сай әрленіп, көпшілікті қуанышқа бөлейді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бір үзік сәтінен сыр тартқан сәулелі мекеме осылайша Сарқан ауданының тарихи музейі болып аталады.
Музей экспозициясы 3 залдан тұрады. Алғашқысы – 1917 жылға дейінгі аудан тарихы, одан кейін – Кеңес дәуіріндегі өлке тарихы, соңғысы – тәуелсіздік жылдары. Жалпы, аталған музейде экспозицияға қойылған экспонаттар тарихи оқиғаларға негізделген әрі сол заман кейіпкерлері туралы сыр шертеді.
Бірінші залда Қойлық қаласы туралы мәліметтер жазылған. XI-XII ғасырда Қарлұқ тайпасының астанасы болған. Мұнда қазақ даласы бастан кешкен қасіретті оқиғалар баяндалады. Аңырақай, Орбұлақ шайқасы туралы да мазмұнды ақпараттар бар. Ақ патшаның озбырлық саясатына қарсы 1916 жылы көтеріліс жайында да деректерге жолықтық. Әрі қарай екінші залға өтсеңіз, Жетісу жерінде Кеңес өкіметінің орнауы хақында айтылады. Жетісулықтардың азамат соғыс жылдарындағы жағдайы, Екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі халық шаруашылығының қалпына келу кезеңі қабырғада ілулі тұр. Сарқан ауданынан шыққан елге белгілі тұлғалардың өмір-дерегі қайран қалдырады. Үшінші залда жер жәннаты – Жетісудың экономикалық һәм мәдени өмірі көңілге қуаныш ұялатады.
Біздің бір байқағанымыз, мұражай жұмысы Жетісу өңірінің өткен тарихымен таныстыруға негізделген. Келушілерге арналған тарихи жәдігерлер қойылған үш көрме залы бар. Атап айтсақ, ХХ ғасырдың басындағы Жетісу өлкесінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, М.Тынышбаевқа арналған «Сөнбес жұлдыздар нұры» тұрақты көрмесі, «Черкас қорғанысының» құрылуы және қорғаныс аймағындағы соғыс қимылдары. Көрермендерді Жетісу облысының әкімшілік-аумақтық шекарасы көрсетілген карта, Жетісу уезі бойынша орналасқан өнеркәсіп орындары мен Жетісу мен басқа да облыс тұрғындарының ұлттық құрамы туралы деректер бейжай қалдырмасы анық.
1912 жылы 22 сәуірде шыққан «Правда» газеті мен «Декрет о мире», «Декрет о земле» құжаттары және «Долой» старое Лепсинское правительство! Да здравстует свобода!» деген жазулары бар тудың муляжы келушілердің қызығушылығын тудырады. Ресейдің орталық губерниялары: Чернигов, Полтава, Харьковтан қоныс аударып келген орыстардың ағаштан жасалған үйінің кескіндемесі де қызық. Олардың қыштан жасаған ыдыстары, ыстық шоқпен қыздырып киім үтіктейтін үтігі, «Зингер» іс тігін машинасы, кестелеп тігілген орамалдар қойылған. Сонымен бірге көрме қойылымдарының қатарында сол кезеңдегі құжаттар көшірмесі, суреттер, соғыс қарулары мен 3, 6 дюймдік снарядтар жарықшақтары, оқтардың гильзалары мен сарбаздардың әскери формалары орын алған.
«Мұнда Черкас қорғанысы тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың есімі мен жүріп өткен жолы жазылған. Бұлар сол аумалы-төкпелі заманның төлқұжаты іспетті. Залдағы тағы бір көңіл аударатын нәрсе – «Сөнбес жұлдыздар нұры» қойылымы. Черкас қорғанысы соғыс қимылдарының негізгі бақылау пункті болғандықтан, осы соғыста қаза болғандар мен қатысушыларға арналып «Черкасск жері жүректе мәңгі сақталады» атты мемориалды кешен ашылды. Мемориалды кешен музейден, Батырлар аллеясынан және мемориалдан тұрады», дейді М.Қобдалиев.
Жалпы, музей қоры 2181 экспонаттан тұрады. 1615 негізгі қордан және 656 ғылыми көмекші құралдардан құрылған. Кішкентай ауылда орналасса да үлкен оқиғаны бауырына басқан қасиетті шаңырақ қатпарлы тарихымыздың бір беті. Жыл сайын аудан тұрғындары жиналып, қаза болған батырлардың рухына тағзым етіп тұрады.
Жетісу облысы