• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2014

Қазақстанның серпілісі үшін тың мүмкіндіктер

485 рет
көрсетілді

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢГІ ЕНШІСІ – ЭКСПО-2017

Еліміз өз Тәуелсіздігінің алғашқы 23 жылында кейбір елдердің жүздеген жылдарда бағындыратын белестерін еңсеріп үлгерді. Бірқатар әлемдік рейтингтік агенттіктердің бағалауынша, инвестиция тарту бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында алдыңғы орындарда тұр. Ішкі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен сыртқы көпвекторлы саясат ірі инвесторлардың назарын өзіне аудара алды. Біздің мемлекетіміздегі қолайлы инвестициялық ахуал мен инвестициялық тартымдылық соңғы кездерде айналамызда болып жатқан геосаяси оқиғалардың аясында тіптен арта түсуде. Осының бәрі де Елбасымыз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың жемісі. Шын мәнінде сындарлылық пен салқынқандылық ғана елге құт әкеледі. Тұрақтылығы жоқ елге қаржы қайдан құйыла қойсын. Талғат ЕРМЕГИЯЕВ, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы. ЭКСПО-2017 – мемлекетіміз дамуының жаңа көкжиегі, алынбас асуларды бағындырудың тарихи мүмкіндігі. Ғылым, өндіріс, бизнес үштігін біріктіретін жаңа алаң. Бұл халықаралық жауапты шара Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да кеңінен көрініс тапты. Жолдауда экономикадағы ішкі жалпы өнімнің жыл са­й­ынғы өсімін 4 пайыздан кеміт­пеу, ин­вестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы­ өнім көлемінің 30 пайы­зына дейін ұлғайту, елдің стра­тегия­­лық, үдемелі индус­трия­­­­лық-инновациялық даму қарқы­­нын сақтау тапсырылып отыр. Осылайша, жан басына шақ­­қан­дағы ішкі жалпы өнімді қазір­гі 13 мың доллардан 4,5 есеге артты­рып, 60 мың долларға жеткізу­ көз­делген. Көрсетілген тапсыр­­малардың біздің компания­мыз­­ғ­а да тікелей қатысы бар. Олай дейтініміз, «Астана ЭКСПО-­ 2017» ­ҰК» акционерлік қоға­­мы­­ның негізгі қызметі – елі­міз­ге инно­вациялық жобалар ар­қы­лы инвестиция тарту, бәсе­кеге қабі­летті экономика құруға үлес қосу. Өздеріңіз білесіздер, алғашқы индустриялық революция XVIII ғасырдың аяғында Англияда қарапайым тоқыма өндірісін механикаландырудан басталған еді. Бұрын қолмен істелген қара жұмыс бір жүйеге бағындырылды. Осылайша завод, фабрикалар пайда болды. Екінші индустриялық революция XX ғасырдың бас кезіне сәйкес келді. Бұл екеуі бір кездегі көшпенділердің ауыздық пен үзеңгіні ойлап тапқаны секілді адамзат санасын түбегейлі өзгертті. Енді, міне, біз үшінші индустриялық революцияның қарсаңында тұрмыз. Бұл туралы да Елбасымыз өзінің Жолдауында: «Көптеген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлылығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы байқалады. Үшінші индустриялық революция қарқын алады. Біз бұл кезеңді пайдалана білуге тиіспіз», деп қадап айтты. Қай қоғамның болсын қоз­ғаушы күші – өндіріс. Ал өндіріске ең бірінші керегі – энергия. Оның ішінде айнала қоршаған ортаға залалы тимейтін «жасыл энергия» – бұл заман талабы. Баршаңызға белгілі, бүгінгі күні жоғары технология көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Сол екпінмен адамзат баласы цифрлық әлемге де еніп барады. Жоқтан бар жасауға қабілетті 3D принтерлер пайда болды. Болашақта олар тұтастай өндіріске ұласуы мүмкін. Жолдауда еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағдары анық белгіленген. Атап айтқанда, алдағы жылдар жеті бесжылдыққа бөлініп, олардың әрқайсысы бір мақсатты, яғни мемлекетіміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруін көздейді. Екінші және одан кейінгі бесжылдықтарға мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, роботты техника, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салу жүктелген. Алдағы онжылдықтарда сан түрлі сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейтінін, ХХІ ғасырдың жеңіл болмайтынын түсінеміз. Дамыған қоғамда адамдардың санасы да жаңарып, мүлдем жаңа қоғамдық өлшемдермен өмір сүретін болады. Елбасы Қазақстанның алғаш­қы заманауи ірі урбанистік орталықтары – Астана, Алматы, Ақтөбе мен Шымкент болатынын айтты. Мамандар болжамы бойынша, республикамыздағы қалалық тұрғындардың үлесі болашақта 55 пайыздан 70 пайызға дейін өсуі мүмкін екен. Сондықтан да «жасыл экономикаға» аяқ басудағы ЭКСПО-2017 көрмесі тәжірибесін, атап айтқанда, жаңғыртылмалы қуат көздерін пайдалануды мамандарымыз болашақта Астанадан басқа да қалаларда қолданса, нұр үстіне нұр болар еді. ЭКСПО-2017 көрмесін өткі­зу – Қазақстанның