Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні екі салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтті. Татамиге Қазақстанның үш балуаны шықты. Солардың екеуі жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болды.
60 кило салмақтағы Елдос Сметов тұсаукесер кездесуін Карамат Хусейновке қарсы өткізді. 24 жастағы Әзербайжанның балуаны 2021 жылғы әлем және Еуропа чемпионаттарында қола медаль иеленді. Қазіргі кезде ол IJF рейтингінде 11-орында. Салыстырмалы түрде алсақ, қандасымыз 38- сатыға табан тіреп тұр. Оның үстіне дәл осы жігіт былтыр Будапештте ұйымдастырылған дүниежүзілік додада біздің Мағжан Шамшадинді қола медальдан айырған еді. Екеуара тартыс өте шиеленісті өтіп, бұл бәсеке Сметовтің пайдасына шешілді. Келесі кезеңде Елдос израильдік Матан Ковлаевты иппонмен жеңді. Ширек финалда оның жолы әлемдік рейтингте көш бастап тұрған тайпейлік Ян Юн Вэймен қиысты. Токио Олимпиадасының финалисі, Азия ойындары мен құрлық чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегеріне қазақ дзюдошысының әлі жетпеді. Кеше кешкісін Сметов жұбаныш белдесулерінде бақ сынады.
Дәл осы салмақтағы Мағжан Шамшадин алғашқы айналымда 25 жастағы Италия дзюдошысы Анджело Пантаномен күш сынасты. Үздіктер тізімінде Мағжан 9-сатыға жайғасса, Апеннин түбегінің өкілі қалың топтың ортасында қалып қойды. Соған қарамастан, Пантано Шамшадинді шаң қаптырып кетті.
Әйелдер сайысында аса жеңіл салмақта Әбиба Әбужақынова өз жанкүйерлерін қуантты. Бастапқы бәсекесінде ол бразилиялық Аманда Лимамен шеберлік байқасты. IJF рейтингінде екеуі қатар жайғасқан. Қазақ қызы 22-орынды иеленсе, Панамерика чемпионы одан екі саты жоғары тұр. Қосымша уақытта Әбиба қарсыласын қос жауырынымен жерге қадаса, келесі кезеңде Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлемдік рейтингтің көшбасшысы, франциялық Ширин Буклиден басым түсті. Ширек финалда Әбужақынова құрлық біріншілігінің қола жүлдегері, сербиялық Милица Николичтің осал тұсын тапты. Осылайша, ол жартылай финалға жолдама алды.