Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Qazaqstan dauiri халықаралық қоғамдық-саяси газетінің 30 жылдығы және осы басылымның бел баласы «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналының 20 жылдығына орай «Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі» атты конференция ұйымдастырылып, шара аясында газеттің «Ұлт шырағы» атты мерейтойлық жинағы және қос басылымның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының «Намыс қайрағы» атты публицистикалық кітабының тұсауы кесілді.
Биыл жарық көргеніне 30 жыл толып отырған Qazaqstan dauiri халықаралық қоғамдық-саяси газеті алғаш 1992 жылы 17 қаңтарда «Заман – Қазақстан» деген атпен жарық көрген еді. Кейін 2000 жылы «Қазмедиа» ЖШС-ның құрамына еніп, басылым аты «Қазақстан – Zaman» болып өзгерді. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Qazaqstan dauiri деген атпен шығып келеді.
Қос басылымның мерейтойы аясында, конференцияда алғашқы болып сөз алған қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда баспасөздің орны бөлек. Газет-журнал оқымасақ, кітап оқу мәдениеті қалай қалыптаспақ. Кезінде Алаш арысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген екен. Демек Алаш арысы айтқандай, қазақ баспасөзі – қазақтың үні һәм мұңы десе, келесі кезекте сөз алған қайраткер- журналист Марат Тоқашбаев, ең әуелі басылымның өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген тұлғалар: Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұқамеджанов, сондай-ақ Дидахмет Әшімхан, Шәмшидин Пәттеев, Рақымбай Қанафин, Болат Бодаубай, Бейбіт Сапаралы, Жұмабай Шаштайұлы сынды көрнекті қаламгерлер екеніне тоқталып өтті.
Одан кейін конференция тақырыбына байланысты: «Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары қазақ және орыстілді деп бөлінеді. Орыстілді басылымдар елімізде азаматтық қоғамды нығайту бағытын ұстанса, қазақтілді басылымдар түгелдей ұлттық азаматтық-мемлекеттік формуласымен жұмыс істейді. Бұл үрдіс соңғы кездері тым қатты қарқын алуда. Қазір интернет дәуірі. Адамдар қажет жаңалықты қолдарындағы гаджеттері арқылы біліп отыр. Сондықтан осы салаға күш салған дұрыс. Болашақта басылымдардың қағаз нұсқасы жойылады деген ұғым қате. Екеуінің де қатар өмір сүруге құқығы бар», деді Марат Бәйділдаұлы.
Ал белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім «Қазақ баспасөзінің болашағы жайлы айтар болсам, оның ертеңі күңгірт. Әлеуметтік желі дәстүрлі баспасөзді ығыстырып барады. Мемлекет осы бағытта дабыл қағатын кез келді. Үкімет тарапынан «Қазақ баспасөзін дамыту жөнінде» арнайы бағдарлама керек» десе, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай: «Шынымен қазір баспасөздің жағдайы алаңдатарлық күйде. Саусақпен санарлық қазақ басылымдарының таралымын қарап шығып, оларды цифрлы медиамен де салыстырдым. Менің түсінгенім, қазақ баспасөзі жолайрықта тұр. Қағаз газеттер дәурені аяқталмауы үшін салиқалы сараптамаға, іргелі зерттеуге көшуі керек», деді
Осы орайда, қағаз басылымдардың мәселесіне байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов өз ойын білдірді. «Қазақ басылымдарының қазіргі ахуалы және болашағы жөнінде айтылып жатқан пікірлер өте орынды. Егер газет, кітап оқымаса саналы қоғам, зерделі ұрпақ, зиялы қауым қалай қалыптасады. Бұл мәселені шешудің тетіктері қарастырылып жатыр. Біріншіден, баспасөзді субсидия немесе салықтан босату. Екіншіден, таралым мәселесі бойынша, өңірлерде тегін дүңгіршектер ашу. Қазпоштаның жұмысын жандандыру. Үшінші мәселе, қазақ аудиториясының өсуіне орай қаражат қарастырылып жатыр, деді комитет төрағасы.
Ал «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры Шәмшидин Пәттеев, қазақ басылымдарын қаржыландырудың тетігі мемлекеттік әлеуметтік серіктестік статусын белгілеуге байланысты. Осы мәселені билік ескерсе... Бұл тиімді жоба әрі қазақ басылымдарын қаржыландырудың төте жолы. Осы жоба қабылданса, біраз мәселе шешілер еді, деген пікірін ортаға тастады. Ақын Шаяхмет Құсайынұлы, қазақ баспасөзі ұлттық идеологияның жоқтығынан ақсап жатқандықтан қазақ оқырмандарын көбейтудің көзі – қазақ мектептері екеніне тоқталды.
Бұдан кейін, мінберге көтерілген шешендер қазақ баспасөзінің қанат жаюына қазақ тілінің қоғамдағы орны мен қолданыс аясы үлкен әсер етіп отырғанын, сонымен қатар күн өткен сайын қаржы-экономикалық салаларда қазақ тілі ешқандай қажеттілікке жарамай «ақша тіліне» айнала алмауы оның болашағына зор зиян. Қазақ баспасөзі дегеніміз – қазақ тілінің қоғамдағы көрсеткіші. Тіл түзелмей – ел түзелмейді. Ал елді түзеудің жолы – баспасөз. Өткен ғасыр басында ұлт зиялысы Сәкен Сейфуллин «Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай – бағы жанбайды», дегеніндей қазақ тілі жалпы қоғамды толық қамтымай, қазақ басапсөзі ілгерлемейді, деген пайымдарын жеткізді.