негізгі жоба­ларының бірі, сонымен бiрге, ол ТМД елдерінің ішінде бірінші рет бізде өткелі отыр. Немістің «Альберт Шпир» компаниясымен бірге көрме кешенінің шеберлік-жоспары дайындалды. Кешеннің үздік эскиз-идеясын және ЭКСПО-2017 символы болатын нысанды табу үшін халықаралық архитектуралық байқау жарияланып, отандық және халықаралық жетекші архи­тектуралық компаниялар қа­тыс­қан байқау қорытындысы бойынша, әділқазылар алқасының шешімімен «Adrian Smith + Gordon Gill Architecture» компаниясы жеңімпаз деп танылды. Бас жоспардың алдын ала архитектуралық-жоспарлау ше­шімдеріне сәйкес, 173,4 гектар аумақты алатын көрме территориясында 1,039 млн. шаршы метр ғимарат салынады. Олардың қатарында: Көрме аумағы – 240,4 мың м2. - «Қазақстан-Астана» па­вильоны – 7855 м2; - халықаралық павильондар – 94 000 м2; - тақырыптық павильондар – 32 280 м2; - корпоративтік павильондар – 25 820 м2; - басқалары (сауда, ойын-сауық­тық, қызмет көрсетуші, т.б.) – 35 735 м2. - Көрмеден тыс аумақ – 715 мың м2; - Мәслихат орталығы мен баспасөз орталығы – 42 050 м2; - жабық қала – 350 000 м2; - тұрғын үйлер – 266 000 м2; - қонақ үйлер – 40 000 м2; - ұйымдастырушы офи­сі – 17 000 м2; - басқа да ғимараттар (қой­малар, техникалық қызмет нысандары, т.б.) 83 548 шаршы метр аумақты қамтымақ. Елбасымыз «Көрменің үлкен кешендерін салуға ең алдымен сапа деңгейіне сәйкес келетін қазақстандық құрылыс компанияларын тарту қажет, қолданылатын құрылыс материалдары да мүмкіндігінше қазақстандық болсын», деп тапсырған болатын. Бұл өз кезегінде отандық шағын және орта бизнесті дамытуға серпін берері сөзсіз. Қойылған міндетті абыроймен атқарып шығу үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. Ал салынған әрбір нысан кейін де халқымыздың игілігіне айналары сөзсіз. Сонымен бірге, Елбасы Жол­дауында: «Астанадағы Дүние­жүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энер­гиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжі­рибені зерделеу мен енгізу орта­лығын құру үшін пайдалану керек. Мамандар тобы «Назарбаев Университетінің» қолдауымен осы жұмысқа кірісуге тиіс. Біз қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түрлеріне көшіруге, электрмобильдерді енгізуге және олар үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға жағдай жасауымыз қажет», делінген. Ғаламдық ауқыммен алған­да тарының қауызындай ғана Жер планетасын аялап ұстамасақ, алапат апаттар орын алуы мүм­кін. Бұл жайында қазір әлем­нің іргелі ғалымдары терең ойланып жатыр. Ысырапшылыққа жол бермеу, үнемшілдік мәдение­тін азаматтарымыздың, әсіресе, әлі өскін – жас ұрпақтың санасына сіңіре білуіміз керек деп түсінемін. Мәңгілік Ел болу дегеніміз – қаласы мен ауылының арасы жақындаған, халқының орта тап үлесі басым, өмір сүру ұзақтығы 80 жасты құрайтын, бәсекеге қабілетті бейбіт ел болу деген сөз. Елбасымыз атап өткендей, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанның экономикасында елеулі кезең болып, инновациялық технологиялардың дамуында және индустриялық революцияға дайындықта жаңа алаңға айналады. Көрмені жоғары деңгейде ұйымдастыру және бүкіл әлемге экономика, техника, инновация салаларындағы үздік үлгілерді паш ету біздің негізгі мақсатымыз болып табылады. Олай болса, Астана ЭКСПО- 2017 маман­данды­рылған көр­месін биік деңгейде өткізу үшін дайындық жұмыстары еш кі­діріссіз жүргізіле бермек. Қысқа-нұсқа * «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің аумағы – 173,4 гектар. * «Қазақстан-Астана» ұлттық павильоны­ның құ­рылысы 2014 жылдың маусым айын­да басталады. * Құрылыстың белсенді кезеңі 2015 жылға сәйкес келеді. * Көрме кешенінің то­лық­тай салынып бітуі 2016 жыл­дың желтоқсанына жос­парланып отыр. * Халықаралық көрмелер конвенциясына сәйкес, ЭКСПО-2017 көрмесі 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін – 3 айға созылады. * Көрменің өткізілуі ке­зінде күн сайын түрлі мере­келік шерулер, концерт­тер мен фестивальдар өткізі­летін болады. * Көрмеге әлемнің 100-ден астам мемлекеті, иннова­­циялық технологиялар бойынша көшбасшы оннан астам халықаралық беделді ұйым қатысады деп күтіліп отыр. * ЭКСПО көрмесін өткіз­у үшін о баста бір ғана ғима­рат салу жеткілікті болған болса, қазір ірі-ірі көрме алаң­дары мен таңғажайып қала­шықтар салуға тура келеді. * ЭКСПО – ағылшынның экспозиция (exposition) сөзінен алынған. Көрме немесе жәрмеңке деген мағынаны білдіреді. Жүздеген жылдар бойы осы көрменің аясында әлемнің ең үздік тауарлары жұрт назарына ұсынылып келеді.

