Биылғы 1 қазанда Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық қондырғыларды жоспарлы жөндеу басталды. Зауытты тұрақты жұмыс режіміне шығаруды кезең-кезеңімен қарашаның екінші онкүндігіне дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Атырау МӨЗ» ЖШС-ның қоғаммен байланыс бөлімі мәлім еткендей, технологиялық қондырғыларды жоспарлы жөндеу Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жүргізіледі.
«Технологиялық нысандарды жөндеу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. АМӨЗ-дегі құрылғылар мұнайды екі кезеңдік жүйе бойынша өңдейді. Яғни бірінен кейін бірі тоқтатылып, іске қосылады. Сондықтан нысандар жұмысын толық тоқтатпайды. Жөндеу кезінде зауыт 50-70 пайызға тең қуатпен мақсатты өнім шығаруды, оны жөнелтуді жалғастырады», деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімі.
Зауыт мамандарының түсіндіруінше, биылғы қазан мен қараша айларында 692 мың тонна мұнай өңдеу жоспарланыпты. Демек мұнай өңдеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 11 347 тоннаны құрайды. Бұл – зауыттың жобалық қуаттылығының 68 пайызы. Ал мұнай өнімдерін шығару тоқтатылмайды. Мәселен, тәулігіне орташа 2 400 тонна автобензин, 2 600 тонна дизельді отын, 240 тонна реактивті отын және 170 тонна сұйытылған газды шығару көзделген.
«Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы «Азаматтық қорғау туралы» заң талаптарына сәйкес технологиялық, электркүшті, компрессорлық және динамикалық жабдықтарды қауіпсіз әрі сенімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін қондырғылардың жобалық көрсеткіштеріне қол жеткізу, экологиялық параметрлерді жақсарту, автоматтандыру құралдарын қайта қарау мақсатында жасалады. Жоспарлы жөндеу кезінде қондырғыларда катализаторларды ауыстыру, ішкі инспекция, реакторлық, ыдыстық, колонналық, жылу алмасу жабдығы мен құбыр жолдарын тексеру және куәландыру жүргізіледі», деп мәлім етті зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.
Атырау облысы