Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумының пленарлық отырысында ІТ салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жоғары білікті ІТ мамандарын дайындау үшін бейінді университеттер өңірлік жоғарғы оқу орындарын өз қамқорлығына алды, грант арқылы оқыту кеңейіп, 12 жеке меншік IT-мектеп ашылды. Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарым аясында «Digital Nomads» IT-қауымдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті», деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басышы жастар қай жерде жұмыс істесе де, Үкімет оларға қолдау көрсетуі керек екенін қадап айтты.
«Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.