1991 жылдан 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 378 979 отбасы, яғни 1 099 039 қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Басым бөлігі Өзбекстан және Қытайдан қоныс аударған. Әлі күнге дейін ұлы көш жалғасуда. Әттеген-айы сол, «елім, жерім» деп келгендер қандас мәртебесін алуда ұзақ уақыт сандалуға мәжбүр.
Ана тілін ұмытуға жақын...
Елімізде шет елдердегі қазақтарды қолдау мақсатында «Отандастар қоры» құрылғаны белгілі. 2018 жылдың қазан айында жұмысын бастаған ұйым шетелдегі қазақтардың білім алуына және тілін сақтап қалуына жағдай жасау, олармен мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-үйлестіру байланыстарын қамтамасыз ету, шетелдегі және отанына көшіп келген қазақ диаспорасына қолдау үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын жандандыру сияқты маңызды миссиялармен айналысып келеді. Негізгі шаруа – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, бүкіл әлем қазақтардың тарихи Отаны төңірегінде бірлестіру. Бұл ретте, шет мемлекеттен елге келемін деген отандастарды қолдаудың кешенді бағдарламасы шеңберінде көшіп келген ағайындарды тұрғын үймен, жұмыспен қамту, оқыту және әлеуметтік тұрғыдан бейімдеу болып отыр.
Жуырда «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы Қоғамдық комиссия отырысы өтті. Жиында қор президенті Абзал Сапарбекұлы 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.
– Ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында азды-кем жұмыс атқарудамыз. Әлі де мәселе көп. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, шетелде 6-7 млн қазақ бар. Оның қатарына соңғы жылдары шетелге қоныс аударған қазақтарды қосуға болады. Мысалы, АҚШ-та 100 мыңға жуық, Түркияда 30 мыңға жуық, ал Еуропада 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Әлемнің 40 мемлекетінде отандастарымыз құрған 200-ден астам ірілі-ұсақы ұйым бар. Жасыратыны жоқ, аянышты сәттер де аз емес. Мәселен, қазір Өзбекстаннан басқа ешбір мемлекетте толыққанды қазақ мектебі жоқ. Моңғолияда биылдан бастап мектептер 2-сыныптан бастап толық моңғол тіліне көшті. Көрші Ресейде ана тілін білмейтін қазақтардың саны 50 пайыздан асты. Басқа ұлт өкілдерімен некеге тұру 25 пайызға жетті. Еуропадағы және Түркиядағы қазақтар ана тілін ұмытуға жақын. Бұл ретте, «Отандастар қоры» қазақ тілін үйрету курстарын өткізуді жалғастырып жатыр. Өзге де бағыттағы жұмыстар да қолға алынған. Бүгінде әлемнің 26 еліндегі 80 қазақ ұлттық мәдени орталығымен ынтымақтастық орнатылған. Десе де, байланыс орнату кезінде күрмеуі шешілмеген мәселелер көп. Тағы бір өзекті проблема – соңғы жылдары білікті жастарымыз шетел асып, нәпақасын бөтен елде айырып жүр. Бір ғана АҚШ-тың өзінде 100-ден астам IT маманы жүр. Осы және өзге де мәселелерді құзырлы органдармен бірлесіп шешу жолдарын қарастырудамыз, – деді Абзал Сапарбекұлы.
Талқыға түскен тұжырымдама
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлегені белгілі. Әзірге жоба қызу талқыланып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың мәліметінше, тәуелсіздіктен бері елімізге қоныс аударған қандастардың басым бөлігі Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында тұрады. Бүгінде Маңғыстау халқының 21 пайызын қандастар құрайды. Алматы облысында 15 пайыз, Түркістан, Жамбыл облыстарында – 10 пайыз. Ал солтүстік өңірлерде қандастардың үлесі жергілікті халыққа қарағанда өте төмен.
– Қазіргі уақытта Enbek.kz интернет-порталына қоныс аударушылар мен қандастарды орналастыру және жайластыру үшін тыныс-тіршілікке арналған қолда бар инфрақұрылымды (мектептер, бақтар, фельдшерлік-акушерлік пункт және т.б.), жұмыс берушілердің бар-жоғын, бос ауыл шаруашылығы жерлерінің, аудан орталығымен, тірек ауыл орталығымен көліктік байланысты көрсете отырып, ақпараттық карта әзірленді.
Жалпы, мемлекет тарапынан қандастарға көмектің 20-дан астам түрі көрсетіледі. Ең бастысы, жеңілдетілген түрде Қазақстан Республикасының азаматтығы беріледі. Соңғы өзгерістерге сәйкес азаматтықты 3 ай мерзімде алуға болады. Биыл 11 мың қандас елге келіп, оның 2 мыңы азаматтық алды (19 пайыз). Әсіресе солтүстік облыстарда азаматтық алу мәселесі баяу жүріп жатыр.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қандастардың көшіп келуіне қатысты саясатты өзгерту тапсырылды. Қазіргі таңда елімізге келген отандастарымызда бірқатар проблема бар. Орналастыру жөніндегі либералдық талаптардың салдарынан қандастар оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде тұрады. Олардың қоғамға бейімделуінің қиындығы және біліктілігінің төмендігі байқалады. Осы кемшіліктерді ескере отырып Жаңа көші-қон саясатының тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат еліміздің экономикалық дамуын кадрлармен қамтамасыз етуді қолдауға бағытталған. Этностық көші-қон саясатын қайта қарастыру қажет. Шетелде тұратын этностық қазақтардың әлеуетін пайдалану және келетін қандастарды реттеу үрдістерін жетілдіру қажет деп санаймыз. Бұл ретте, жоғары деңгейдегі мамандарды немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда әкелуді қалайтын қазақтарға (басқа елдердің азаматтарына) берілетін америкалық Грин картасына ұқсас «Қазақ картасын» енгізу ұсынылып отыр. Олардың тарихи Отанымыздың дамуына қосқан үлестерін жыл сайынғы «Парыз» конкурсы аясында Президент сыйлығымен атап өтуді ұсынамыз, – дейді А.Сарбасов.
Қандастарды солтүстік өңірлерге көшіру мақсатында жаңа тәсілдердің енгізілуіне қарсы болғандар аз емес. Жаңашылдыққа сәйкес, қандас мәртебесі (мемлекеттік қолдаудың барлық шараларымен) солтүстік және орталық өңірлерге қоныс аударатын этностық қазақтарға ғана берілмек. Қандастарға азаматтық алу үшін солтүстік өңірлердің аумағында белгіленген уақыт шегінде міндетті тұру (1 жыл) жөнінде талап қарастырылады. Бұл жаңашылдыққа қарсы пікір айтқан азаматтардың айтуынша, «қандас» деген мәртебені адам құқығын таптап бұлай үлестіруге болмайды. Әзірге тұжырымдама талқыланып жатқандықтан, қоғамның пікірі ескеріліп, кім-кімге де болмасын тиімді жоба жүзеге асады деген сенім мол.