• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қазан, 2022

Бәрінің қалауы – бейбіт өмір

264 рет
көрсетілді

Ресейде мобилизациялау туралы жарлық шыға сала, кейбір азаматтары қолға қару алғаннан гөрі шекара асып кетуді дұрыс көрген. Шиеленіскен бұл жағдай шығысқазақстандықтарды да бейжай қалдырмады. Облыс­тың 800 шақырымдай ше­карасы Ресеймен шектесіп жатқан соң да алаңдайды. Әл­бетте, бас сау­ғалап келген Ре­сей азаматта­рын кеудеден ите­рейін деген еш­кім жоқ. Бірақ қым­бат­шы­лық қысып тұрған шақта пәтер ба­ға­сының шарық­тап кеткеніне кү­йінеді ел.

Ресейліктердің шекарадан іркес-тіркес өткенін Өскемендегі халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектен байқауға болады. Бірақ Ресей азаматтары үшін арнайы бір терезе қызмет көрсетіп тұр. Бардық, көрдік, шекара асып келген азаматтармен тілдестік. Алайда ХҚО басшылары қандай да мәлімет беруден бас тартты.

Алғашында кезекте тұрған азаматтар журналистермен сөйлесуге ниет білдіре қоймаған. Әрине, со­ғыс­тан қашып, шекара асып кеткен соң ертеңгі күні сұрауы бар деп қауіптенетін шы­ғар, кім білсін?! Десе де, іштерінен суыр­ылып шығып, өз ойларын ашық айт­қандар, соғысқа қарсылықтарын білдіргендер де болды. Өздері қашып жүргенімен, Ресей басшылығының сая­сатына сырттай қолдау білдіргендерді де құлағымыз шалды. 

– Бізді қашып келді деп айыптап жатқандарды білеміз. Бірақ мынаны түсінсе екен деймін; біз Отанды тас­тап қашып келген жоқпыз. Бірақ бұл қақтығысқа қатысқымыз келмейді. Қа­раңыз, кезекте тұрған анау жас­тар қол­дарына қару ұстап көрмеген. Ертең соғысқа кірсе, өледі де қалады. Егер, Отанға қауіп төнсе, әңгіме басқа, – дейді Иван Гаврилов.

Көпшілігі пікір білдіргенімен, аты-жөн­дерін жазбауын сұрады. Ал Мәс­кеуден Новосібірге ұшып, одан Өске­мен­ге табан тіреген И.Гаврилов ойын ашық айтып қана қойған жоқ, тарихтан орағытып келіп, саясатты да талдап берді. Оның ойынша, бұл со­ғыста болып жатқан әділетсіз әре­кет­тер көп. Елге керегі – бейбіт өмір, тұрақтылық.

– Шынымды айтсам, Өскемен деген қаланың барын білмеппін. Жар­лық шыға сала ұшаққа билет алдым. Бы­­лайша айтқанда, басым ауған жаққа кетуім керек болды. Ең бастысы, со­ғысқа бармасам деп ойладым. Сөйтіп, Новосібірге ұшып келдім. Одан автобусқа мініп, Өскеменге тарт­тым. Жолым болды. Автобекеттен Өскеменге деген соңғы билет маған бұйырыпты, – дейді ойын бүкпесіз жеткізген Иван Гаврилов.

Ал Новосібір қаласының тұр­ғын­­да­ры Кирилл мен Оксана моби­лизациялау туралы жарлық шық­­қан соң ар­ты­нып-тартынып, жеке көліктерімен Өс­кеменді бетке алған. Олар да Отанын амал­сыз тастаған. Соғыс оты сөнсе, кері қайтуымыз мүмкін деседі.

– Егер Отаныма қауіп төнсе, бірінші өлуге әзірмін. Ал дәл қазіргі жағдайда не үшін соғысқаныңды, не үшін өліп қалғаныңды білмейсің ғой. Кейін, елдегі жағдай тынышталса қайтып ораламыз, – деп түсіндірді Кирилл.

Иә, ресейлік азаматтардың кей­біреуі жағдай тұрақталса, оралатындарын ашық айтты, енді бірі Еуропа елдеріне барып тұрақтаймыз деп кесе сөйледі.

Халыққа қызмет көрсету орталы­ғын­да түске қарай ресейліктердің қара­сы көбейе берді. Мобилизациялау туралы жарлық шыққалы қанша азамат Шығыс Қазақстанға өтті деген сұраққа көші-қон полициясы қызметкерлері басшылығының келісімінсіз жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Полиция департаментінің баспасөз қызметі де аталған сұраққа жедел жауап бере қойған жоқ, жан-жақты ойланып барып жауап жолдаған сияқты. Департамент мәліметіне сүйенсек, «Үбі Авто» шекара бекеті мен «Өскемен» әуежайы арқылы 8 629 шетелдік азамат келген. Олардың 5 935-і Ресей азаматтары. Бұл – 28 қыркүйекке дейінгі дерек.

Сонымен қатар облыс аумағында 684 жалдамалы пәтер тіркелсе, онда Ресей Федерациясының 11 аза­маты тұрып жатыр. Облыстың қонақүйлеріне 458 ре­сейлік азамат орналасқан. Оның 28-і Шемонаиха ауданында, 67-сі Рид­дер­де, 363-і Өскеменнің қонақ­үйл­ері­нен орын тапқан.

Тарқатып айтсақ, дәл қазіргі уа­қыт­та Ресей Федерациясынан 8 450 адам облыс аумағында тұрып жатыр. 4 972 азамат облыста тұрақты тұрады. Ал 1 737 ресейлік уақытша тұрақтаған. Қал­ған 1 741-і хабарлама бойынша. Полиция департаментінің ҰҚК шекара қыз­метінің ақпаратына сүйене отырып, жол­даған статистикалық деректері осы.

Құжынаған цифр өз алдына, осыншама ресейлік азаматтардың келуі – пәтер бағасының өсуіне әкеліп соқты. Иә, баға шарықтады. Хабарландыру сайт­­тарын парақтап отырсақ, екі бөл­мелі пәтерақының бағасы 400 мың тең­­геге дейін жеткен. Айына 400 мың теңгені әр өскемендік ағайынның қал­та­сы көтермейді.

– Ресей мен Украинаның арасын­дағы жағ­дай кімді болсын алаңдатып отыр. Ал елімізге келіп жатқан Ресей­дің аза­­мат­тарына шектеу қоя алмаймыз. Ке­рі­­сінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, қам­қор­лық көр­сетуіміз керек. Бізге керегі – береке-бірлік. Тек, пәтерақының негізсіз қым­бат­тап жатқанына тоқтау салуымыз керек. Әйтпесе, пәтерден пәтерге көшіп жүр­ген жас отбасылар үшін қиын. Жатақ­ханаға сыймай қалған студенттер қанша?! – дейді саясаттанушы, қоғам белсендісі Әділ Сайлаубек.

 

Шығыс Қазақстан облысы