Осыған дейін Астанада өтіп келген Қазақстанның атақты мәнерлеп сырғанаушысы Денис Тенді еске алуға халықаралық турнир Алатау баурайына қайта оралды. Аталған жарыстың жалауы биыл 26-29 қазан аралығында Алматыдағы «Халық Арена» спорт кешенінде желбірейді.
Денис Теннің ел спортына сіңірген еңбегі ерен. Балауса шағынан майталман мамандардың назарын өзіне аударған ол шеберлігі шыңдала келе, дүбірлі додаларда дара талантымен оқшауланды. Алғашында төрткүл дүниенің әр қиырында үздіксіз ұйымдастырылып тұратын түрлі турнирлерде елеулі табыстарға қол жеткізсе, одан кейін ресми халықаралық жарыстарда жасындай жарқылдады. Нақтылап айтсақ, 2011 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанып, 2017 жылы Дүниежүзілік Универсиадада алдына жан салмады. Бұл додалардың екеуі де Алматы өткен еді. 2004 жылы Сочи Олимпиадасында қола медальді мойнына ілді. 2013 жылы Лондон және 2015 жылы Шанхайда өткен әлем чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2015 жылы Сеулде «Төрт құрлықтың біріншілігінде» бас жүлдені өз қанжығасына байлады. Осылай тізбектей берсек, жерлесіміздің бағындырған белестері өте зор екенін аңғару қиын емес. Ең бастысы, ол Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спортын жаңа биікке көтерді.
Теннің ел спортына бергенінен берері көп еді. Алайда 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматының қақ ортасында ол қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Сол қаралы күні Денис өзінің «темір тұлпарын» Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысына қойып кетеді. Сол маңды айналшықтап жүрген екі ұры көліктің айнасын қолды етпек болды. Соны байқап қалған Денис оларды тоқтатуға тырысады. Төбелес кезінде қарақшылардың бірі атақты спортшыға пышақ сұғады. Тен аса ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Бірақ ақжелеңділер өрімдей жасты ажал тырнағынан аман алып қала алмады. Денис небәрі 25 жаста еді...
2019 жылы Алматыда Денис Тенді еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің тұсауы кесілді. Одан кейін ол Астанада өте бастады. «Челенджер» санатына енген жарысқа әлемнің көптеген мемлекетінің мықты мәнерлеп сырғанаушылар келіп, өз өнерлерін ортаға салды. Былтыр ерлер арасындағы додада алғашқы үш орынды Ресей спортшылары иеленді. Олар – Петр Гуменник, Марк Кондратюк және Андрей Мозалев. Әйелдер сайысында белоруссиялық Виктория Сафронова алтыннан алқа тақса, әзербайжандық Екатерина Рябова мен украиналық Анастасия Шабатова күміс пен қола медальдарды мойындарына ілді. Бишілердің бәсекесі ресейлік жұп Анастасия Скопцова мен Кирилл Алешиннің жеңісімен аяқталды.
Міне, енді «Денис Теннің мемориалы» қайта Алматыда өтетін болды. Денис дәл осы Алатау баурайында дүниеге келгенін жұрт жақсы біледі. Оның балалық және жастық шағы осы әсем шаһарда өтті. Олай болса, «Халық Аренада» өтетін жарысты тамашалау үшін көрермендердің көптеп келетініне еш күмәніміз жоқ.