Күллі адамзатты бауырына балап, адамшылықты ту еткен ұлы ойшыл Абайдай алыпты жаһанға танытып, «Абай жолы» дара жол екенін айғақтаған ұлт мақтанышы, заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына биыл – 125 жыл. Осыған байланысты кемеңгер тұлғаның туған жері Абай облысында мерекелік іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылды.
Алдымен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бастаған еліміздің зиялы қауым өкілдері Мұхтар Әуезов атындағы алаңда аялдап, жазушының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Тұғыры биік тұлғаның 125 жылдық мерейтойына орай қаладағы Шәкәрім университетінде отандық әдебиет пен руханияттың көрнекті өкілдері «Мұхтар Әуезов және ұлт өркениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты.
Алқалы басқосуда белгілі әуезовтанушы ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, облыстық әкімдік пен мәслихат өкілдері, сондай-ақ Нидерланды, Түркия, Қытай және Өзбекстаннан келген ғалымдар М.Әуезовтің кемеңгерлігі мен қазақ және әлем әдебиетіндегі аударма мәселесі жайлы ой өрбітіп, жазушының даралығын танытудың және рухани мұрасын насихаттаудың тың жолдарын пысықтады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғарифолла Есім мен Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы өзбек тілі мен әдебиеті мемлекеттік университетінің профессоры Абдулла Улугов М.Әуезовтің ұлылар еліндегі орны мен еліміздің өркендеп дамуына қосқан үлесі жайлы тоқталып, конференцияның табысты өтуіне тілектерін жеткізді.
«Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезовтің шығармалары арқылы жеткен қазақтың көркем, әдеби тілі – Семей өңірінде сақталғаны күмәнсіз. Сондықтан да тағылымы мол алқалы жиынның Шәкәрім университетінде өтуі заңды», деді министр С.Нұрбек.
Қатысушылар Әуезовтің әлеміне бойлаған кез келген адам зұлымдықтан ада, адамгершілікті ту ететін кемел тұлға болып қалыптасатынын айтты.
«Оқу орнымыздың миссиясы – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маманды даярлаумен бірге Абай аңсаған, Әуезов армандаған толық адам, кемел тұлғаны қалыптастыру.
Абай әлеміне қаныққан әрбір студент абайтанушы, мұхтартанушы болып кетпейтін де шығар, бірақ ізгілікке шақырған тұлғалар сөзі кез келген жастың жүрегіне тұнса – онда біздің мақсатымыздың орындалғаны», деді Shakarim University басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, белгілі ғалым Дандай Ысқақұлының айтуынша, қазір өзекті болып тұрған адами капитал мәселесін шешудің тиімді жолы Мұхтардай Алаш ардақтыларының мәдени мұрасында жатыр. Тек сол мұраны зерттеуге тың көзқараспен келіп, заңғар тұлғаларымыздың еңбегі мейлінше лайықты деңгейде насихатталса игі.
«Біріншіден, адам капиталы мықты болу керек. Адам капиталын дамытсақ, материалдық әрі рухани жетістіктеріміз еселей түсері анық. Түркі халықтар ішінде қазақтардың арасында да адами ресурстың әлеуеті зор. Әлбетте, кейбір бағыттарда тыңнан түрен салуға тура келеді.
Халқымыздың рухани кемелденуі ықылым замандардан, Күлтегін, Майқы би, Асан қайғылардан бастау алып, хакім Абайдың дәуірінде шырқау шыңға жеткен сынды. Ал Әлихан Бөкейхан және Мұхтар Әуезовтей алаш азаматтары оны білім мен ғылымға айналдырып, ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға сүбелі үлестерін қосты», деді Д.Ысқақұлы.
Қазақ әдебиетінің әлемдік аренаға кеңінен таралуына бауырлас түрік ағайындардың да атсалысып келе жатқанын айта кеткен орынды. Мәселен, Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез Абай мен Мұхтардың шығармаларын түрік және ағылшын тілдеріне аударып, оның біразы батыс басылымдарынан көрініс тапқан.
«Осыдан 30 жыл бұрын АҚШ-тағы Колумбия университетінде докторантурада оқып жүрген кезімде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының тәржімаланған нұсқасы қолым түскен болатын. Одан бұрын әйгілі академик, ғалым Рахманқұл Бердібайұлының шәкірті атанып, қазақ тілі мен әдебиетіне деген құштарлығым артқан еді. «Абай жолы» романы маған Колумбия университетінде докторлық диссертациямды қорғауға оң ықпалын тигізді. Диссертациямның тақырыбы «Қазақтың мәдени бірегейлігін сақтау» деп аталды.