Ел даңқын еселейді

Өткен айдың соңында Парижде Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Атқару комитетінің кезекті отырысы болды.  Қазақстаннан барған делегация «ЭКСПО-2017»-нің тіркеу құжаттама­­­сын жеткізіп, көрмеге дайындық барысы туралы есеп берді. Таныс­тырылым нәтижесі бойынша, Атқарушы комитет тіркеу құжаттамасын мақұл­дау туралы шешім қабылдап, оны мойындау және жалауды тапсыру үшін ХКБ Бас ассамблеясының бекітуіне жіберу ұсынылды. Жалауды тапсыру рәсімі ағымдағы жылдың 11 маусымында өтеді. Осылайша, ұлттық брендімізге айналар, дүйім жұрттың көзайымы болар «Астана ЭКСПО-2017» шарасына дайындық үдей түсті. Нысандарды салу бойынша жұмыс жоспары туралы Ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, осы айда жер телімінің қоршауларын тұрғызу, өсімдік қабатын кесіп тастау бойынша жұмыстар, уақытша жолдарды салу, қолданыстағы инженерлік желілерді көрме аймағынан шығару, жасыл көшеттерді қайта отырғызу жұмыстары жүргізілмек. Жаз айларында павильондар құрылысы басталмақ. Негізі құрылыс-монтаж жұмыстарының қарба­­лас кезеңі 2015 жылға келіп тұр, жалпы алғанда, бұл жұмыстар 2016 жылдың желтоқсанында аяқталмақ. Осыған орай 2017 жылдың басында көрмеге қатысушы елдер өз павильондарын монтаждау және орналастыру бойынша жұмыстарды бастайтын болады. Жылумен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, 2015 жылы іске қосылып, 2016 жылы толық көлемде аяқталып бітетін ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жылу орталықтарының жобаланып жатқан жылу магистральдеріне ЭКСПО нысандарын қосу жос­парланып отыр. Ал электр қуа­тымен қамтамасыз етуге қатысты көрме аймағындағы нысандарды «Олимп» және «Әуежай-2» қосалқы бекет­теріне қосу, ал көрмеден тыс аймақтағы нысандарды «Жаңа Жол» қосалқы бекетіне қосу жоспарланып отыр. Жалпы, қазір қуаттың өндірілуі және тұтынылуы туралы зерттеу жұмыстары жіті қарастырылып жатыр. Мамандардың пайымдауынша, зерттеу нәтижелері электр қуатының баламалы энергия көздерінен, сонымен бірге, қалалық электр желілерінен өндірілу және таратылуының тұрақтылығын, оның тиімділігін, сенімділігі мен экономикалық пайдасын арттыруға мүмкіндік бер­мек. Айта кетерлік жайт, техни­калық қажеттіліктер үшін ағын­ды нөсер жаңбыр суын қай­та қолдану мәселелеріне қатыс­ты жұмыстар атқары­луда. Көрме атауының өзі ай­тып тұрғандай, бұл жобада қайта жаңартылатын қуат көздері мен ең соңғы техно­ло­гиялардың элементтері қол­данылатын болады. Бастысы, қайта жаңартылатын қуат көздерін пайдалану көлемі жергілікті климаттық және геотермиялық жағдайларды ескере отырып жасалған есептеу мәліметтерінің негізінде анықталатын болады. Сонымен бірге, қайта жа­ңартылатын қуат көздерінің қолданылатынына қарамастан, жобаның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ЭКСПО айма­ғы толығымен дәстүрлі қуат көз­дерімен қамтамасыз етіле­тін болады. Халықаралық көрме­лер туралы конвенцияға сәйкес ЭКСПО көрмесі 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйекке дейінгі аралықта – 3 айға созылады. Біздің көрмеге әлемнің 100-ден аса елі, 10-нан кем емес беделді халықаралық ұйым, инновациялық техно­ло­гиялардың көшбасшысы болып табылатын 10-ға жуық компания қатысады деп жоспарлануда. Жалпы, көрмені 5 миллион адам тамашалайды және оған 2 миллионнан аса келуші қатысады деп күтілуде. Қалың жұртты қабылдауға қауқарымыз жете ме деген орынды сұрақ туындайды. Әлбетте. Өйткені, Ұлттық компания көлік инфрақұрылымын әрі қарай дамыту мақсатында автокөлік, теміржол және әуе көлігін дамыту бойынша мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жасауға кірісті. Көлік жүйесінің осылайша айтарлықтай жақсара түсуі Қазақстанның туризм әлеуетін, әсіресе, ішкі туризм­ді дамытуға пәрменді күш беріп, Қазақстан азаматтары үшін ЭКСПО-2017 көрмесіне келуді қолжетімді етуге мүмкіндік бермек. Көрмеге дайындалу­ және өткізу барысында қоғам,­ әсіресе, еліміздің жаста­ры тартылатын болады. Атап айтқанда, еріктілердің көмегімен көлік, тамақтану, тұру, медицина және тағы да басқа қызмет ба­ғыт­тарының барлығын қос­қанда көрме қонақтары мен қаты­су­шыларын қарсы алу сәтінен бастап шығарып салуға дейін оларға толықтай көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар, көрмені ұйымдастыру және өткізуден күтіліп отырған ұзақ мерзімге шақталған негізгі нәтижелердің бірі шетелдік инвестицияларды тарту болып табылады. Соңғы 20 жылда әлемдік дең­гейде өткізіліп жатқан елеу­­­лі шаралар ауыз толтырып­ ай­тар­­лықтай. Бәрінің де мақ­сат-міндеті Қазақстанның атын шы­­ғарып, даңқын көтеру. «Ас­та­на Экспо-2017»-де сол мақ­сат­ты мең­зейді, дегенмен, оның біре­гей­лігіне күмән жоқ. «Егемен-ақпарат».

