Қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің туындыларына хас өнерді аса әспеттейтін француздар да куә болысты. 8 күнде Францияның түрлі қалаларындағы көрмеде француздар Кәріпбектің тағдыры мен туындысы арқылы жалпы ядролық қарудың қандай зұлмат екеніне және бір көз жеткізді.
Көрмені ұйымдастыруға мұрындық болғандар қатарында – Әлем қозғалысы (Mouvementdelapaix), Рена-Алматы бауырластық комитеті, Қазақстанның Франциядағы елшілігі және Страсбургтегі Қазақстанның Бас консулдығы бар. Суретшінің сапарына қаржы-қаражат әлеуметтік желі арқылы жиналса, Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек, Amanat партиясының филиалы зор қолдау көрсеткенін атаған жөн.
Еуропа кеңесінде (Страсбургте), Страсбург университетінде, Қазақстанның Франциядағы елшілігінде (Париж), Сенатта (Люксембург сарайы, Париж), ассоциация үйінде (Ренн) өткен көрмелер көптің көңілінен шығып, көкірегіне қонақтап жатқанын француздар да жасырмады.
Көрмені ұйымдастырушының бірі, әлемге танымал қоғамдық ұйым – Әлем қозғалысының ұлттық хатшысы Ролан Ниве Кәріпбекке картиналарын сатуда көмек қолын созатынын атап өту керек.
Торси қаласы мэрінің орынбасары Брис Массекс Кәріпбектің өмір тарихының жан тебірентерлігін айтады.
– Мен оның өмірбаянына, осындай жағдайға қалай жет- кеніне қайран қаламын. Бүгінде мынадай ақпараттарды білуге тиіспіз. Кәріпбек арқылы көп жайттан хабардар болдым, –дейді Брис Массекс.
Тағдыры күрделі суретші француздықтар назарына 17 еңбегін ұсынды. Оның туындысының басым бөлігі антиядролық тақырыппен бірге Қазақстанның пейзажына арналған. Суретшінің СМА дертінен зардап шегетін, «Золгенсма» екпесіне аса мұқтаж кішкентай қарағандылық Айкүміс Сәрсенді қолдауға арналған туындысын Қазақстанның Франциядағы елшілігі сатып алды. Түскен қаражат баланың ата-анасына берілмек.
Суретші өзіне бұл көрменің зор мәртебе екенін айтады. Жаңа кітаптың парағы ашылғандай әсерде екенін жеткізді.
– Францияда бұрын-соңды болмаған едім. Француздардың еңбектерімді тамашалауы кеудеме мақтаныш сезімін ұялатты. Әрине, осы арада Қазақстанымыздың тарихы, Семей полигонының тарихы туралы айтуға болады. Парижде Сенатта ядролық қарумен күресуге үлес қосқандар жиналды. Менің осында келуіме ықпал еткен, көмектескеннің бәріне алғысым шексіз, – дейді К.Күйіков.
Қарағанды облысы