Таяу келешекте түркі халықтарының ынтымақ-бірлігі бүгінгіден де нығайып, оның жемісін ұрпақтарымыз көреді деген үміттемін», деді О.Сөйлемез.
Бұдан бөлек профессор Арап Еспенбетов «Мұхтар Әуезовтің бір мақаласы хақында», доцент Жандос Әубәкір «Мұхтар Әуезовтің даралығы», С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Айжан Қартаева «Мұхтар Әуезов мұрасындағы түркі әлемі» ғылыми тұжырымдасын көпшілікке ұсынды.
Конференция аясында қатысушылар жазушының әдеби мектебі, өзі негізін қалаған «Абай» журналының бүгінгі тағдыры, ғылыми өмірбаяны, ұлттық құндылық, ана тілі, Әуезов шығармаларын сахналандыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Сонымен қатар жиында әлемдік деңгейдегі монументалды өнер туындыларын Әуезовтің көркем шығармаларындағы кейіпкерлерге арналған композициялық ескерткіштер мен IT өнімдер, анимациялық туындыларын жасау керектігі айтылды.
Әрмен қарай мерейтойлық іс-шаралар легі заңғар жазушының туған жері Абай ауданында жалғасын тапты. Мәртебелі меймандар М.Әуезовтің әке-шешесі Омархан мен Нұржамалдың кесенесіне барып құран бағыштап, рухына тағзым етті.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов бұл мерейтой Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ашылған Абай облысында өтіп жатқан алғашқы халықаралық деңгейдегі ғылым мен білімнің, мәдениет пен руханияттың тоғысқан тойы екенін жеткізді.
«Біз тұрған қасиетті өлкені ел тарихында мәртебесі ерекше, тіптен құт қонған ырысты, берекелі топырақ деп әрбір қазақ мақтанышпен айтады. Өйткені Абай өңірі дүйім қазаққа ақыл айтқан абыз Әнет бабаның, кемеңгер Кеңгірбай бидің, марғасқа Мамай, қол бастаған Тоқтамыс батырлардың, сонымен бірге құдіретті Құнанбай сынды сұңғыла аға сұлтанның ізі қалған киелі мекен. Қазақтың бас ақыны хакім Абай осы Шыңғыстау бауырындағы Ақшоқы мен Жидебайда отырып күллі әлемге «адамзаттың бәрін, сүй бауырым деп» деген сәулелі сөзін шашты. Ал дала данышпаны атанған Шәкәрім бабамыз да осы өлкеде келешектің ойын ашып, өзінің танымы терең тарихи-философиялық еңбектерін жазғаны баршаңызға аян. Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырған Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Турағұлдың да елге белгілі мұралары осы өңірде дүниеге келді.
«Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деп өзі жазғандай, Аяққарағанда кіндік қаны тамып, Бөріліде балалық балдәурені өткен Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ел тарихындағы орыны айрықша. ХХ ғасырда қазақты әлемге танытқан екі тұлға болса, соның бірі – Мұхтар Омарханұлы.
Абай мен Мұхтар егіз ұғым. Мұхаңның басқа да көркем шығармалары мен ғылыми зерттеулерін былай қойғанда, тек Абай тақырыбының өзі оның даралығын айқындап береді. Өздеріңіз жақсы білетіндей, Мұхаң ел тарихында көптеген алғашқы бастаманың негізін қалады. Семейде құрылған «Ярыш» футбол командасы, Ойқұдықта қойылған «Еңлік-Кебек» спектаклі, Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге шығарған «Абай» журналы, алғашқы әдеби «Абай» музейінің ашылуына сіңірген еңбегі Әуезовтің жан-жақтылығын айғақтайды», деді Е.Сыдықов.
Абай ауданында жергілікті кәсіпкерлер мен аудан халқының қолдауымен Кеңгірбай биге ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ «Еңлік-Кебек» кесенесіне де жөндеу жүргізілгенін айта кеткен жөн.
Ұлы тұлғаның мерейтойына байланысты Қарауылда қазақ күресінен дүбірлі сайыс ұйымдастырылып, аламан бәйге мен жорға жарыста нағыз тұлпарлар анықталды. Бұдан соң мерекелік іс-шаралар конференция, футбол сайысы және гала концертпен түйінделді.
Абай облысы