• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қыркүйек, 2022

Қостанайда көп тұрақтамайды

272 рет
көрсетілді

Шекараның арғы бетінен ағылып келіп жатқан жастар нөпірінің 80 па­йызы өңірде көп тұрақтамайды. Ресейдегі ішінара мобилизациядан бас сауғалағандардың дені Қостанай арқылы Астана мен Алматыға өтіп, одан әрі мүмкіндігінше Әзербайжан, Түркия сияқты шет елдерге кеткісі келеді. Жергілікті көші-қон полициясының мәліметінше, 25 қыркүйектегі жағдай бойынша, облыс аумағына 10 мың 329 адам кірген. Шекарадағы жолаушылар ағыны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен.

Облыстық көші-қон қызметі бас­қар­ма­сының басшысы, полиция пол­ковнигі Қайрат Дүтпаевтың айтуын­ша, сырттан келгендердің қайда ба­­рып, қайда тұрақтап жатқанын құзырлы органдар қатаң бақылап отыр. Өңірге келіп жатқан Ресей азамат­тарының құжаттары да заң талаптарына сай. Бүгінге дейін олардың ешбірі не әкімшілік, не қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

– Ресейден келіп жатқандардың 80-90 пайызы – өкпек жолаушылар. Көбі Қостанайға көп аялдамай, үлкен қалаларға өтіп кетіп жатыр. Сондықтан біз бұл жерден алаңдайтындай үлкен бір мәселе көріп тұрған жоқпыз. Қазірше сырттан келгендердің ешқайсы өңірде уақытша тұруға рұқсат беретін ықтиярхат аламын деп арыз берген жоқ. Бұл құжатты бірнеше күннің ішінде алу мүмкін емес. Ықтиярхат алу үшін сол азаматтың бұрын-соңды сотталмағаны туралы анық­тама қажет. Бұл анықтаманың элек­тронды нұсқасы жарамайды. Бізге Ресей Федерациясының гербті мөрі басылған қағаз түріндегі анықтама керек. Мұның сыртында, бейрезиденттің ЖСН-і, медициналық комиссияның қоры­тындысы, тағы да басқа бірқатар құжат әкеп тапсыруға тиіс, – деді көші-қон басқармасының басшысы.

Облыстық ПД көші-қон қызметі бөлімінің басшысы Гүлжанат Күдебае­ва­ның айтуынша, Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа мүше елдердің азаматтарын тіркеуге қою міндеті қабылдаушы тарапқа жүктелген. Яғни қонақүй, хостелдердің иелері, сондай-ақ пәтерін жалға беріп отырған жеке азаматтар үш тәуліктің ішінде полицияға eQonaq қосымшасы арқылы немесе жазбаша түрде өз иелігіндегі мекенжайға шетелдік азамат келіп орналасқаны туралы хабар жіберуі міндет. Бұлай болмаған жағдайда, қабылдаушы тарап әкімшілік жауапқа тартылады.

Қостанайдағы халыққа қызмет көр­сету орталығы директорының орынба­сары Шыңғыс Әшірбековтің сөзінше, «Азаматтарға арналған үкіметке» жүгін­ген шетелдіктердің 99 пайызы ЖСН ресім­детіп жатыр.

– Бір күнде шамамен 300 адамды қа­был­­даймыз. Жергілікті тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұрып қалмау үшін ре­сей­­лік азаматтарды Гашек көшесіндегі «Азаматтарға арналған үкімет» орталы­ғын­да жеке қабылдап жатырмыз, – деді Ш.Әшірбеков.

 

Қостанай облысы