Орталық сайлау комиссиясы басшылығы Президент сайлауы аясында республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері үшін оқыту курсын өткізді.
Электоралдық оқыту орталығының базасында республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 60-тан астам өкілі «Қазақстан Республикасындағы сайлау процесі: теория және практика» тақырыбындағы оқыту курсына қатысты. Ортсайлауком тарапынан спикерлер ретінде ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров, Ортсайлауком мүшелері Сәбила Мұстафина, Анастасия Щегорцова, Асылбек Смағұлов, сондай-ақ аппарат қызметкерлері таңдалып, сайлауға қатысты тәжірибелерімен бөлісті.
Оқыту курсы БАҚ өкілдеріне Президент сайлауын өткізудің ерекшеліктерін, ағымдағы электоралды науқанның негізгі кезеңдерін, БАҚ-тың президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт пен сайлауды ақпараттық қамтамасыз етудегі рөлін, электоралдық науқан кезеңіндегі фактчекингтің рөлін, сайлау процесіндегі журналистердің құқықтары мен міндеттерін, сайлауды ақпараттық жария етудің халықаралық стандарттары мен қағидаттарын түсіндіруге бағытталған.
Семинарда қатысушылар сайлау процесіне қатысушыларды оқыту, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, Президент сайлауын мемлекет тарапынан және мемлекеттік емес көздерден қаржыландыру, сайлау заңнамасын бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілік мәселелерімен және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға енгізілетін жаңашылдықтармен танысты.
Электоралдық оқыту жөніндегі жоспарға сәйкес, бұл 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы кезеңінде жоспарланған сайлау процесіне қатысушылар үшін Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын 10 семинардың бірі. Бұған дейін 21-23 қыркүйекте еліміздің барлық өңірінен келген жастар ұйымының өкілдері үшін семинар өткізілген болатын. ОСК келесі семинарды осы жылдың 5-7 қазан аралығында Қазақстан Республикасында тіркелген саяси партиялардың өкілдеріне арнап өткізуді жоспарлап отыр.