• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Қазан, 2022

Қарабақтың қаупі сейілді

107 рет
көрсетілді

Әзербайжан мен Армения арағайындардың арқасында ортақ мәмілеге келді. Бұған дейін Таулы Қарабақ үшін қырқысып келген екі ел шекараны шегендеуге келісті. Талай жыл түйіні тарқамай келген мәселе шешілуге жақын деп айтуға негіз бар. Осылайша, Әзербайжан тарапы тарихи әділдікті қалпына келтірді.

Даулы қақтығысқа қатысты тараптар өткен аптада Прагада Еуропалық кеңестің бастамасымен келіссөздер жүргізген еді. Кездесуге Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Николя Пашинян, Фран­ция президенті Эммануэль Мак­рон, Еуропалық кеңес президенті Чарльз Мишель қатысты.

Келіссөздер қорытындысы бойын­ша Еуропалық одақ екі елдің шекарасына арнайы мис­сия жібермек. Шекараны шегендеу­дің іргетасын қалайтын бұл жұ­мыс осы айдың соңында ба­сталуға тиіс. Еуропалық кеңес тарат­қан мәлімдемеге сүйенсек, мис­сия­ның мақсаты сенім­ді нығайту, ше­каралық комиссияға жәрдемдесу.

«Армения мен Әзербайжан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жар­ғысына және 1991 жылғы Алматы Декларациясына адал екен­дік­терін растады, ол арқылы екеуі де бір-бірінің аумақтық тұтас­тығы мен егемендігін мойындайды», делінген Еуропалық кеңес тарат­қан мәлімдемеде.

Сондай-ақ Әзербайжан тарапы да, Армения тарапы да бұл келісімді растады. «Тараптар бұл келісім делимитациялау комис­сияларының жұмысына негіз болатынын және осы комис­сия­лардың келесі отырысы қазан айы­ның соңына дейін Брюссельде өтетінін растады.

Армения Әзербайжанмен шекарадағы ЕО азаматтық миссиясына қолдау көрсетуге келісті. Әзербайжан аталған миссиямен өзіне қатысты болатын дәре­жеде ынтымақтасуға келісті. Миссия өз жұмысын қазан айында, әрі кетсе, екі айда бастайды. Миссияның мақсаты – сенімділікті арттыру және шекара комиссияларына есеп беру арқылы көмектесу», делінген Армения премьер-ми­нистрі­нің сайтында.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келіссөздерден кейін журналис­терге берген сұх­батында екі ел арасында бей­біт­шілік туралы келісімге осы жылдың аяғына дейін қол қойы­луы мүмкін екенін жеткізді.

«Армения тарапы ниет біл­дірсе, жыл соңына дейін бейбіт келісімге қол қоюға болады. Уақыт өтіп жатыр, бастамаларымыз оңайлықпен алға жылжыр емес. Сыртқы істер министрлерінің кездесуі бірінші кездесу нақты нәтиже бермесе де, бұл оң қадам деп ойлаймын. Жақын арада шешім қабылданса, екі елдің жұ­мыс топтары бітімгершілік келі­сім мәтінін әзірлеуге кіріссе, жыл соңына дейін келісімге келе ала­мыз. Негізінде, біз жариялаған бес қа­ғи­даға байланыс­ты ешкім­де сұрақ жоқ. Армения да, Еуро­палық одақ та бұған келісті», деді И.Әлиев.

Оқырманға түсінікті болу үшін тарихқа сәл назар аударайық. Жал­пы, Таулы Қарабақ ресми түр­де Әзер­бай­жанның аумағы сана­­лады. Бірақ ай­маққа қатыс­ты жанжалдың жалғасып келгені­не отыз жылға жуықтаған. кеңес өкіметі ыдыраған тұста Әзер­байжан мен Армения Таулы Қара­бақ аймағы үшін қақтығысты. 1994 жылы Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiм­герлiк келiсiм жасалғаны­мен, Таулы Қарабақ пен оған жап­сарлас жат­қан аймақтар Арме­­ния­ның бақылауында қалған. 1988-1994 жылдары болған соғыс­та 30 мыңдай адам қаза тауып, миллионға жуық әзербайжан босып кетті.

