• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Қыркүйек, 2022

Ақын ардақталды

427 рет
көрсетілді

Аспантаулар аясында ақын Биғайша Медеудің 70 жылдығы кеңінен аталып өтті. Хан тәңірі етегінен қанаттанып, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен дараланған қаламгердің елдегі оқырмандары есте қаларлықтай кештің куәсі болды.

Ақын тойына Алматыдан бір топ ақын-жазушы келді.Олардың қатарында Қа­зақ­стан Жазушылар Одағы басқарма төр­ағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, жазушы Мереке Құлкенов, ақын Қасымхан Бегманов, сыншы Әлия Бөпе­жа­нова бар. Белгілі қаламгерлер Биғайша Медеу шығармашылығы туралы сөз қозғап, ақын өлеңдерінің нәзік иірімдеріне бойлады. Ал елдегі жыр тойы екі күнге созылды. Алғашқы күні ақындар айтысы өтті. Әдебиеттегі әуелгі қадамын айтыс сахнасында бастаған Биғайша Медеу бұл жолы да қолына домбыра алып, сөз саптады. Жалпы, Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйіне жиналған қауым ақындар айтысына ерекше ықылас танытты. Өйткені Нарынқол өңірінде кейінгі 10 жылда бірде-бір сөз додасы өтпеген екен. Мұнан кейінгі іс-шара ақынның туған жері – Қаратоған ауылындағы Н.Өмірзақов атындағы орта мектепте жалғасты. Бұл мектепте ақын атындағы тарих сыныбы салтанатты түрде ашылды. Және биылдан бастап тұрақты өтіп тұруды дәстүрге айналдырған «Биғайша оқуларының» алғашқы жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ ақынның ұл-қыздары тағайындаған арнайы шәкіртақы да иесін тапты. Оған аталған мектептің 8-сынып оқушысы Әлиасқар Жәнібек лайық болды.

Бұдан кейінгі салтанатты шара Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде ақын Биғайша Медеудің жаңадан шыққан «Күн­ге қол созған қалалар» атты жыр жина­ғы­ның тұсаукесерімен жалғасты. Ал қалам­гер­дің шығармашылығына арналған салтанатты жиын­да ақын Бауыржан Жақып, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жа­зушы Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар Одағының Бас­қарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауын жеткізіп, Одақ атынан сый-құрметтерін көрсетті. Жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтауы оқылды. Ақын тойына Астанадан ат арытып арнайы келген ақын, Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса да қатысты. Сондай-ақ Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров ақынға Мәдениет және спорт министрінің атынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті. Жыр салтанатында «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын Батық Мәжитұлы арнау өлең оқып, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы халықаралық Мұқағали қорының атынан төсбелгі табыс етті.

– Біз Биғайшадай әпкеміздің жаны­мыз­ға жылы тиетін болмысы бөлек отты өлеңдеріне сусындап өстік. Ұлтымыздың тарихын жақсы білетін Биғайша Медеу – көне түркі, сақ қоғамының құн­ды­лық­тарын үндеп жүрген түбімізді түген­деу­ші, жоғымызды жоқтаушы, Тұмар мен Заринадай батыр қыздарымызды жырлаған ақын. Сол арқылы оқырманын отаншылдыққа үндейді. Сол арқылы оқырманын елін, жерін сүюге, құрметтеуге талпындырады. Ақынның тұп-тұнық өлең өлкесі адам жанын ғажайып күйіне бөлеп, ізгі дүниелерге талпынтады. Бір қонақ дүниенің сәулелі шақтарын, жақсылықты жақтарын көруге, сезе білуге ұмтылдырады. Аналық мейір-шапағатына толы ақын – жүрек дүниенің тұтастығын тілейді. Сол бір тұнық ниет пен тілектен туған жырлар оқырманын баурап келеді, – дейді көрнекті ақын Бауыржан Жақып қаламдасы туралы.

 

Алматы облысы