• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Қыркүйек, 2022

Кәсіпкерліктің көсегесін көгертетін жоба

300 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, 2021 жылы ұлттық жоба аясында 48,8 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді, қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға грант берілді. Бұған қоса 33,4 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды және 169 мыңнан аса ШОБ субъектілері бизнес ашу және оны жүргізу бойынша консультациялық қызметтер алды.

Жыл қорытындысы бойынша ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыру нәтижесінде 320 мың жаңа жұмыс орны құрылды (жоспар – 196 мың), 814 мың адамды жұмысқа орналастыруға көмек көрсетілді (жоспар – 700 мың). Сонымен қатар табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен нашар ауыл халқының үлесі төмендеді, ШОБ-тың ІЖӨ-ге үлесі өсті, ал экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесі 14,5%-ға дейін төмендеді.

Сондай-ақ осы мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шағын бизнесті сапалы дамытуға және орта бизнесті нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

«Басты мақсат – халықты жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне бірдей, тең жағдай жасау. Бұл үшін мемлекет бизнесті жүргізудің ашық және түсінікті ережелерін қабылдап отыр», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар ол Үкіметтің «Ата­мекен» палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеу саясатын енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқанын еске салды. Атап айтқанда, адами факторлардың әсерін барынша азайту үшін мемлекеттік бақылауда тәуе­келдерді басқару және бағалау жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда.

«Реформаны «таза парақтан бастап» жүзеге асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасайды», деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5%-ға жетті. Кәсіпкерлік субъек­ті­лері­нің саны 1,4 млн бірлікті, ал ша­ғын және орта бизнесте жұмыспен қамтыл­ған­дар­дың жалпы саны 3,5 млн адамды құрап отыр.

«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында осы бағыттағы сапалы өзгерістерге қол жеткізу. Ұлттық жобаны іске асыру 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға, 1 млн-ға жуық жұмыс орнын құруға және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беруі тиіс», деді Ә.Смайылов.

Ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сапалы және уақтылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Премьер-Министр бизнеске арналған қарсы міндеттемелерді ескере отырып, ұлттық жобаның барлық бағыты бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды.

«Кәсіпкерлерден жаңа жұмыс орын­дарының ашылуын, тұрақты жалақының, зейнетақы жарналары мен салықтардың уақытымен төленуін, шығарылатын өнім түрлерінің көбеюін күтеміз», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар әкімдіктерге кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қол­дау көрсету тапсырылды. Атап айтқанда, электрмен, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жол салу мәселелері бойынша жедел шешім қабылдау керек. Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» палатасына бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ бизнеске арналған міндетті талаптарды, оның ішінде жаңадан енгізілетін талаптарды да қайта қарау тапсырылды.

«Мемлекет бизнестің тұрақты және табысты қызметіне мүдделі. Кәсіпкерлер осыны нақты сезінуі керек», деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.

Үкімет отырысында егін жинау нау­қа­нының алдын ала қорытындылары қа­ралды. Осы жайында баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 млн гектарды, оның ішінде астық жинау алаңы 16,1 млн гектарды құрады.

«Осы жылы қолайлы жағдайлар егін жинау науқанының көп бөлігін үзіліссіз өткізуге мүмкіндік берді, нәтижесінде бүгінде республика бойынша барлығы 15,4 млн гектар дәнді және дәнді-бұр­шақ­ты дақылдар немесе жалпы егін жинау алаңының 96,3%-ы жиналды», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Орташа түсімділік гектарына 13 центнерден айналуда. Қазіргі күнге 20,1 млн тонна астық бастырылды. Е.Қарашөкеев 2021 жылы орташа түсімділік гектарына 9,8 центнер шамасында 14,9 млн тонна астық бастырылғанын немесе мұның биылмен салыстырғанда 25,9%-ға аз болғанын атап өтті. Ақтөбе, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында дәнді дақылдарды жинау толығымен аяқталды.

Егер дақылдар, оның ішінде әлеу­меттік маңызы бар дақылдар бөлінісінде қарайтын болсақ, онда жиналатын бидай алаңы 12,9 млн гектарды құрайды, оның 12,6 млн гектары немесе 98,1%-ы жиналды, түсімділігі гектарына 12,4 центнер шамасында 15,5 млн тонна бастырылды. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында бидай жинау аяқталды. Қалған облыстарда аяқталуға жақын.

Майлы дақылдарды жинау 1,4 млн га алқапта немесе егін жинау алаңының 40%-ын­да жүргізілді. Майлы дақылдардың жал­пы жиналымы гектарына 7,3 цент­нер орташа түсімділікпен 1 млн тоннаны құрайды. Картоп 164,5 мың гектар алқаптан жиналды немесе жоспарланған алаңның 83,3%-ы, жалпы жинау гектарына 198,2 центнер түсімділікпен 3,2 млн тоннаны құрады. Көкөніс дақылдары 149,6 мың гектар алқаптан жиналды немесе жоспарланған алаңның 87,7%-ы. Жалпы, жиын-терім гектарына 280,5 центнер түсімділікпен 4,2 млн тоннаны құрады.

«Әлеуметтік маңызы бар дақыл­дардың болжамды жалпы жиналымы республиканың ішкі қажеттілігін қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді. Осы жыл­дың қолайлы жағдайлары егіннің сапа­сына оң әсер етті», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа түсімнен барлығы 4,2 млн тонна астық түсті, бұл 2021 жылғы ұқсас күнге астық қабылдау кәсіп­орындарына келіп түскен астық көлемі­нен 2,2 есе көп. Мәселен, биыл 26 қыр­күйектегі жағдай бойынша элеватор­ларға 3,4 млн тонна бидай; 564,8 мың тонна арпа; 178,6 мың тонна басқа дақыл­дар келіп түсті. Бұл деректер егін жинау науқанының өткен жылмен салыс­тыр­ғанда озық қарқынмен өтіп жатқанын растайды.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Жаңа егіннің астығы жоғары сапалы көрсеткіштермен сипатталатыны да назар аудартады. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған бидайдың жалпы көлемінің 85,8%-ы 1-3-сыныптарға жатқызылған.

Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүр­гізу үшін ауыл шаруашылығы құрылым­дарына 423,5 мың тонна жеңіл­детілген дизель отыны бөлінді, бұл 2021 жылғы деңгейден 27 мың тоннаға көп. Қазіргі уақытта 359,2 мың тонна немесе жоспардың 85%-ы тиеп-жөнелтілді. Об­лыстардың деректері бойынша жа­нар-жағармай жеткізуде проблемалар бай­қалмайды.

Энергетика министрлігі қыркүйек айы­на хаттамамен мұнай өңдеу зауыт­та­рынан орташа нарықтық бағаны тон­насына – 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге деп бекітті. Опе­ра­тор­лардың шығыстарын ескере отырып, ауыл­шар­уа­шылық тауарын өндірушілер үшін рес­­­публика бойынша орташа баға литріне 203 теңгені құрайды.

Осы маусымда Азық-түлік келісім­шарт корпорациясы форвардтық келісім­шарттар шеңберінде шамамен 1,1 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алуды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте Азық-түлік келісімшарт кор­порациясы сатып алу бағасын белгілеп қойды, осылайша 3-сыныпты бидай сапасына қарай 121-125 мың теңге бағамен сатып алынады. Бұрын форвардтық шарттар жасалған басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына бағалар белгіленген. Белгіленген сатып алу бағалары нарықтың барлық қатысушысы үшін, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздері үшін әділ екенін айта кету керек.

2022 жылғы 26 қыркүйектегі дерекке сәйкес, шарттар бойынша қайтарылған астық небәрі 12,3%-ды (139,8 мың тонна) құрап отыр. Осыған байланысты облыстардың әкімдіктері биыл 1 қара­шаға дейін шарттар бойынша астықты қайтаруды жеделдетуі қажет.

Ақмола облысында астық және бұршақ дәнді дақылдарды жинау аяқта­луға жақын. Бұл туралы өңір әкімі Ер­мек Маржықпаев өз баяндамасында мәлімдеді. «Астық бастыру 4,4 млн гектарда немесе 96% алқапта жүргізілді. Гек­тарынан 11,3 центнер орташа түсіммен 5 млн тонна астық жиналды. Осы аптаның соңына дейін астық жинау аяқталады», деді Ақмола облысының басшысы.

Қостанай облысында егін жинау науқанының барысы туралы өңір әкімі Архимед Мұхамбетов баяндады. Облыста қолайлы күн райы жағдайларының, ауыл шаруашылығы құралымдарының техникалық жарақтандырылуының және мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде дән­ді дақылдарды жинау аяқталып қал­ды. Қазіргі уақытта 3 млн 881 мың гектар бо­латын жалпы алаңның 98,1%-ы жиналды. 4,6 млн тонна астық бастырылды, орташа өнімділік әр гектардан 11,9 центнерден айналды. Дәнді дақылдарды жинау аяқталғаннан кейін егін жинау техникасы майлы дақылдарды жинауға бағытталады. Бүгінде 297 мың гектардың майлы дақылдары немесе 40%-ы жиналды, 166,3 мың тонна бастырылды, орташа өнімділік гектарына 5,6 центнерден айналып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 4,4 млн гектар алқапқа егін себілді. Қазір дәнді және дәнді-бұршақты дақылдың 98%-ы орылды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 4,6 млн тонна астық бастырылды, орташа өнімділігі – гектарына 15 центнер. Майлы дақылдың 561 мың гектары немесе 58,5%-ы жиналды, жалпы түсім – 425 мың тонна. Картоптың жалпы түсімі – 291 мың тонна, көкөністікі – 61 мың тонна. Әкімнің айтуынша, облыста 6,6 млн тонна астық сақтайтын қоймалар бар, ол жиналған өнімді сапалы сақтауды толық қамтамасыз етеді. Астық қабылдайтын кәсіпорындарға 1,1 млн тонна астық түсті, оның 80%-дан астамы – 3-класс.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министрдің айтуынша, егін орағы аяқталып қалды. Түсім орташа жылдық көрсеткіштен және жоспардағыдан жоғары болады деп күтілуде. Жоспар 18 млн тоннадан астам астық жинау болатын.

«Ендігі міндет – өнімнің сапасын төмендетпей, дұрыс сақтау. Сонымен қатар ішкі сұранысқа және экспортқа қажет­ті астық көлемін нақты бөліп қою керек. Биыл да Қазақстан өзін астық­пен толықтай қамтамасыз етті», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр өнімділіктің оң динамикасын атап өтті: өткен жылы орта есеппен гектарына 9,8 центнер өнім жиналса, биыл 13 центнерді құрап отыр, яғни былтырғыдан 30%-ға жоғары.

«Бұл да болса – диқандарымыздың тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы іске атсалысқан ауыл еңбеккерлерін мол өнім жинауымен құттықтап, қажырлы еңбек­тері үшін алғыс айтамыз», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр астық жинау жұ­мыс­тарын тез арада толықтай аяқтап, астықтың сапалы сақталуын қамтамасыз етуді және оны үздіксіз тасымалдау бо­йынша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Өңір әкімдері өнімнің астық қойма­ларына уақтылы қабылдануын тұрақты бақылауда ұстасын. Келесі жылға қажетті астық тұқымын толығымен қамтамасыз ету керек», деп түйіндеді Ә.Смайылов.фс