Қазақстан және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына байланысты іс-шаралар легі дәуір үніне айналған әншінің туған жері Қазалы ауданында жалғасты. Ғажап таланттың ғасырлық тойын лайықты атап өту жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін жыл басынан бері еліміз бен шетелдерде мәдени кештер, концерттер мен көрмелер ұйымдастырылып келеді. Әлемдегі елуден астам мемлекет сахнасында ән шырқап, қазақ өнерінің өресін танытқан таланттың жүзжылдық тойы ЮНЕСКО шеңберінде ұйымдастырылатыны да ұлт мәдениеті үшін мақтаныш.
Сырда да ұлы әншіні ұлықтау былтырдан бастау алған. Қазалыдағы барлық мәдени іс-шара кіріспесі Бағлановамен байланыстырыла басталып, жас әншілер арасындағы «Іңкәрім-ай» конкурсы қолға алынды. Ал бұрын ауданда өтіп, талай әншіні танытқан «Ақмаңдайлым» байқауы биыл облыс орталығында ұйымдастырылып, көктемде Бағланова болмысын көрсететін асқақ ескерткіш тұғырға қонды. Осылайша, Сыр сандуғашы өзін еркелеткен еліне ескерткіш болып оралды.
«Сенікі, менікі» деп бөлмей жақсы істің басына жұмыла кететін Қазалы жұрты осы жолы да ұйымшылдық танытты. Жүзжылдыққа арналған шаралар легі Qazaly marathon-2022 атты марафоннан бастау алды. Осы күні Бағланова шырқаған әндер кент көшесін кернеп тұрды. Тоғыз шақырымға жүгірген 14-28 жас аралығындағы жастар облыстың әр түкпірінен жиылған желақтар. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен жарыстың жеңімпазы алдына қара салмай келген аралдық Тұрсын Керімбердиев болды. Екінші орынды қармақшылық Данияр Әбілахатов иеленсе, қола жүлде Қызылорда қаласынан келген Күмісбек Қоңқабаевқа бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтап, қаржылай сый табыс етті.
Бір айта кетерлігі, желаяқтар жүлдесі аудан орталығында жаңадан ашылып жатқан Жастар үйінің алдында табысталды. Шығыс жастарының көсемі атанған Ғани Мұратбаевтың ізбасарлары аймақтың өсіп-өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа нысан жастардың басын біріктіріп, еріктілер қызметін өркендетуге өріс ашады.
Жастар үйінің ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жастарға жылы лебізін жеткізді.
– Ауданымыздың мерейін асқақтатып, өздерінің білімі, шығармашылық жұмыстары және спорттағы жетістіктерімен облыс, республика, қала берді халықаралық деңгейде танылып жүрген жастарымыз жетерлік. Біздің тарапымыздан талантты жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Елдің ертеңі болатын тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстар кейінгі буын өкілдеріне жасалған қамқорлық жалғаса береді. Былтыр Қазалыда Жастар ресурстық орталығы ашылса, биыл қала жастары жаңа ғимаратқа көшті. Біздің міндет – талапты жастың тауанын жықпай, талабын ұштау. Сондықтан да оқитын жасқа бағыт беріп, жоғары білім ала алмай қалғандарды қатардан қалдырмай жұмысқа орналастыруға немесе кәсіп ашуға көмек көрсетілуі қажет, – деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.
Жастар үйінің ашылуында ауданның құрметті азаматы Болатбек Пұсырманов да құттықтау сөз сөйлеп, кейінгі толқын өкілдеріне тілегін жеткізді.
Аудан орталығында өткен «Ән әлемінің падишасы» атты республикалық танымдық конференцияға қатысушылар осы күні Жалаңтөс батыр мен Әйтеке би ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, Жанқожа батыр кесенесінде болды. Сыр бұлбұлының есімін иеленген аудандық мәдениет орталығы ауласындағы бюстін гүлмен көмкеріп, әнші рухына құрмет танытты.
Мәдениет орталығында өткен конференцияда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Роза Тәжібайқызының өнері қазақ ән әлемінің тұтас бір дәуіріне айналғанын атап өтті. Конференцияда тарих ғылымының кандидаты, облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас «Бағланова болмысының ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасады. Қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев, Қазақстанның құрметті журналисі Ермек Зәңгіров, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қуаныш Төлебаев, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова және Қазалы ауданының құрметті азаматы Берік Бисембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Сыдықов талант иесі жайлы тебіреніске толы естеліктер айтты.
Танымдық конференцияда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Қазалы ауданының құрметті азаматы, экономика ғылымының докторы, профессор Орақ Әлиев, ардагер Бибайша Тілеубергенова әнші мерейтойына орай баспа жүзін көріп жатқан «Ән әлемінің падишасы» атты кітаптың тұсауын кесіп, жаңа туынды оқырмандарға жол тартты.
Бұлбұл әншінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған толымды шаралардың бірі «Шығыстың бұлбұлы» атты республикалық ақындар айтысы болды. Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен айтысқа Павлодар, Шымкент, Қызылорда қаласы, Түркістан, Ақтөбе облысы және Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарының ақындары қатысты.
Айтысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөзбен ашып, ақындарға сәттілік тіледі. Ақындар аламанын «Алтын домбыраның» үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов жүргізіп, сөз сайысына шыққандарды көпшілікке таныстырды.
Ғасырлық тойы өтіп жатқан Бағланованың қазақтың ән өнеріндегі биігін, бүгінгі қоғамдағы түрлі құбылыстарды жырлаған ақындар арасынан қазылар алқасының шешімімен бас жүлде аралдық Ержеңіс Әбдиевке бұйырып, ақынға 700 мың теңге табысталды.
Бірінші орынға шымкенттік Біржан Байтуов лайық деп танылса, Атырау қаласынан келген Фариза Жетпісбай мен қазалылық ақын Елнұр Нұрқасым екінші орынды, павлодарлық Рауан Қайдаров пен Түркістан облысынан келген ақын Дәурен Ақсақал үшінші орынды иеленді. Өзге ақындарға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жеңімпаз бен жүлдегерлерді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, қазылар алқасының төрағасы Әбілқайыр Сыздықов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров марапаттады.
Мерейтойлық шараларды Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты концерттік бағдарламасы түйіндеді.
Осыдан бір күн бұрын ғана өнер ұжымы Қызылорда қаласында болып, Н.Бекежанов атындағы драма театрында концерт қойған болатын. Сол кеште Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова Сыр сандуғашының ғасырлық мерейтойына арналған гастрольдік сапар Солтүстік Қазақстан облысынан бастау алып, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарында жалғасқанын айтқан болатын. Сырға жеткен өнер керуенінің Қазалыдағы концертінде аудан басшысы әншілерге алғысын жеткізді.
– «Қазақконцерт» өзінің байырғы гастрольдік сапарларын жаңғыртып, елді мекендерді аралауы өнерге сусындаған елді серпілткенін айта кеткен абзал. Аудан халқын рухани жігерлендірген өнер ұжымына қазалылықтардың атынан алғысымды айтамын, – деді ол.
Осы кеште Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Айжан Нұрмағанбетова, Құрмаш Махан мен «Азия» тобы және басқа да әншілер өнер көрсетіп, Қазалы аспанын әнге бөледі.
ҚЫЗЫЛОРДА