• RUB:
    5.01
  • USD:
    492.14
  • EUR:
    528.85
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Қазан, 2022

Өнер – адамзатты бірлікке бастайды

683 рет
көрсетілді

Адамзат өркениетін өрістеткен өнер туындылары кеше мен бүгінді жалғайтын, өнерді түсінуге һәм сүюге бастайтын алтын көпір. Көне тарих көмбесінен сыр шертетін мұндай шығармалар мәдениеттің мәйегі сақталған музейлердің баға жетпес байлығы. Осы орайда Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік Өнер музейінің директоры, өнертанушы ғалым Гүлайым Жұмабековаға бірер сауал қойған едік.

– Ә. Қастеев музейі қорындағы ең көне жәдігерлер қандай, олардың  ең маңызды дегендеріне тоқталып, тарихын баяндап өтсеңіз?

– Музей таным мен тағылым ордасы. Адамзат өркениетін өрге бастырған қуатты күш өнер десек, сол өнердің қазанында қайнап ғаламат туындыларды өмірге әкелген тұлғалар мәңгілік тарихқа айналды. Музейіміздің қорында көнелігімен де, мән-мазмұны жағынан да өнер тарихынан ойып орын алатын айшықты дүниелер бар. Батыс Еуропа - Франция, Германия, Нидерланды, Голландия, Фландрия, Италия, Испания елдерінің өнер тарихымен байланысты жәдігерлер де аз емес. Айталық, осы коллекцияда (кескіндеме) XV ғасырға жататын ең көне  бірнеше туынды бар:

Германиялық белгісіз суретшінің  «Магиге табыну. Фрагмент» деп аталған жұмысы  майлы бояуға жағылған мәнерлі өнер туындысы. 1939 жылы Ленинградтан сатып алынған картинаның өлшемі – 25, 5х15.  Осындай тағы бір картина шамамен 1554-1630 жылдарды қамтыған  «Бала. 1595» (Германия. Лоренцо Штраух)  деп аталған туынды.

Суретте кішкентай Иса Мәсіх, оған 36 апта болғанда бейнеленген. Мұндай жазба суреттің жоғарғы оң жағында орналасқан. Музей коллекциясында XVII ғасыр және осы уақытта пайда болған барлық стильдер дара мәнге ие.

Шығыс елдері - Қытай, Үндістан, Жапония елдеріне арналған коллекция музейде сақталған ең бір көне мұраларға жатады. Мәселен Қытай жинағында Мин дәуірінде (1368-1644) жасалған бірнеше туындылар бар. Бұл негізінен қола салттық өнімдер.

Орыс және ежелгі орыс өнері қорында парсуна мәнерінде жасалған Федор Алексеевичтің портреті ерекше мәнге ие. Бұл туынды XVII ғасырдың аяғында салынған. Сол уақыттарға тұспа-тұс келетін «Минея» иконасы да айрықша жәдігер деп атауымызға болады.

Қазақстан өнері қорындағы  сәндік - қолданбалы өнер - коллекциясында 18-19 ғасырлардағы туындылар бар. Қазақстанның бейнелеу өнері - коллекциясында 1872 жылдан бастап жұмыс істей бастаған Николай Гаврилович Хлудовтың туындылары сақталған.

–  Музейде өнер ошағының есімі берілген даңқты суретші Ә. Қастеевтің қандай туындыларының түпнұсқасы сақталған?

– Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 361 – графика,  46-кескіндеме мәнерінде салынған туындыларының түпнұсқалары сақталған. Суретшінің туындысына өзіндік ерекшелік, халықтық сипат, сан қырлы ұшқыр идея тән. Дара дарын иесі бейнелеу өнерінің барлық жанрларында қалам тербеді. Портреттер салды, күнделікті жанрға бет бұрды,  панорамалық, пантеистік пейзаждар, сенімді тарихи шығармаларды  өмірге әкелді. Көркем техника мен графикада орындаған жұмыстары қазақ мәдениетінің жауһарына айналды.

– Шетел өнері қорындағы негізгі экспонаттар туралы айтып өтсеңіз?

– Орыс өнері коллекциясындағы ең алғашқы туындыларды танымал суретшілер портрет жанрында салған - Рокотов Ф. «Әйел портреті», Боровиковский В. «П.Н. Дубовицкийдің портреті»  сынды туындылар 18 ғасырдың екінші жартысында салынған. Аталған қорда сақталған әр шығарманың өзіне тән тарихы бар. Біздің музейге тек жергілікті тұрғындар ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген туристер де жиі бас сұғады. Әлемнің әр түкпірінен келген өнерсүйер қауым музейден өз халқының тарихынан, өнерінен сыр шертетін дүниелерді көргенде тәнті болып жатады. Өнердің бір мұраты – адамзатты ынтымақ пен достыққа, ортақ мұратқа баулу. Әлемдегі қаншама халық өнер мен мәдениет арқылы өзара түсініседі. Осы тұрғыдан алғанда Ә. Қастеев музейіндегі әрбір жәдігер өнер тарихын танып білуге жетелейтін мәні зор құндылық деп атаған болар едім.

– Таным ордасы өз көрерменін тағы қандай тың жаңалығымен қуантпақ?

– 2022 жылдың соңына дейін музей қорынан «Жапония өнері» каталогы шығарылады. Каталогтың тұсаукесеріне қордан «Жапония өнері» көрмесі дайындалады. Музей қорынан «Қазақстан бейнелеу өнерінің 100 жауһары» жинағын басып шығару жоспарлануда. «Үндістан өнері», «Орыс өнері», «Қазақстанның қазіргі қолданбалы өнері» каталогтарын, «В.А. Эйферт шығармашылығы» монографиясын, «Қазақстанның портреттік кескіндемесі 1970-1980 ж.ж.» монографиясын басып шығаруға дайындық жасалуда. Музей қабырғасында әр апта сайын қылқалам құпиясынан қуат алған шебер суретшілердің көрмелері үзбей өтіп келеді. Бұл тұрғыда қазақ бейнелеу өнерінің өткені мен бүгінін тану, шығармалардың танымдық көкжиегін кеңейту, ғылыми өрісін арттыру музей ұжымы негізге алып отырған басым бағыттардың бірі.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Алматы

Соңғы жаңалықтар