Қостанай облысындағы төрт білім ошағы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының, үшеуі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның атымен аталмақ.
Абай атындағы мектептер Қостанай, Жітіқара, Лисаков және Рудный қалаларында орналасқан. Облыс орталығындағы №29 мектепке, сондай-ақ Арқалықтың іргесіндегі Родина ауылындағы білім ошағы мен Рудныйдағы Қашар жалпы білім беретін мектепке Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Сонымен қатар Рудный қаласындағы екі бірдей білім ұясы Алаш ардақтыларының есімдерімен аталатын болады. Кеншілер шаһарындағы №19 мектеп Ахмет Байтұрсынұлының, №15 мектеп Міржақып Дулатұлының атын иеленді.
Рудныйда осыдан 20-25 жыл бұрын жалғыз-ақ қазақ мектебі болатын. «Отандастар қорының» облыстағы өкілі Нәзира Жәрімбетованың айтуынша, шағын шаһардағы қазақ мектептерінің көбеюіне, қаладағы білім ошақтарына Алаш ардақтылары есімдерінің беріле бастауына осы өңірге келіп жатқан қандастар көшінің ықпалы ерекше.
– Өзбекстаннан көшіп келіп, Рудный қаласын құтты қоныс етіп отырған ағайынның саны 17 мыңды шамалап қалды. Кеншілер қаласының қазақыланып, бұрын-соңды болмаған қазақ мектептерінің ашылуы, Рудный мен Қашарда орналасқан үш мектепке үш бірдей Алаш арысының есімдерінің берілуі соның жемісі. Бүгінде бұл мектептерге оқушы сыймай жатыр. Сондықтан қазақ мектептерін әлі де аша беру керек, – деді Н.Жәрімбетова.
Сонымен қатар Амангелді ауданына қарасты Қабырға ауылындағы Н.Крупская атындағы орта мектеп енді белгілі сатирик, журналист Жұматай Сабыржанұлының есімімен аталатын болды. Ал Қарасу ауданындағы орта мектепке ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді.
Қостанай облысы