Еліміз қазір жаңаша бағытта Әділетті Қазақстан құру жолындағы әлеуметтік-саяси реформаларды қолға алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамалары халықтың қолдауына ие болды. Жыл басындағы Конституциямызға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президенттің жеті жылға және бір мерзімге сайлануы туралы өзгерістері де ой салды. Алдағы уақытта, атап айтқанда, 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауы – осы үлкен өзгерістердің заңды жалғасы.
Қоғамды демократияландыруға бағытталған ауқымды іс-шаралардың ықпалын қазақстандықтар қазірдің өзінде айқын аңғарып отыр. Саяси партияларды тіркеудің оңтайлануы, партиялық тізіммен қоса мажоритарлық негізде жекелеген адамдардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі, сайлаудың әділетті өтуі сананы серпілтетін басты қадам болса керек.
Қоғамдағы «Президент сайлауына дайындыққа аз уақыт беріліп отыр. Саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жолға қойып үлгермейді» деген сыни пікірлер негізді дей алмаймыз. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, екі ай бұл науқан үшін жеткілікті кезең екенін көреміз. Қазірдің өзінде жаңа партиялардың тіркелуіне, өз кандидаттарын таңдауына жағдай туғызылды. Үміткерлердің қатарында жеке тұлғалар да баршылық.
Президент сайлауына байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына үндеу жариялап, жағдайды толықтай түсіндіріп берді. Кезектен тыс сайлау – жекелеген топтың немесе адамның мүддесі үшін емес, еліміздегі басталған оң өзгерістер мен Әділетті Қазақстанды құру үшін аса қажетті шешім деуіміз де сондықтан. Ендеше, еліміздің жарқын болашағы үшін осы бастамаларға қолдау көрсетіп, реформалардың жүйелі жүзеге асуына үлесімізді қосайық.
Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,
Сенат депутаты