• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Қыркүйек, 2022

22 нәрестенің өмірін сақтап қалды

155 рет
көрсетілді

Samruk-Kazyna Trust қорының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Басқарылатын гипотермия» жобасының алғашқы нәтижелері жария­ланды. 2021 жылдың мамыр айынан бастап 2022 жылдың қыркүйек айына дейін автоматты гипотермия жабдықтары арқылы 22 жаңа туған нәресте құтқарылып отыр.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қазіргі заманғы гипотермия аппараттары мен энцефалография мониторларын Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларындағы бес облыстық перинаталдық орталық және Шымкент қаласының қалалық пе­ри­наталдық орталығы алды. Жабдық­тар­дың жалпы құны 132 млн теңгені құрады.

«Басқарылатын гипотермия» жобасы басталған күннен бастап 6 аппаратта 22 баланың өмірі құтқарылды. Қарағанды облыстық көпбейінді аурухананың пе­ри­на­талдық орталығында автоматты гипо­термия аппаратында ауыр және орташа ауыр асфиксиямен туған 16 бала аман қалды. Гипотермия аппараттары орнатылғаннан кейін бірден Ақтауда 3 сәбиге, Талдықорғанда, Өскеменде және Шымкентте бір сәбиден күтім жасауға пайдаланылды.

«Бүгінде «Басқарылатын гипотермия» жобасының жемісі әсерлі болып отыр. Біз берген аппараттар тәжірибелі неонатолог дәрігерлердің қолында көп жылдар бойы жұмыс істейтін болады. Денсаулық сақтау саласындағы өңірлік жобаларды қолдау «Самұрық-Қазына» АҚ үшін маңызды басымдықтардың бірі. Бұл еліміздегі балалар өлімін қысқарту сынды өткір әлеуметтік мәселені шешуге компаниялар тобымыздың қосқан үлесі», деп атап өтті Samruk-Kazyna Trust қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.

Мамандандырылған жабдық пайда болғанға дейін реанимацияда қолда бар құралдармен механикалық гипотермия қолданылып, бұл әрқашан қана­ғат­танарлық нәтиже бермеді. Қажетті температураны 72 сағат бойы тура 34 гра­дуста ұстап тұру, ал содан кейін баланы біртіндеп жылыту өте қиынға соқты. «Са­мұрық-Қазына» АҚ-ның AYALA қайы­рымдылық қорымен серіктестікте көрсеткен көмегі арқылы перинаталдық орталықтардың реанимацияларында бұл еңбекті көп қажет ететін үдеріс енді толық автоматтандырылған. Нәтиже – құт­қарылған балалардың өмірі мен функционалдық денсаулығы.

«Көмек сұраған өтінішімізді Samruk-Kazyna Trust қоры мен AYALA қайы­рым­дылық қорының жа­уап­сыз қал­дыр­мағанына шексіз қуа­ныш­тымыз. Жа­қын­да орнатылған жаб­дықтар арқылы ауыр асфиксия­мен туған баланың өмірін сақтап қалдық. Бұл осы жабдыққа деген жоғары сұранысқа айқын дәлел. Шымкент қаласының болашақ аналары осы құнды сыйлық үшін демеушінің атына айтылатын алғысымызға қосыла­тынына сенімдімін», деп атап өтті Шымкент қаласы перинаталдық орта­лы­ғы директорының міндетін атқарушы Дәулет Сатов.

Терапиялық гипотермияны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене температурасын автоматты түрде біртіндеп тө­мендетеді және ондаған сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстайды. Бұл бала ағзасындағы метаболизмді өзгертуге, оның бас миын глюкозамен қамтамасыз етуге және сол арқылы орталық жүйке жүйесінің жасуша­ла­рын қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Гипотермия аппаратына жиынтықта жүретін амплитудалық электр­энце­фа­лография мониторы дәрігерлерге қол­да­нылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі.

«2017 жылы біздің қор Денсаулық сақтау министрлігімен «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолдау туралы меморандумға қол қойды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның 12 қаласында AYALA қоры орнатқан жабдықтар арқылы 235 жаңа туған нәрестенің өмірі мен денсаулығы құтқарылды. Біз Samruk-Kazyna Trust қорына Қазақстандағы алты балалар реанимациясын балалар өлімі мен мүгедектігін азайтуға көмек­те­сетін жабдықтауға көмектескені үшін ри­за­шы­лығымызды білдіреміз», деп атап өтті «AYALA» қоғамдық қорының пре­зи­денті Айдан Сүлейменова.