Орталық сайлау комиссиясы 5-7 қазан аралығында Электоралдық оқыту орталығының базасында елімізде тіркелген саяси партиялардың өкілдері үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау процесі: теориясы мен тәжірибесі» атты оқыту курсын өткізіп жатыр.
Ортсайлауком тарапынан курстың спикерлері тізімінде ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров, комиссия мүшелері Сәбила Мұстафина, Анастасия Щегорцова, Асылбек Смағұлов, сондай-ақ аппарат қызметкерлері бар.
Оқыту курсы саяси партиялардың өкілдеріне президент сайлауын әзірлеу мен өткізу ерекшеліктерін түсіндіруге бағытталған. Соның ішінде сайлау науқанының негізгі кезеңдері, кандидаттарды ұсыну мен тіркеудің ұйымдастырушылық-құқықтық рәсімдері, мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржыландыруды, атап айтқанда, кандидаттардың сайлау қорларымен жұмысы және сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланады.
Семинарда саяси партиялар өкілдері мен сайлау процесіне қатысушыларға электоралдық оқыту мәселелері, сайлауды ұлттық байқауды жүзеге асыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау заңнамасын бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілік мәселелері және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға енгізілген новеллалар таныстырылады. Сондай-ақ семинар барысында партиялардың сайлау процесіне қатысуы бойынша тренинг өтеді.
20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауын өткізу кезеңінде электоралдық оқыту жөніндегі жоспарға сәйкес бұдан бұрын республикалық және облыстық жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері, облыстар әкімдері аппараты, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар қаржылық қызметтерінің қызметкерлері үшін семинарлар өткізілді.
Сайлау науқаны шеңберіндегі келесі семинарлар өңірлердің сайлаушылармен жұмыс жөніндегі call-орталықтарының қызметкерлері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының, сайлау жөніндегі заңгерлер, сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге жауапты ЖАО қызметкерлері, құқық қорғау және сот органдарының, прокуратура органдарының қызметкерлері, Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінің жанынан құрылған учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ осы жылдың қазан және қараша айларында Орталық сайлау комиссиясы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі президенттікке кандидаттардың үгіт науқанын реттеу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін және сайлауды ұлттық байқауды жүзеге асыру мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдар үшін бірлескен семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.