Солтүстік Корея тағы да баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді. Бұл жолы КХДР тарапы арасына 22 минут салып қатарынан екі ракета ұшырған. Бірнеше күн бұрын ғана аталған ел осындай қадамға барған еді. Осылайша, айналдырған бірнеше күннің ішінде Пхеньян жарты әлемді дүр сілкіндірді. Сарапшылар Солтүстік Кореяның бұл әрекетін ядролық қаруын жетінші мәрте сынауға талпынуымен байланыстырып отыр. Бірақ Ким Чен Ынның жоспары көршілес Қытайға ұнамауы мүмкін.
Жалпы, КХДР кейінгі екі аптада баллистикалық ракеталарын сегіз рет сынақтан өткізді. Бұған дейін 25 қыркүйекте Пхеньян билігі АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуына жауап ретінде қысқа қашықтыққа ұшатын зымыранын ашық теңізге бағыттаған еді.
Кейінірек АҚШ вице-президенті Камала Харристің Оңтүстік Кореяға сапары қарсаңында тағы да осындай қадамға барды. 29 қыркүйектегі сынақ кезінде бір баллистикалық ракета ұшырылды. Ким Чен Ын мұнымен тоқтаған жоқ. КХДР 1 қазанда тағы да сынақ жасады.
Үш күннен соң, 4 қазанда құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырды. Бұл жолы ракета Жапонияның үстінен өтіп, ашық теңізге құлаған. Осыған байланысты Жапонияның солтүстігінде ескерту сиренасы қосылып, солтүстік-шығыстағы Хоккайдо және Аомори аралдарында пойыз қатынасы уақытша тоқтатылды.
КХДР-дың әр әрекетін халықаралық қоғамдастық жіті қадағалап отырғанымен, бұл жолғы сынақты бірден айыптады. Өйткені бұған дейін Пхеньян билігінің Жапонияға қарай құрлықаралық баллистикалық зымыран атпағанына бірнеше жылдың жүзі болған еді. Соңғы рет Ким Чен Ын осындай қадамға 2017 жылы барған-тын. Жапонияның премьер-министрі Фумио Кишида өз елінің үстінен ракетаның ұшуын сынға алды. Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёл батыл жауап қайтарылатынын ескертті. Көп ұзамай-ақ екі елдің басшылары ұлттық қауіпсіздік кеңестерінің шұғыл отырысын өткізді.
Бейсенбі, яғни 6 қазанда КХДР қысқа қашықтыққа ұшатын тағы екі зымыранын сынады. Жапония премьер-министрі Фумио Кишида бұған наразылық білдірді. «Қысқа мерзімде алтыншы рет бұған куә болып отырмыз. Бұған төзу мүмкін емес», деді ол журналистерге берген сұхбатында. Оңтүстік Корея тарапы да сынақты қатаң айыптап, бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына теріс әрекет екенін мәлімдеді.
Сарапшылар сынақтан өткен қару Hwasong-12 зымыраны болуы мүмкін екенін айтып отыр. Бұл ракета АҚШ-тың Тынық мұхитындағы Гуам аралдарына жете алады. Әрі оған ядролық оқтұмсық салуға да мүмкіндік бар. Сондықтан мұндай сынақтардың жиілеуі әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті.
Осы орайда, халықаралық қоғамдастықта Пхеньян билігінің кезекті ядролық қаруын сынақтан өткізуі жөнінде әңгіме айтыла бастады. Ең қызығы сол, сарапшылар келесі сынақ Қытайда Коммунистік партияның кезекті съезі қарсаңында жүзеге асуы мүмкін екенін алға тартады. Жалпы, Солтүстік Корея мен Қытай тығыз қарым-қатынас орнатқанына қарамастан, Ким Чен Ын мұндай өрескел қадамға бұған дейін бірнеше рет барған еді.
КХДР соңғы рет ядролық қаруын 2017 жылы 3 қыркүйекте сынақтан өткізген. Жер астында жасалған жарылыс салдарынан жер сілкініп, Солтүстік Корея мен Қытай шекарасындағы үйлерге айтарлықтай зақым келді. Сондай-ақ ядролық ластану туындауы ықтимал деген қауесет те желдей есті. Жарылыс салдарынан жерасты сынақ алаңдары орналасқан таудың беткейлері 3,5 метрге жылжып кеткен көрінеді.
Дәл сол кезде Қытай төрағасы Си Цзиньпин Бразилия, Ресей, Үндістан, Оңтүстік Африка елдерінің басшыларының басын қосып, іргелі саммит өткізіп жатқан-ды. Осындай алқалы жиын кезінде байланысы мығым елдің ядролық қаруды сынақтан өткізуі Си Цзиньпиннің беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді.
Сондықтан халықаралық қоғамдастықтың жауабы көп күттірген жоқ. АҚШ-тағы сарапшылар сынақты Солтүстік Кореяның басты одақтасы және оның негізгі сауда серіктесі саналатын Бейжіңді «қорлау», сонымен қатар Си Цзиньпин үшін «дипломатиялық ұят» деп айыптады. Тіпті, Қытайдағы сарапшылар да осындай пікір ұстанды.
