Былтыр Ішкі істер министрлігі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «102» мобильді қосымшасын іске қосқаны белгілі. Жаңа жүйе қолға алынғаннан бері тұрғындармен байланыс нығайып, өзара диалог қалыптаса бастағаны байқалады.
Министрлік алдында тұрған міндеттердің бірі – заманауи технологиялық, азаматтардың сеніміне ие ішкі істер органдары жүйесін құру. Ақпараттық технологиялардың қазіргі даму деңгейінде кез келген ақпарат тез таралады. Сәйкесінше, полицияның азаматтардың хабарламаларына ден қоюы да жедел болғаны қажет-ақ. Күн сайын республика бойынша полицияның жедел басқару орталықтарының операторлары 102-арнаға келіп түскен 10 мыңға жуық хабарламаға жауап береді екен. Сонымен бірге оқиға туралы ақпарат полицияға емес, әлеуметтік желілерге жіберілетін жағдайлар да көп кездеседі. Әдетте, түрлі оқиғалардың куәгерлері фотосуреттерді немесе видеоларды өз парақшаларына салады немесе танымал пабликтерге жібереді. Бұл оқиғаларды тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықтайды. Бұл ретте полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмысты ашу үшін біраз уақыт жоғалтады.
«102» қосымшасының артықшылығы – оқиғалар туралы қысқа хабарламалар мен фото, видео жіберу мүмкіндігі және оқиға орнынан тікелей бейнеқоңырау шалуға болады, бұл ЖБО операторына не болып жатқанын көруге және дереу тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Қосымша арқылы сыбайлас жемқорлық, полиция қызметкері тарапынан жасалған бопсалау фактісіне тап болған жағдайда ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне де жүгінуге болады. Қосымшаның көмегімен полиция жедел әрекет етіп, қылмыстарды ашудағы тиімділік артқаны байқалады. Бастысы – көптеген құқық бұзушылықтың алдын алуға жол ашылыпты.
«Егер өзіңізге немесе өзгелерге қауіп төніп тұр деп ойласаңыз, мас адамның рульге отырғанын көрсеңіз, зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз, жануарларға қатыгездік жасалып жатқанын көрсеңіз, күдікті адамды байқасаңыз, дереу хабарлаңыз. Тек бірлескен күш-жігерімізбен ғана құқық бұзушылыққа төзбейтін және қауіпсіз қоғам құрамыз», дейді ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы Әділ Сәрсенов.
Бұл жүйеге келіп түскен хабарламаларды жедел басқару орталығының 300 операторы, Ішкі істер органдары құрылымдарының 424 кезекші бөлімдеріндегі 1200 маман назарға алып, тиісті шаралар қолға алынады. Қосымша іске қосылғаннан бері 1,2 миллион хабарлама түскен.