• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қыркүйек, 2022

Жер комиссиясынан шыққан шикілік

299 рет
көрсетілді

Өңірлік жер комиссиялары мүшелерінің жең ұшынан жалғасып, шөбі шүйгін шабындықтарды тамыр-таныстарына үлестіру фактілері орын алып отыр. Мәселен, Май және Баянауыл аудандарында кейбір шаруа қожалығы бұрыннан иеленіп келген жер телімдерін конкурстарда жеке азаматтар жеңіп алған.

Жуырда Май ауданындағы Май ауыл­дық округінің тұрғыны, «Береке» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бейсе­ке­нов аудандық жер комиссиясының әділетсіз шешім шығарып, жылдар бойы пайдаланып келген 35,8 гектар жерді өзге бір тұрғынға беріп жібергенін айтып, шағымданып келді. Ауылдық округ аумағына енетін әлгі жер телімін шаруа соңғы 4 жылда мал өсіру үшін мемлекеттен жалға алып келген. 2021 жылдың желтоқсан айында арендалық шарттың мерзімі аяқталуына байланысты аудандық жер қатынастары бөліміне келісімді ұзарту жөнінде өтініш түсірген екен, он­да­ғылар жер заңнамасына өзгерістер ен­гі­зілгенін, енді конкурс өткізілетінін түсіндіріпті. Сөйтіп, жер иесі 9 ай бойы аудандық газеттің әр нөмірін қарап, конкурс хабарламасы қашан шығып қалады деп алаңдаумен болдым дейді.

– Жер телімі №6 лотқа ілікті. Конкурс жария­ланған соң қажетті құжаттардың барлығын тапсырдым. Алайда аудандық комиссия менің ол жерді соңғы 4 жыл қатарынан пайдаланып келгенімді, қо­лымда жеткілікті мал мен техника барын, тіпті үшінші топтағы мүгедек еке­нім­ді ескерместен осы жылдың 7 қыр­күйек күні ауыл тұрғыны Қайрат Же­кеновке беру туралы шешім шыға­рып­ты. Ол аумақты 2017 жылдан бері шабындық үшін пайдаланып келемін. Жыл сайын күзде бірнеше қара малымды сойып, Павлодарға және Семейдің Курчатов қаласына апарып өткіземін. Одан түскен кіріске шаңырағымды асырап отырған жайым бар. Отбасымда мен, анам, зайыбым және кәмелет жасына жетпеген 4 балам бар. Бұл аумақ біздің отбасының күнкөрісі үшін өте қажет. Жер комиссия­сы әділетсіз шешім шығарып, бізді көп жыл пайдаланып келген жайылым мен ша­бындықтан айырып отыр, – деп мұңын шаққан еді Қ.Бейсекенов.

Анықтағанымыздай, конкурс өткен уақыт­та Қайрат Жеке­нов­тің атында шаруашылық болмаған әрі қолында ешбір техника жоқ. Жеке ауласында ұстайтын малы да соншалықты көп емес, өзі «Қазақстан темір жолы» компания­сында жұмыс істейді екен. Сонысына қарамай өтінішінде жерге 45 млн теңге инвестиция салып, 3 жұмыс орнын ашамын деп көрсеткен. Яғни бұл азаматтың ауылшаруашылық жерін қалыпты ұстай­ты­нына күмән мол, ал жер телімін кейін өзге біреуге шабындық немесе жайылым үшін беріп қоймасына ешкім кепіл емес. Аудандық жер комиссиясы мұны қалай­ша ескермеген?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсақ шаруа қожалықтарын қолдау жөніндегі тапсырмаларын аяқасты етіп, конкурста әділетсіз шешім шығарған комиссия мүшелерінің жөнсіз қылығы да әшкере болды. Аудандық комиссияның отырысында Май ауылының әкімі (әрі аталған комиссияның мүшесі) Анара Дүй­сенбаеваның Қ.Жекеновті ашық жақ­тап отырғаны жиын барысынан түсірілген бейнежазбада сақталып қалған. Әрі ол комиссия мүшелерінен ауылдасын қолдауды сұрайды. Бір қызығы, конкурс өткізіп отырғандар, соның ішінде аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Серік Солтанов тап­сы­рыл­ған құжаттарға мән берместен қолын көтерген. Нәтижесінде, 11 мүшенің 9-ы Қ.Жекеновке дауыс беріп, «Береке» шаруа қожалығын бір сәтте жерінен айыра салған.

