• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қыркүйек, 2022

Талдықорғанның төл мерекесі

194 рет
көрсетілді

Жетісулықтар үшін әсем шаһардың меншікті мерекесін атап өту әдетке айналған. Биыл да тотыдай түрленген Талдықорғанның туған күнін жұртшылық қуанышты көңіл күймен қарсы алды. Аталған мерекеге орай BARS TECHNOLODGIES кірпіш зауыты ашылды.

Қала күні қарсаңында өңірдің әл-ауқатын арттыратын құрылыс материалдарын шығаратын зауыт­тың жұмысы іске қосылды. Мұн­дағы жұмысшының барлығы – жер­гілікті азаматтар. Зауыт шы­ғара­тын газблок – өңірге аса қажет құ­ры­лыс материалы. Енді тұр­ғын­дар баяғыдай алысқа сабылып жүрмейді.

«Біздің үшжылдық жоспа­ры­мызға сәйкес, қала бойынша миллион шаршы метрден астам құ­рылыс жоспарланып отыр. Сонымен қатар бұл өнімді басқа да облысқа ұсынысқа бере аламыз. Осын­дай игі істі бастап, туған жерге туын тігіп жатқан жандарға риза­шылығымыз шексіз», деді қала әкімі Әсет Дүйсебекұлы.

Газблок кірпіштерін өндіретін қаладағы алғашқы кәсіпорында қазір 35 адам жұмыс істеуде. Зауыт бас­шылығы болашақта қызмет­керлер санын 150-ге жеткізуді жос­парлап отыр. Мұнда тәулігіне 100 текше метр кірпіш шығарылады. Зауыт өнімі отандық және Ресей технологиясымен дайындалады. Жеке кәсіпорынға мемлекет тарапынан жер учаскесі, инженерлік желілер бөліп, өндірісті жедел газдандыруға көмек көрсетілді.

«Зауытта кірпіштердің барлық түрін шығарамыз. Жұмысшыларға күніне екі уақыт тамақ, жұмыс киімі беріледі. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 200-300 мың теңге. Осындай зауытты ашуға көмектескен облыс, қала басшысына алғысымыз шексіз. Біз мұ­нымен шектеліп қалмаймыз, зауыт өнім­деріне сұраныс көбейген сайы­н, жергілікті жұмысшы­лар­дың санын арттырамыз», деді зауыт директоры Ирина Хан.

Қазірдің өзінде зауыт өніміне сұраныс көп. Өңірдегі құрылыс компаниялары зауыт өніміне тапсырыс беріп жатыр екен.

Зауыттың ашылуынан кейін көпшілік Оқушылар сарайын­да өткен «Балдәурен» шығар­машылық балалар фестиваліне барды. Іс-шарада 250-ден астам балдырған әуелетіп ән салып, мың бұралып би билеп, қолөнер шеберлігін көрсетті. «Балдәурен» фестивалінің соңында балаларға сыйлықтар таратылды. Қала күніне орай жергілікті аспаздар арнайы «Талдықорған» деген торт әзірлепті. Тортты қала әкімі кесіп, жұршылықты қала күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Қала басшысы «Жастар» саябағы мен спорт сарайының жа­нына қойылған көрмені арала­ды. Мұнда өндірістік кәсіпорын­дардың тауарлары, «Kia» «JAK», «HavaI», «Hyundai», «Lada» маркалы автокөліктері, қолөнер шебер­лерінің бұйымдары мен фото­грофтардың туындылары орна­ласқан. Әр ауданнан келген ұжым өз өнімдерін таныстырды.

Осыдан кейін футбол фести­валі өтті. Оған 7-8 сынып оқушы­лары арасында 25 команда қа­тысты. Балғын спортшылардың фестивалін тамашалауға барған қала әкімі оқушыларға доп таратып, жылы лебізін білдірді.

Қала күніне арналған дүбірлі думан «Жастар» саябағында өткен мерекелік концертпен жалғасты. Іс-шара барысында шаһар басшысы Әсет Масабаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, қаланың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың директоры Анарбек Монғолға, Мүге­дек­терге арналған облыстық маман­дандырылған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Ерболат Иманқұловқа, «Айсұлу» тігін фабри­касының атқарушы директоры Жарылқасын Болатұлына, «Lider.kz» еріктілер ұйымының жетек­шісі Матвей Шведиге «Тал­ды­қорған қаласының құр­метті азаматы» атағын тапсырды.

 

ТАЛДЫҚОРҒАН