Қытай бұған жауап ретінде АҚШ бастаған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкцияларына қосылып, Солтүстік Кореяға жанармай жеткізуін тоқтатты. Бұдан бөлек, қару-жарақ бағдарламасын қаржыландыратын шетелде жұмыс істейтін 100 мың солтүстіккореялық жұмысшыны елдеріне қайтарып жіберді.
Осы айда Қытайда коммунистік партияның кезекті конгресі өтеді деп жоспарланған. Аталған жиында Си Цзиньпин үшінші мәрте Бейжің басшысы болып сайлануы тиіс. Сарапшылар Ким Чен Ынның авантюра жасауға құмар екенін ескеріп, конгресс басталатын күні, яғни 16 қазан мен АҚШ-та аралық сайлау өтетін 17 қазан аралығында Пхеньян жетінші рет атом бомбасын жаруы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Бұл мерзімді таңдаудың себебі жетерлік. Өйткені Солтүстік Корея мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-қа жауап ретінде аралық сайлау кезінде сынақ жасауы мүмкін. Дегенмен кей сарапшылар Коммунистік партияның конгресі тұсында да Пхеньян осындай қадамға баруы ықтимал екенін айтады. Себебі Ким Чен Ынды көрші елдегі жағдай емес, жеке амбициясы мазалайды. Сондықтан дипломатиялық мәселеге бас ауыртпайды деп есептейді.
Бірақ көрші елдің әрекеті Қытайға ұнамайтыны түсінікті. Қазірдің өзінде Бейжің билігі Украинадағы әскери қақтығысқа разы емес. Олар екі тараптың біреуін тікелей қолдамаса да, түрлі деңгейде аумақтық тұтастықты сақтаудың маңызын бірнеше рет ескертіп өтті. Оның үстіне, қақтығыс салдарынан зиян шеккен экономикасына басы қатқан Қытай өзіне таяу маңда тағы бір бас ауыртарлық мәселе туындағанын қаламайды.
Тағы бір айта кететін мәселе, кейінгі кезде халықаралық қоғамдастық ядролық қаруға қатысты мәселеге қатты алаңдап отыр. Өйткені Ресей қажет болған жағдайда атом бомбасын жаратынын тұспалдап білдірген еді. Ресей президенті қыркүйекте жасаған үндеуінде территориясын қорғау үшін ядролық қаруды қолдануға дайын екенін мәлімдеді. Кремль басшысының бұл сөзі Украинада кішігірім «тактикалық» ядролық жарылыс жасалуы мүмкін деген қауіпті лаулаған оттай өршітті.
Бұл аз десеңіз, Иранның да ядролық амбициясы әлі басылмай тұр. Естеріңізде болса, 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды байыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.
Бірақ Дональд Трамп тұсында АҚШ бұл келісімнен шығып, әлемді әбігерге салды. Кейін ел тізгінін Джо Байден ұстаған соң мәселе біршама реттелгендей көрінді. Ақ үй бұл келісімге қайта қосылатынын мәлімдеді. Сөйтіп, келіссөздер басталған еді. Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ қатысады. Қазірге дейін келіссөздердің бірнеше раунды өтті. Жыл басында келісімге қол қойылуға сәл қалғанда Украинадағы қақтығыс басталып кетіп, әңгіменің соңы аяқсыз қалды.
Осы орайда, Қазақстанның ядролық қаруға қатысты ұстанымына ерекше тоқтала кеткен жөн. Еліміз әлемдегі төртінші арсеналға ие бола тұра, өз еркімен ядролық қарудан бас тартты. Себебі қазақ даласы оның зардабын аз тартқан жоқ. Сонау 1949 жылғы 29 тамызда Семей полигонында алғашқы сынақ жасалды. Содан бастап бұл елді мекенде 456 мәрте атом бомбасы жарылған екен. Соның 116-сы жер бетінде не әуеде сыналған. Осы аралықта тәжірибе жасалған ядролық қарулардың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған «Балақай» атом бомбасынан 2,5 мың есе қуатты.
Қазақстан 1991 жылы 28 тамызда Қазақ елі үшін аса маңызды құжатқа қол қойып, Семей полигонын жабуға шешім шығарды. Семей топырағында атом бомбасы жарылғаннан 60 жыл өткен соң адамзат үшін маңызды қарарға қол қойылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялады. Аталған қарар Қазақстан тарапының бастамасымен ұсынылған болатын. БҰҰ Бас Ассамблеясы оны бірауыздан қабылдады.
Міне, шартарапты алаңдатқан мәселеге қатысты Қазақстан соны ұстаным ұсынған болатын. Бірақ кей елдер бейбітшіліктен гөрі басқа мүддені көздеп, әлі күнге дейін ядролық қарудан бас тартпай келеді. Осындайда еліміздің тәжірибесі басқаларға үлгі болса дейміз.