«Түркістан – еліміздегі ең басты туристік орталықтың бірі. Осы аймаққа келіп жатқан көптеген меймандар – соның айқын көрінісі. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келді», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Осылайша, халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Әрине, өңірді дамытуға мемлекет барынша күш салады. Түйткілдер әлі аз емес, әсіресе, әлеуметтік салада мәселелер бар, дегенмен, ең бастысы – жергілікті жұрттың ынта-жігері.
«Оңтүстік тұрғындары – еңбекқор халық. Сіздерде ауызбіршілік, әр істің көзін таба білетін іскерлік сияқты жақсы қасиеттің бәрі бар. Осында бау-бақшасын баптап, төрт түлігін өсіріп, берекелі өмір сүріп жатқан азаматтар аз емес», деді Қ.Тоқаев.