Санаулы күндерден кейін, дәлірек айтсақ, 12-14 қазанда Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрме орталығында KazAgro/KazFarm халықаралық көрмесі ұйымдастырылады. Оған әлемнің 20 елінен 300-ден астам агроөнеркәсіптік компания қатысады деп күтілуде.
KazAgro/KazFarm Орталық Азиядағы ең ірі ауылшаруашылық көрмелерінің бірі және агроөнеркәсіп саласындағы әлемдік инновацияларды таныстырудың жетекші кәсіби алаңы болып саналады. Мұндағы KazAgro дегеніміз – тұқым таңдаудан бастап, дайын өнім мен заманауи технологияларды қамтитын өсімдік шаруашылығы көрмесі. Ал KazFarm – мал шаруашылығы мен ет-сүт өнеркәсібіне арналған көрме. Бұл жерде эмбриондардан бастап дайын өнімдер мен қызметтерге дейін толық қамтылған.
KazAgro/KazFarm-2022 нарыққа әлемдік жетекші агроконцерндердің соңғы үлгідегі ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын, инновациялық технологияларды және агроөнеркәсіп саласына агро-ғылымның соңғы әлемдік жетістіктерін енгізуге ықпал ететін ауыл шаруашылығы секторын дамыту бағдарламаларын ұсынады.
Іс-шараны ұйымдастырушы ExpoGroup компаниясының директоры Шолпан Қожабаеваның айтуынша, халықаралық көрме компаниясы Қазақстанда әртүрлі елдердің 300-ден астам агроөнеркәсіптік компанияларын біріктіретін көрмелерді 10 жылдан бері өткізіп келеді. Биыл көрмеге әлемнің 20-дан астам елінен компаниялар мен ұйымдар қатысады деп күтілуде. Іс-шараның бас демеушісі – «Ростсельмаш» компаниялар тобы.
– Жалпы жоба фермерлерге үш күн ішінде бір нысанда барлық бизнес шараны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көрменің жалпы ауданы шамамен 20 мың шаршы метрді құрайды. 2021 жылы іс-шара рекордтық 33 мың қатысушыны тартты. Олардың қатарында қазақстандық фермерлер, көтерме және бөлшек сауда өкілдері, импорттаушылар мен экспорттаушылар, Ауыл шаруашылығы министрлігі және алыс-жақын шетелдердің басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдері, сала мамандары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары бар, – дейді Ш.Қожабаева.
Көрме бағдарламасында жетекші сала мамандарының, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен инновациялық орталықтардың басшыларының қатысуымен семинарлар, презентациялар ұйымдастыру, іскерлік миссиялар мен қазақстандық және шетелдік компаниялар арасында меморандумдарға қол қою қарастырылған.
– Қатысушылар мен көрме қонақтары агрономдарға арналған жаңа қосымшаның тұсаукесеріне куә болады. Мал шаруашылығына арналған соңғы жаңалықтармен танысады. Ауыл шаруашылығына арналған жаңа КамАЗ көліктері мен машиналарының тұсаукесері өтеді. Шетел технологиясын көрсету, жаңа өнімдерді таныстыру көзделіп отыр. Қазақстандағы ауылшаруашылық техникасының алғашқы ішкі нарығының тұсаукесері, сонымен қатар әртүрлі интерактивті іс-шаралар, байқаулар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады, – деді ол.
Сонымен қатар көрмелер барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің барлық өңірінен үздік және озық өсімдік шаруашылығындағы мамандарды марапаттай отырып, Қазақстан селекционерлерінің II слетін өткізеді. Сондай-ақ көрмелер тарихында алғаш рет таңдаулы бұқалардың тұқымдық материалдары бәссаудаға шығарылады.