Елордада «Саяси реформаларды жүзеге асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, мемлекеттік органдар, ЖОО мен еліміздің әр өңірінен келген үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Іс-шарада азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстел жұмысын Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымдастырды. Жиын барысында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі азаматтық қоғам институттарының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялады. Мықты мемлекет орнату үшін мықты азаматтық қоғам орнауы керек. Елімізде сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға ерекше мән беріліп жатыр. Осы орайда, заңнамалық тұрғыда азаматтық қоғамға серпін беретін қадам жасалды деп есептейміз.
Сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де бұл бағытта ауқымды шаруа атқарып жатыр. Оның біріншісі заңнамаға қатысты. Қазіргі таңда бірнеше заң жобасы қаралып жатыр. Азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп құжатты жетілдіреміз», деді Д.Қыдырәлі.
Осы орайда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұжырымдамасының жобасы мақұлданғанын айта кеткен жөн. Оған қоса, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
«Заңнаманы жетілдіру шеңберінде, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру жүйесі қайта жасалды. Елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы – басты стратегиялық құжат қабылданған. Соның аясында бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Сол іс-шаралардың бел ортасында Азаматтық альянс елге танымал азаматтардың басын қосып жүр», деді Д.Қыдырәлі.
Ведомство басшысы Қазақстанның азаматтық альянсы қоғамдық бастамаларды тиімді үйлестіріп жүргеніне назар аударды. Сондай-ақ министрліктің бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Қазақстанның азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева атап өткендей, бүгінде Қазақстан алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейтуді, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде қайта жүктеуді талап етеді. Реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді неғұрлым кең тарту қажет.
«Мемлекет басшысы ашқан және қоғам қолдаған ел тарихының жаңа беті – жаңа Қазақстан, Екінші Республика жаңартылған Азаматтық қоғамды да талап етеді. Басқарушылық шешімдер қабылдауға әркімнің барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет, қазақстандықтар ел үшін өз жауапкершілік дәрежесін түсінуі тиіс. Бірақ бұл азаматтардың білім және мәдени деңгейін арттыру қажет», деді Б.Нұрғазиева.
Іс-шара аясында ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойылды. Дөңгелек үстел барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дмитрий Малахов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев пікірін ортаға салды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған республикалық азаматтық орталық» гранттық жобасы шеңберінде өтті.