Аралас жекпе-жектен UFC-де өнер көрсетіп жүрген қазақтың ұлы Дамир Исмағұлов өзінің келесі жекпе-жегінде Ресейдің намысын қорғайтын армян спортшысы Арман Царукянмен күш сынасады. Бұл бәсеке 18 желтоқсанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді деп белгіленіп отыр.
Арман Царукян 1996 жылдың 11 қазанында Грузияның Ахалкалаки қаласында дүниеге келген. Кейіннен ата-анасымен бірге Ресейдің Краснодар өлкесіне қоныс аударды. Сол жақта жүріп еркін күреспен айналысты. Кейіннен панкратион мен грэпплингтен Ресей чемпионы атанып, түрлі халықаралық турнирде топ жарды. Азия чемпионы деген атағы да бар. Арман 2015 жылдан бері аралас жекпе-жектен жарыстарға шығып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Сол аралықта 21 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіс тойын тойлады. 12 бәсекеде айқын басымдық танытты. Царукян үш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Өзінің спорттық карьерасын бастағанда Александр Белыхтан ұтылса, 2019 жылы UFC-дегі тұсаукесер кездесуінде Ислам Махачевке ұпай санымен есе жіберді. Биылғы жазда польшалық Матеуш Гамбротқа жол берді.
Дамир Исмағұлов 1991 жылдың 3 ақпанында Ресейдің Орынбор облысында туған. 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекті серік еткен ол 25 кездесудің тек біреуінде ғана ұтылды. 2015 жылдың күзінде қандасымыз Назраньда жергілікті спортшы Рамазан Есебаевқа есе жіберді. Одан кейін қатарынан 19 бәсекеде басым түсті. 13 кездесуде айқын басымдық танытты. Ресейдің М-1 нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Ал UFC-де Исмағұлов бес рет октагонға шығып, барлығында жеңіске жетті.
Бір қызығы, бұл спортшының екеуінің де менеджері бір. Ол – қазақ жігіті Саят Абдрахманов. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Менің файтерлерім бір-бірімен айқасқанын әу бастан қаламаған едім. Осы орайда екеуін беттестірмеу үшін бар күшімді салдым. Бірақ UFC басшылығы өздерінің кесімді сөздерін айтып, бұл әңгімеге нүкте қойды. Оның үстіне, қазір Дамирге де, Арманға да шегінер жол жоқ. Екеуі де әлемдік рейтингте алға жылжығысы келеді. Сондықтан да олар өз келісімдерін берді», деп Саят жоғарыдағы жекпе-жекке байланысты өз пікірін білдірді.
Қазіргі кезде Дамир Исмағұлов жеңіл салмақтылардың рейтингінде 12-орында тұрса, Арман Царукян үздік ондықты түйіндеуде. Ал ТОП-10 файтердің қатарына Чарльз Оливейра (Бразилия), Дастин Порье (АҚШ), Джастин Гэтжи (АҚШ), Ислам Махачев (Ресей), Майкл Чендлер (АҚШ), Бенеил Дариуш (АҚШ), Рафаэль Физиев (Әзербайжан), Рафаэль дос Аньос (Бразилия) және Матеуш Гамрот (Польша) сынды саңлақтар еніп отыр. Ал кезінде атағы жер жарған Ирландияның атышулы спортшысы Конор Макгрегор 11-орынды еншілеуде.