Биыл тұңғыш рет отандық мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық жетістіктерін қолдау, дамыту және насихаттау мақсатында Umai ұлттық сыйлығы тағайындалған еді. Жалпы жүлде қоры 54 млн теңгені құрайтын сыйлықта төрт номинация бойынша 19 жүлде табыс етіледі. Атап айтсақ, «Театр өнері», «Музыкалық орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Театрдағы бейнелеу өнері». Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өнер саласындағы алғашқы ауқымды сыйлықтың шарттары мен мәдениет саласындағы басқа да жобалар талқыланды.
Алқалы жиынға қатысқан Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов биылғы Балалар жылының аясында «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлде тағайындалғанын атап өтті.
«Сыйлық 2022 жылы Қазақстанның шығармашылық ұжымдарына және жекелеген өнер қайраткерлеріне 2020 жылғы қыркүйектен бастап 2022 жылғы шілде аралығына дейінгі екі театрлық, концерттік, шығармашылық маусымдағы спектакльдер, концерттер, шығармашылық жобалар, өнер туындылары үшін табысталады. Ал сыйлық мөлшерінің ең төменгісі 2 млн теңгеден басталып, ең жоғарғысы 10 млн теңгеге дейін барады», деді вице-министр.
Сондай-ақ оның айтуынша, «Театр өнері» номинациясына жалпы сомасы 22 млн теңгені құрайтын жеті сыйлық еніп отыр: «Опера өнері» (операдағы ерлер және әйелдер партиясы үшін), «Актерлік шеберлік» (драмалық немесе музыкалық-драмалық спектакльдердегі ерлер және әйелдер рөлдері үшін: оперетта, мюзикл, рок-опера, музыкалық комедияда), «Үлкен режиссура», «Спектакльдің үздік көркемдік безендірілуі», «Үздік музыкалық-драмалық спектакль».
Одан бөлек жалпы сомасы 6 млн теңгені құрайтын 3 сыйлықты «Музыкалық-орындаушылық өнер» номинациясындағы жеңімпаздар алады: «Үздік дәстүрлі орындаушы (ән айту)», «Үздік дәстүрлі орындаушы (аспапшы)», «Үздік музыкалық ансамбль (классикалық/халықтық)». Ал «Хореографиялық өнер» номинациясында жалпы сомасы 18 млн теңгені құрайтын бес ақшалай жүлде анықталды. Олар «Үздік би ұжымы» (би ансамбліне: халық, заманауи және эстрадалық билер), «Балеттегі үздік орындаушы» (ер/әйел балет солисі), «Үздік хореограф», «Үздік балет спектаклі» аталымдары бойынша беріледі.
Жалпы сомасы 6 млн теңгені құрайтын «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» номинациясы қолөнер шеберлеріне арналған. Олар тағайындалған сыйлықты «Үздік сәндік-қолданбалы өнер туындысы» үшін алады, ал «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» екі сыйлығына көркем суретшінің/графика жұмысы, сондай-ақ заманауи өнердегі (перфоманстар, инсталяциялар, арт-нысандар және т.б.) жобалар ие болады.
Сонымен қатар Umai-2022 сыйлығы аясында Балалар жылына орайластырылған «Үздік балалар спектаклі үшін» 2 млн теңге көлеміндегі арнайы сыйлық бәйгеге тігілді.
Брифингте сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры директорының орынбасары Төлеубек Әлпиев аталған театрдың Umai ұлттық сыйлығын өткізу алаңы болып отырғанын атап өтті.
«Сыйлықтан үміткер кез келген спектакль, ол ұлттық болсын, әлде классикалық немесе заманауи спектакль болсын, оның креативті шешімі болуға тиіс. Сондай-ақ ол инновациялық элементтерді де қамтуы керек. Қойылымдық топтың спектакльдің музыкалық бөлігін ауыстыра алмайтыны түсінікті, бірақ визуалды бөлігі, яғни спектакльдің сценографиясында, көркемдік идеясында, музыкада, әртістің шеберлігінде жаңа көзқарас болуы қажет», деді ол.
Ал Бейнелеу өнері бойынша сөз сөйлеген суретші-зергер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібай әр өнер адамы үшін мәдениет пен өнер саласындағы тұңғыш Umai ұлттық сыйлығын иеленудің маңызы зор екенін айтты.
«Жалпы, қол өнерінің зергерлік (алтын, күміс, өңдеу), ұсталық (қара металды өңдеу), ағаш өңдеу, тоқыма, кестелеу, тері өңдеу, киіз басу, керамика және т.б. түрлері бар. Міне, осыншама жан-жақты бағытта тер төгіп жүрген дарынды үміткерлер көп боларына сенімдімін. Сондықтан аталған номинацияда жеңімпазды анықтау қиынға соғары анық. Еліміздегі бейнелеу және қолданбалы өнердің болашағына зор үмітпен қараймыз. Себебі беріліп жатқан сыйлық өнер адамдарын бір құлшындырады деп ойлаймын», деді зергер.
Сондай-ақ жиын барысында Музыкалық өнер бағыты бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Балажанова баяндама жасады.
Umai сыйлығы Қазақстандағы мәдениет және өнер саласында бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Ол туралы естігенде, мені, ең алдымен байқауда өнер адамдарына тақырып таңдауда еркіндік берілгені қуантты. Басқа байқаулардағы секілді мұнда тақырыптық шектеу жоқ, кез келген өнер адамы өзінің инновациялық туындысын ұсына алады. Үздік дәстүрлі орындаушыны таңдаған кезде сараптау комиссиясының мүшелері дәстүрлі әншілердің қандай мектептен шыққанына, аймақтық ерекшеліктеріне де мән береді деп ойлаймын. Атауы айтып тұрғандай, дәстүрлі өнер тікелей халықтан тараған, оған басқа ешқандай мәдениет араласпаған», деді А.Балажанова.
Айта кетейік, аталған сыйлыққа өтінімдерді қабылдау 9 желтоқсанға дейін жалғасады.
Бұдан бөлек, брифингте жас отандық жазушыларға мемлекеттік қолдау көрсету, жас ақындар мен жазушыларға жаңа есімдерді ұлықтау мақсатында жыл сайынғы «Айбоз» арнайы әдеби сыйлығы тағайындалғаны да айтылды. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап жыл сайынғы жас жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындау қарастырылып отырғаны хабарланды.