М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің белсенді жастары республика көлемінде өтіп жатқан EcoStudentKZ челленджін Екібастұз қаласының жастарынан қабыл алып, Тараздың орталық көшесі саналатын Төле би даңғылында орналасқан оқу орнының маңайын қоқыстан тазартты.
Шымкент қаласынан бастау алған челлендж эстафетасы бүгінде еліміздің әр қиырында жалғасын тауып жатыр. Таразда ұйымдастырылған тазалық акциясына жиналған студенттер мен ерікті жастар тотыдай таранған Тараздың тазалығы үшін жергілікті атқарушы билік қана емес, тұтас қала халқы жауапты деп есептейді.
«Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы – біздің мақтанышымыз. Өркениет көшіне ілескен шаһардың бүгінгі келбетіне көз тояды. Еліміздегі ең көрікті жасыл қаланың мұнтаздай таза болуы үшін әкімдік қызметкерлері немесе жауапты мекеме өкілдері ғана емес, баршамыз жауапты болуға тиіспіз. Өйткені Тараз – біздің сүйікті қаламыз», дейді челленджге қатысқан студенттер жүздері бал-бұл жанып.
Тараз шаһары бүгінгі таңда бұрынғыдай ластанбайды. Біріншіден, адамдардың санасы өзгерсе, екіншіден, тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысы жолға қойылған.
«Бүгінгі таңда облыста барлығы 163 полигон және қоқыс төгуге арналған үйінділер жұмыс істеп тұр. Оның 5-і жеке меншікте болса, 158-і коммуналдық меншікте. Полигондардың барлығы қоршаған ортаға арналған эмиссияға рұқсаты рәсімделген, санитариялық талаптарға сай. Қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметтерімен айналысатын 43 мекеменің жұмысы үйлестірілген. Олар 191 арнайы техникамен қамтылған. Аудан орталықтарында орналасқан полигондарда қалдықтар негізінен 5 компонентке сұрыпталады. Жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар тексеруден өткізіліп, шикізат алу үшін қайта өңдеуге жіберіледі», дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев.
Жалпы, өңірде жыл сайын екі мәрте тазалық айлығы жүргізіледі. Екі айға созылатын аталған іс-шараға облыстағы барлық жастар мен мекеме басшылары, қызметкерлер ерікті түрде үн қосады. Содан да болса керек, Тараз қаласының ішкі көрінісі қоқыс атаулыдан кәдімгідей тазарып қалған деуге болады.
EcoStudentKZ челленджі аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің айналасын, орталық көшені қоқыстан тазартуға қатысқан студенттердің қатары қалың болғаны қуантты. Тіпті бұл іске өз еркімен қосылған жастарды көргенде дән риза болыстық.
«Экологиялық сананы қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласынан бастау алған челленджге студенттер өз еркімен қатысып, қолдау білдіріп отыр. Сол үшін де оларға деген алғысымыз шексіз. Жалпы, Тараз қаласының таза болуы үшін әрбір азамат жауапты екенін қаперде ұстаған жөн. Жастар бүгін оқу ордасының айналасын ғана емес, көшенің де аулаларын тазалап, сауапты іске үн қосып отыр. Алдағы уақытта да мұндай экологиялық акциялардың өтуіне мұрындық болып, сенбіліктер ұйымдастырамыз. Абаттандыру жұмыстарын да қолға алсақ деген ниетіміз бар», дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті тәрбие жұмысы бөлімінің қызметкері Әлихан Нәрегеев өз ойымен бөлісіп.
Орталық көшедегі бірқатар ауланы, жоғары оқу орнының айналасын тұтастай қоқыстан тазартқан тараздық студенттер челленджді әрі қарай Петропавл және Өскемен қалаларының жастарына жолдады.
ТАРАЗ