Сән салтанаты

ЭКСПО шежіресі: Париж, 1925 жыл

Халықаралық сәндік безендіру өнеріне және көркем өнеркәсіпке арналған Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі 1925 жылы сәуір айында Париж қаласында ашылды. Еуропа сәні мен салтанаты­­­ның астанасы Парижде жалауы жеті ай бойы желбіреген бұл халықаралық көрме ХХ ғасырдың қолданбалы және сәндік безендіру өнерінде адамзат қол жет­кізген озық жетістіктерді паш етті. Бірінші дүниежүзілік соғыс және әлемді дүр сілкіндірген төңкерістер ХХ ғасырда кең қанат жая бастаған бүкіләлемдік көрмелер шеруін біршама тежеді. Осының есесін қайтару мақсатымен 1925 жылы сәуір айында Париж қаласында сәндік безендіру өнерінде және көркем өнеркәсіпте адамзаттың қол жеткізген озық жетістіктерін паш ету мақсатында Бүкіләлемдік көрме жалауы желбіреді. Жеті ай ішінде Париж қаласындағы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін 16 миллионнан астам адам тамашалады. Мұнда сәндік безендіру, қолданбалы өнер, архитектура және әрлендіру саласында көптеген мемлекеттер қол жеткізген жетістіктер көрініс тапты. Осы көрме ХХ ғасырдың бірінші жартысында сәндік безендіру өнерінде бас­тау алған «ар-деко» ағымына жол ашты. Көрмеге Ұлыбритания, Австрия, Нидерланд, Венгрия, Польша, Чехословакия, Италия, Испания, Швеция және Дания сияқты көптеген еуропалық мемлекеттер қатысты. Бұл халықаралық көрменің тағы бір ерекшелігі, ХХ ғасырдың басындағы ұлы төңкерістен кейін әлем сахнасында пайда болған алып социалистік мемлекет – КСРО-ның алғаш рет осындай әлемдік ауқымды шараға қатысуы болды. Оның есесіне бұл көрмеге әлемнің екі алып мемлекеті Германия мен АҚШ қатыспай қалды. Германия шақыруды кеш алдық деп сылтауратты, ал АҚШ «Америкада бүгінгі заманның озық дизайны жоқ» деген желеуді алға тартты. Шындығында, бірінші дүниежүзілік соғыстың бас агрессоры Германия француздардың өнер мен мәдениет саласында озық шыққанын көре алмады. АҚШ-тың да желеуінің астарында сәндік безендіру және көркем өнеркәсіпке Еуропаның зор жетістіктерге жеткеніне іштарлық көрсету пиғылы жатқан еді. Париждегі Бүкіләлемдік көрме төрткүл дүниеге байлық пен барлықтың салтанатын паш еткен француздық өнеркәсіп өнімдерін кеңінен жария етті. Сәндік безендіру бұйымдарының небір озық үлгілері салтанат құрды. Осы көрме арқылы Париж екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де сән өнері мен моданың интернационалдық орталығы болып табылатындығын дәлелдеді. Париж әйелдерінің киім үлгілері мен сәндік заттары, француз өнеркәсібінің сәндік безендіру өнері саласында шығарған өнімдері төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды тәнті етті. Көрмеде Франция жәдігерлері басымдыққа ие болды. Көрме қалашығындағы павильондардың сөрелерінде көз жауын алған сәндік заттардың көпшілігі шын мағынасындағы озық өнер туындылары болып табылды. Кешке қарай онсыз да әсем түнгі Париж келбетін көрме қалашығы павильондарын безендірген сансыз шам жарықтары самаладай етіп, көрменің кереметін жалпы жұртқа жария етті. Эйфель мұнарасының ұзына бойына жара­­­­сым тапқан жарнамалық көріністер ХХ ғасырда адамзат сұранысының шын мағынасында зор межеге көтерілгендігін көрсетті. Бүкіләлемдік көрмені өткізу мақсатында арнайы салынған «Hotel d’un Collectionneur» қонақүйі сол заманғы аса ірі жобалар­дың бірі болды. Бұл қонақүйдің бөлмелерін атақты француз жиһазшысы Жак-Эмиль Рульман безендір­ген болатын. Париждің классикалық ағаш шеберлері­нің көшбасшысы Жак-Эмиль Рульманның қолынан шыққан өнер туындылары қонақүйдің салтанатын дүйім жұртқа танытты. Сонымен бірге, сән өнері салтанат құрған бұл көрмеде Жан-Жак Рато, Эйлин Грей, Эдгар Бранд, Жан Дюнан сияқты француздық қас шеберлердің шығармалары салтанат құрды. Француздардың жәдігерлеріне жетпесе де көр­меде швед өнерінің озық туындылары көрер­мендер көңі­лінен шықты. Архитектор А. Саал жасап шығар­ған голландық павильондағы жәдігерлер де көрмені тамашалаушылардың көз жауын алды. Италия­лық дизайнер Джио Понтидің қолынан шыққан кера­ми­калық бұйымдар көрменің Гран-приін жеңіп алды. Сонымен бірге, Чехословакияның павильо­нын­­дағы жәдігерлер де көпшілік көңіліне жол тапты. Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрменің есте қалар ерекшелігінің бірі, бұл көрмеге КСРО-ның қатысуы болса, екінші жағынан архитектор К.Мельниковтің басшылығымен жасалған кеңестік павильонның кереметі болды. Тек, ағаштан ойып жасалған бұл сәулет өнерінің озық туындысы көрмеге келушілерді таңдандырды. Сарапшылар КСРО павильонын ХХ ғасырдағы әлемдік архитектура өнеріндегі тың туынды екенін бірауыздан мақұлдады. КСРО павильонында көрініс тапқан КСРО халықтарының өнер жәдігерлері де келушілерді тәнті етті. Париждегі Бүкіләлемдік көрмеге КСРО-ның қатысуы Франциямен дипло­матия­лық қарым-қатынас орнатудың бастауы болды. Жалпы, халықаралық сәндік безендіру өне­ріне және көркем өнеркәсіпке арналған Париж қала­сындағы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Еуропаның мәдениет және өнер саласындағы сол заман­дағы аса ірі оқиғалардың бірінен саналды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

Айқарма бетті дайындаған

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».