Кейіннен аталған келеңсіздіктің ізі­мен өңір журналистері шу шығарғаны сол еді, істің насырға шабатынын бірден сезген аудан әкімдігі Қ.Жекеновке өтініп жүріп, шұғыл түрде «жерден бас тартамын» деген қағаз жазғызып алады. Соның негізінде облыстық жер қатынастары басқармасының пәрменімен аудандық комиссия шешімінің күші жойылды. Басқарма басшысы Руслан Дәуітбаевтың сөзіне сүйенсек, шабындыққа қайтадан конкурс өткізіледі. Оған дейін Қайрат Бейсекеновке бос тұрған жердің шөбін шауып, малын жая беруіне рұқсат. Ал аудандық комиссияның қазіргі құрамын өзгертуге ұсыныс жасалып отыр.

Атап өтерлігі, мұндай келеңсіздік өткен тамыз айында Баянауылда да орын алды. Шалғай ауылда талай жыл адал еңбегімен мал өсіріп отырған шаруаның жерін аудан орталығында тұратын, не малы, не техникасы жоқ адамның қолына ұстата салған. Абырой болғанда, қожалық басшысының шағымына қатысты сот әділ шешім шығарып, комиссия шешімі жойылды.

Жалпы, құқық қорғау органдары аудандық жер комиссияларына кімдер мүше болып отырғанын бір тексеріп өтсе, артық болмас еді. Білуімізше, аудан­дардағы мұндай комиссияларға БАҚ өкілдері мен антикор, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мүше емес. Бақылаусыздық салдарынан әлгіндей заңсыз әрекеттерге жол берілді.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов Май ауданындағы мәселені жеке назарына алатынына, арнайы барып қайтатынына уәде берді. Мейрам Олжабайұлының айтуынша, қазір облыс­та жайылымдық және шабындық жерлер жеткілікті. Тек астық және көкөніс-картоп өсіруге бейімделген аудандарда мәселе өткір болып тұр. Павлодар ауданында – 73,8 мың, Тереңкөл ауданында – 51,7 мың, Ақсу қаласының ауылдық аймағында 33,8 мың гектар жайылым жетіспейді. Жалпы саны 38 елді мекен айналасында мал өрістері тарлық етіп отыр.

– Жыл басынан облыста ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерге 26 конкурс өткізіліп, жеке тұрғындар мен шаруа­шылықтарға 255 мың гектар жа­йы­лымдық жер үлестірілді. Тағы 120 мың гектарға конкурстар жыл со­ңына дейін ойнатылмақ. Өңірде қазір 8,3 млн гектар жайылымдық жер тір­кел­се, оның 4,7 млн гектары жеке азаматтар мен ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілерге бекітіліп берілген. Сондай-ақ бос жатқан 1,9 млн гектар жер анықталды, оның 900 мың гектары мал өрісіне жарап тұр. Жайылымдардың жетіспеушілігін шешу мақсатында мем­лекет меншігіне қосымша 71,5 мың гек­­тар жер қайтарылды, – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, облыс бойынша қазір қосымша 175,5 мың гектар мал жайылымы қажет. М.Өтешов бұл мәселені жақын арада шешуге болатынын айтады. Алайда шаруашылықтарда мал басы жыл са­йын өсіп келе жатқанын ескерсек, таяу арада өрістерге қатысты түйткіл одан әрі күрделене түсетіні анық. Сондықтан мә­се­леге басқа қырынан үңіліп, жаңаша ше­шімдер қабылдануы керек. Мысалы, аймақ шаруалары гидропоникалық жолмен мал азығын өсіруге әрекеттенсе, оларды несиелік серіктестіктер қолдауға әзір. Еліміздің оңтүстігінде малды қорада ұстауға, оны барлық қажеттілікпен қам­тып, жемшөпті қолдан өсіруге ерекше ден қойылуда. Осы тәжірибе жуық арада біздің өңірде таралуы мүмкін.

Жыл басында пайдаланылмаған жайылымдардың жалпы ауданы 568,7 мың гектарды құраған. Осы уақытқа дейін мемлекеттік меншікке 181,8 мың гектар қайтарылыпты.

 

Павлодар облысы