• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2010

ШАНХАЙДАН БАСТАУ АЛҒАН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАШКЕНТ БАСҚОСУЫНДА ТАҒЫ ДА ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫҒА САЛЫНДЫ

586 рет
көрсетілді

Мамырдың 22-де Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің отырысы болып, оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысты. ШЫҰ-ның қазіргі төрағасы Өзбекстанның бас қаласы Таш­кент­тегі отырыста өзекті деген ай­мақтық және жаһандық проб­ле­малар талқыға салынды. Олардың қатарында лаңкестікке, сепаратизм мен экстремизмге, есірткінің заң­сыз айналымы мен ұйымдасқан трансұлттық қылмыстарға қарсы бірлесіп әрекет етуде өзара іс-қи­мылдарды кеңейту ниеті қуатталып, Ауғанстандағы тұрақсыздық пен Қырғызстанның ахуалы сынды қадау-қадау мәселелер алға шықты. Егер байыбына жете үңілсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Еуразия құрлығының басым бөлігін алып жатқан, халқының саны жа­ғынан да әлем бойынша алға шы­ғатын, байтақ кеңістікті қамтыған елдердің басын біріктіретін үлкен ұйым болып табылады. Сондықтан да мұнда көтерілген мәселелерді тек аймақтық тұрғыдан қарас­ты­рудың өзі шең­берді тарылтатыны мәлім. Әйт­кенмен, мұхиттың арғы жа­ғындағы елдерден гөрі, аймақта жақын жат­қан жұрттардың бір-бі­рінің тынысын сезінуі, соған бейім­деле әбжіл қимыл танытуының маңызында шек жоқ. Міне, осы қарекет қапталдас жатқан ел – Қыр­ғызстанда саяси тұрақсыздық орын алғанда көрінген. Отырыста Қырғыз Респуб­ли­касының  ШЫҰ-дағы ұлттық үйлестірушісі Талант Мәкеев елдегі экономикалық жағдайды түзеудің сырттың көмегінсіз алға жылжуы мүлдем мүмкін еместігін назарға салып, оған ұйымға мүше елдер та­рапынан қаржылық көмек сұраған. Тіпті қажетті соманың көлемі де ай­тылған. Ол 250 млн. АҚШ дол­лары мөлшерінде. Алқалы жиында кеңескен әріптестер Қырғызстан­да­ғы жағдай бойынша қақтығыс­тар­дың алдын алу мен олардың түйінін шешуде тиімді халықаралық тетіктердің қажеттілігіне тоқтады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қырғызстандағы істің жағдайына алаңдаушылық білдіре келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз жауапкершілігінің аясында осын­дай жағдайларды реттеу үшін сая­си-дипломатиялық тетіктерді бел­сен­дірек қолдануы керек екенін атап көрсетті және бұл орайда ШЫҰ-ның басқа халықаралық құрылымдармен тығызырақ қарым-қатынас жасауы керектігіне мән берді. ШЫҰ өзіне мүше елдердің Бішкекке бірлескен гуманитарлық көмегін ұйымдас­ты­ру­ға бастамашы бола алады. Кө­мек­тің тек екіжақты негізде көр­се­ті­луіне орай, оның жа­са­лу тетіктері мен заңдылық не­гіздемелері бой­ын­ша консультация өткізу үшін тө­тенше жағдайлар министрліктері сарапшыларының кездесуін өткізу­ді ұсынамыз, – деді Қанат Сау­да­баев. Және Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың шешімі­мен бауырлас қырғыз елін­дегі күрделі әлеуметтік-экономи­ка­лық жағ­дайды ескере келіп, екі ел­дің мем­лекеттік шекарасында қой­ыл­ған шектеудің алынып тастал­ға­нын жеткізді. Ал ұйымға жаңа мү­шелер қабылдау қажеттігі туғанда, же­келеген елдердің екіжақты проб­лемалары Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясындағы өзара іс-қимылдарға ешқандай әсер етпеуі керектігі мәселесін нақты шешіп алудың маңызына да тоқталып өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті бір-бірімен бәсеке құрылымдар деп қарастырудың реті жоқ. Екі ұйым бірін-бірі толықтырады. Сондықтан да оған қатысушы барлық мемле­кет­тердің ортақ мүддесі үшін ШЫҰ АӨСШК форумының ала­ңын белсендірек пайдаланғаны бә­рімізге де қолайлы болар еді. Сон­дай-ақ ШЫҰ, аймақтық және ха­лықаралық құрылымның маңызды факторы ретінде, көпжақты бір­лес­тіктің серіктестік желісіндегі өз рөлін арттыруы қажет. Бұған қоса 1,5 млрд. халқы бар 57 мемлекет құ­рамына енген Ислам Конферен­ция­сы Ұйымымен ынтымақтас­тық­ты кеңейту мәселесін де біздің сырт­қы саясат ведомствосы басшы­сының айтқанын да қаперге сала кеткен жөн. Біздің еліміз деді осы орайда Қанат Бекмырзаұлы, Ташкент саммитінен кейін ЕҚЫҰ мен ШЫҰ-ның екеуіне де төраға­лық қызметін атқарады. Сол се­беп­тен ШЫҰ-ның мақсат-міндеттерін кеңінен мәлім ету мүмкіндігі туады. Соңынан, яғни кеңес мәжі­лі­сі­нің қорытындысы бойынша тара­тыл­ған ақпараттық хабарламада ми­нистрлердің ұйымға жаңа мүше­лерді қабылдаудың реті туралы ереженің жобасын мақұлдағаны айтылды. Ол маусымның 10-11-інде Ташкентте өтетін ШЫҰ елдері Мемлекет басшылары кеңесінің мәжілісінде бекітіледі деп күтілуде және бұл құжат ұйымның көк­жиегін кеңейтуге жол ашпақ. Кездесуден кейін өткен бри­финг­те Өзбекстан Сыртқы істер министрі Владимир Норов Таш­кенттегі ШЫҰ саммитінде бұл құ­жат­тың бекітілуі ШЫҰ хартия­сы­ның қағидаларын ұстануды мін­дет­теріне алатын өзге мемлекет­тердің қатарға қосылуының есе­бінен ұйым­ның құрамын кеңейту үшін нор­мативтік-құқықтық база жасау үдерісіне бастама болатынын атап көрсетті. Сондай ақ, Владимир Норов Ауғанстандағы күрделі жағ­дайға алаңдаушылық білдірілгенін жет­кізіп, осыған байланысты ШЫҰ-ға мүше елдер ауған проб­ле­ма­сын тек әскери жолмен шешу мүм­кін емес деп санайтынын және келіссөз үдерісі ауғандықтардың қатысуымен бейбіт және тұрақты мемлекет ретінде қалыптасуға негізделген Ауғанстанның мүддесін негізге ала отырып БҰҰ аясында жүр­гізілуі дұрыс болатынын біл­дірді. ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лықтың ұйымға мүше әрбір елдің, оның ішінде Қырғыз Рес­пуб­ликасының да қауіп­сіздігі­мен және тұрақтылығымен байла­ныс­ты екенін атап көрсеткен Сырт­қы істер ми­нистрі ШЫҰ бой­ынша серіктестер тәуелсіздік, еге­мендік, аумақтық тұтастық қағи­да­ларын ұстана отырып, респуб­ли­ка­ға қажетті көмек пен қолдау көр­се­туге әзір екендігін көлденең тартты. Қанат Бекмырзаұлы өз сөзінде бірнеше күн ғана бұрын Ауған­станда болғанын, ондағылардың да мәселені әскери жолмен, қолға қару алып шешу мүмкін емес деген түйінге ойысатынын алға тартып, ауған жерінде тұрақтылық тетік­те­рін ендіруге бастайды деген бір­қа­тар ойларымен бөлісті. ШЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты мәселемен айналысуда жүйеліліктің кемшін түскендігін алға тарқан ол “ШЫҰ–Ауғанстан” түйісу тобы жұмы­сы­ның тоқтап тұрғанын айтты. Сол се­бептен “ШЫҰ–Ауғанстан” түйі­су тобының жұмысын жандандыру, Ауғанстан мәселесі бойынша Мәс­кеуде өткен халықаралық кон­фе­ренцияда қабылданған құжаттар­дың нақты орындалуын жүзеге асы­ру және тағы басқа бірқатар жұмыстарды қолға алудың маңызды екенін атады. Мәжіліс барысында ШЫҰ елдері министрлері Ауғанстандағы жағдайды реттеу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін үйлестірудегі БҰҰ-ның жетекшілік рөлін қуаттады. Отырыс аяқталған соң Өз­бек­стан Президенті Ислам Каримов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы саясат ведом­ство­ларының басшыларын қабыл­дады. Бас қосу барысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік хатшысы  – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­да­баев өз әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.