• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қазан, 2022

Қазақстан мен Таиланд арасында тұрақты әуе рейстері көбейеді

222 рет
көрсетілді

Таиланд премьер-министрі Прают Чан-о-ча Қазақстан елшісі Арман Исетовті қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында премьер-министр дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығымен құттықтап, Қазақстан мен Таиланд арасындағы сенімді әріптестік байланыстарды атап өтті. Генерал Прают Чан-оча елдеріміздің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті. Осы үдерістегі Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) жоғары рөлін ескере отырып, Таиланд Астанадағы АӨСШК 6-шы Саммитіне қатысуды жоспарлап отыр.

«Сонымен қатар тай үкіметінің басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту қажеттігі туралы айтты. Соңғы бірнеше жылда өзара тауар айналымы дәйекті түрде өсіп, одан әрі ынтымақтастық әлеуетін сақтап келеді. Логистикалық қашықтықты ескере отырып, Прают Чан-оча тауарларды жеткізудің балама жолдарын іздеу қажеттілігіне назар аударды. Бұл ретте тай компанияларының Қазақстанда бизнес жобаларды іске асыруға мүдделілігі атап өтілді», деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.

Бұған қоса, тараптар жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі саласында көбейіп кеткен проблемаға  алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты елші Қазақстанның әлемнің мұқтаж елдеріне астық өнімдерін жеткізу әлеуетін атап өткен.

Сондай-ақ тараптар туризмді өзара дамыту мәселесін талқылады. Қазақстандық дипломат туристер ағымын арттыратын екі ел арасындағы тұрақты рейстер санының артуы туралы хабарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты барлық деңгейде жалғастыруға келісті.