Содан бері Таулы Қарабақ этностық армяндардың бақы­лауында болды. Таулы Қара­бақ аймағы 1991 жылы азаттығын жариялады. Алайда әлемнің бірде-бір мемлекеті оның тәуелсіздігін мойындаған жоқ.

1995 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Ар­ме­ния мен Әзербайжан қақты­ғы­сын шешу үшін Минск тобын жасақтады. Бұл келісімге Фран­ция, Ресей және АҚШ өкіл ретінде енді. Бірақ бұл келісім діттеген мақсатына жеткен жоқ.

БҰҰ Таулы Қарабақ аймағын ресми түрде Әзербайжан аумағы деп мойындап, екі елді мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырып келеді. Тіпті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі даулы Қарабаққа қатысты 4 қарар қабылдап, Арменияның әскерін Әзербайжан аумағынан шығаруға тиіс деп көрсеткен-ді. Дегенмен бұған Ереван тара­пы көн­ген жоқ. Осылайша, түйт­кіл­дің түйіні тарқамай қала берген.

Екі жыл бұрын қыркүйекте Таулы Қарабақ аймағында қақты­ғыс өршіді. Әзербайжан мен Арме­ния жағдайдың ушығуына бір-бірін айыптады. Баку мен Ере­ван араағайын елдердің көмегі­­мен бірнеше рет атысты тоқтату ту­ра­лы келісімге келген. Бірақ көп ұза­май қақтығыс қайта жалғасты.

Ақыры Ресейдің араға түсуі­мен Армения мен Әзербай­жан соғысты тоқтату жөніндегі келі­сімге келді. Сөйтіп, 10 қара­шада 44 күнге созылған қақтығыс­тың нүктесі қойылды.

Келісімге сәйкес, Әзербайжан соғыс кезінде азат еткен Таулы Қарабақтың бір бөлігін және Армения басып алған 7 ауданды өзіне қайтарды. Армения аума­ғынан Әзербайжанның негізгі тер­ри­ториясын Нахичеван аумағы­мен жалғайтын дәліз берілді. Соны­мен қатар Таулы Қарабақты Арме­ниямен байланыс­тыратын дәліз құрылды.

Бірақ мыңдаған адамның өмірін жал­маған соғыстың нүктесі қойыл­ғандай көрін­генімен, биыл екі елдің әскері тағы да қақ­ты­ғысып қалды. Бұқаралық ақпарат құрал­дары таратқан мәліметке сүйенсек, бұл жолы, шамамен екі жүздей адам мерт болған.

Бұл жолы да Әзербайжан да, Армения да қақтығысқа бір-бірін кінәлады. Әзербайжан қорғаныс министрі Армения 2020 жылы жасалған келісімді бұзды, бір жауын­герімізді мерт етті деп мә­лім­деді. Оның айтуынша, жауап ре­тінде Лашын дәлізіндегі ар­ме­ния­лық әскерге соққы жасал­ған. Бұл жерді Ресейдің бітім­герлік күштері бақы­лауға тиіс-тұғын. Бірақ Баку билігі Армения әскері әлі де өңірден кетпегенін алға тартты.

Жоғарыда Еуропалық кеңес таратқан мәлімдемедегі Алматы декларациясы туралы шағын ақпарат бере кетсек. Кеңес одағы тара­ған­нан кейін Тәуел­сіз мем­лекет­тер достас­тығы құрыл­ғаны бел­­гілі. Атал­ған келісімге 1991 жы­лы 8 жел­тоқ­санда Алматы қала­сын­­да қол қойылды. Құжатта сол кез­дегі ше­к­а­ралар бөлінбейтіні және оған ешкім қол сұқ­пайтыны көр­се­тілген. Рес­пуб­ликалардың сол кез­дегі әкімшілік шекаралары мем­лекет­тік шекара деп мойындалды.