Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі өңірлік директоры Рената Хельд ханыммен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы адам құқықтары саласындағы ахуалды, сондай-ақ, еңбекші-мигранттардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Қ.Сұлтанов Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарының ұсынымдарын жүзеге асыру барысы, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты» Жолдауының шеңберінде қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғырту міндеттерін қалай іске асыру туралы, сондай-ақ, мемлекеттің ұлтаралық және дінаралық татулықты одан әрі нығайта түсуіне қатысты атқарып жатқан жұмыстары туралы жан-жақты айтып берді.
Қонақ Адам құқықтары жөніндегі комиссияның құқық қорғау саласындағы жаңа жобаларымен, атап айтқанда, комиссияның адам саудасының алдын алуға және заңсыз көші-қон фактілерін болдырмауға қатысты дайындалатын арнайы жобаларының жұмысымен таныстырылды.
Р.Хельд Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жұмысына жоғары баға беріп, адам саудасымен күреске қатысты дайындалатын арнайы баяндаманы және Адам құқықтары саласындағы жаңа Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуде сәттілік тіледі.
Өз кезегінде, Қ.Сұлтанов Халықаралық көші-қон ұйымына және оның Қазақстандағы өкілдігіне адам құқықтарын қорғау және ынталандыру саласындағы сындарлы ынтымақтастық үшін алғыс айтып, комиссияның ХКҰ-мен адам құқықтары саласындағы сындарлы ынтымақтастыққа дайындығын жеткізді.
ХКҰ өңірлік директоры комиссияның еңбекші-мигранттар құқықтарын қорғау саласындағы жобасы әлемнің көптеген елдерінде жоқ екенін және Қазақстанның еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудегі жетістіктері басқа елдер үшін үлгі болуы мүмкін екенін атап көрсетті.
Кездесуге, сондай-ақ, ХҚҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Деян Кесерович пен Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев қатысты.
«Егемен-ақпарат».