• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Қазан, 2022

Кен өндірсек, кем болмаймыз

405 рет
көрсетілді

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына сапары кезінде өңірдің жер қойнауы бұрынғы Семей полигонының салдарынан жылдар бойы игерілмегеніне тоқталып, жауапты ведомстволарға облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Сирек металдарға толы өлке

Президент айтқандай, жаңа кен орындары ашылса, тау-кен өнеркәсібі облыс экономикасын жаңғыртып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашады. Бұл ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне өңірдің минералдық-шикізат базасын толықтыру мен геологиялық зерттеулерге қатысты арнайы сауалхат жолдаған едік. Аталған ведомство берген мәліметке сүйенсек, 2021-2025 жылдарға арналған сирек және сирек кездесетін металдардың ресурстық базасын кеңейту және өндірісін ұйымдастыру жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында Абай облысында Ржавая сопка, Брусиловский, Боқай учаскелерінде пайдалы қазба орындарын анықтау мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Бұл жұмыстар алдағы уақытта сирек және сирек кездесетін металдар құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Байбол-Ұзынбұлақ, Доғалаң учаскелерінде полиметалл, мыс және алтын іздеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұдан басқа Абай облысы аумағында жер қойнауына өңірлік геологиялық зерттеу жүргізу бойынша жұмыстар іске асырылып жатыр. Оның ішінде геологиялық-минерагендік картаға түсіруге байланысты 1 нысан, терең геологиялық картаға түсіруге қатысты 1 нысан, инженерлік-геологиялық зерттеулер мен ауданды гидрогеологиялық жете зерттеумен қамтуға байланысты 2 нысан бар», делінген министрліктің жауабында.

Келешегі бар учаскелер анықталды

Құзырлы орган өкілдері өңірлік геологиялық зерттеулерді жүргізудің нәтижесінде жаңа перспективалы алаңдар, учаскелер, кен аймақтары анықталып, геологиялық мазмұндағы М-1: 200000 жаңа буындағы карта­лар­дың жиынтығы жасалатынын жеткізді. Сонымен қоса минералдық шикізат­тың негізгі түрлерінің (алтын, мыс, полиметалдар және т.б.) болжамды ресурстарына баға беріліп, неғұрлым терең зерттеулер жүргізуге ұсынымдар беріледі. 

«Жүргізілген өңірлік жұмыс­тардың нәтижесінде болжамды ресурстарды бағалайтын перспективалы учаскелер бөлінді. Атап айтқанда, оның ішінде Бөрліағаш учаскесі, Сұңқар учаскесі, Сенташ-Құлжа, Мирин-Джумбинск және Вера-Чар-Балажал кенді аймақтары бар.

Орындалған іздестіру жұмыс­тары­ның нәтижелері бойынша жоғары перс­пективалы дәрежедегі Қандығатай (вольфрам) учаскесі, орташа перспективалы дәрежедегі Лениндік кенді орынның анықталуы (сирек металдар), ұсақ ауқымдағы алтын кен көзінің Белсу учаскесі, шағын ауқымдағы алтын кен көзінің Арғымбай нысаны, сол секіл­ді Семенов алаңында да (мыс-никель кендері) перспективалы орындар бар», деп келтірілген ресми ақпаратта.

Геологиялық зерттеуді кімдер жүргізіп жатыр?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сәйкес, қазір Абай облысындағы жер қойнауы­на мемлекеттік геологиялық зерттеуді конкурстық негізде келесідей компаниялар жүргізіп келеді. Олар «ГБК «Топаз» ЖШС, «Семейгидрогеология» ЖШС, «С-ГеоПроект» ЖШС және Geotek ЖШС.

Таяу келешекте жоспарланған жұмыстарды орындайтындар да конкурс­тық рәсімдер негізінде анықталады деп нақтылады жауапты ведомство.

Экологиялық талаптар сақталса игі

Әлбетте, геологиялық барлау жұмыс­тарын жүргізуде экологиялық нор­малар­дың сақталғаны аса маңызды. Бұл былтыр қабылданған жаңа Эколо­гия­лық кодексте де көзделген. Осы орай­да Экология министрлігінен белгі­лен­ген талаптарды бұзған геоло­гиялық компаниялардың бар-жоғын сұрап, мұндай ұйымдар анықталса қандай жауапқа тартылатынын білген едік.

«Экологиялық кодекстің 174-бабы 2 тармағына сәйкес мемлекеттік эко­ло­гиялық бақылауды жүргізу тәртібі осы кодекстің және Кәсіпкерлік туралы кодекстің нормаларында белгілен­ген. Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабына сәйкес тексерулер тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бо­йынша жүргізілетін тексерулер және жоспардан тыс тексерулер болып бөлі­­неді. Сонымен бірге Кәсіпкерлік кодекс­тің 144-бабының 3 тармағы талаптары негізінде бақылау және қадағалау субъек­тілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.

Абай облысы аумағындағы геоло­гиялық барлау жұмыстарын жүр­гізу­ші субъектілерге қатысты адамның өмі­рі­не, денсаулығына, қоршаған ортаға, сон­дай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мем­лекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені туралы нақты фактілер бай­ланысты арыз-шағым немесе мем­лекеттік органдардың атынан деректер келіп түспегендіктен тексерулер жүргізілген жоқ.

Экологиялық кодекстің 238-бабында нақты жердi пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар енгізілген. Соны­мен қоса геологиялық барлау жұмыс­тарын жүргізуден бұрын Эколо­гиялық кодекстің 68-бабына сәйкес белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішті жолдау міндеттелген.

Экологиялық кодекстің 106-бабының талаптарына сәйкес экологиялық рұқсат алған оператор, сондай-ақ аталған оператормен жекелеген жұмыстарды орындауға немесе құрылыс кезінде оның аумағында жекелеген қызметтерді көрсетуге және І немесе ІІ санаттағы нысанды салуға тартылған жеке және заңды тұлғалар экологиялық рұқсаттың шарттарын сақтауға міндетті және оларды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады», деді ведомство өкілдері.

Геологиялық мәліметтердің маңызы зор

Алайда жер қойнауын игеруге ынта танытқан әлеуетті инвесторлар мейлі отандық немесе шетелдік болсын, минералды-шикізат ресурстары жайлы қа­жетті деректермен қамтылуға тиіс екені айт­паса да түсінікті. Осы ретте мұндай ақ­п­а­ратты қайдан табуға болады деген заң­ды сауалдың туындауы да ғажап емес, әрине.

Бұған жауап ретінде министрлік қазір Қазақстанда жер қойнауын пай­даланудың ақпараттық және ғылыми негізін дамыту мақсатында «Ұлттық геоло­гиялық қызмет» АҚ құрылға­нын жет­кізді. Жаңа ұйымның қызметі – ге­ло­гиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету, еліміздің минералдық ресурстарының Ұлттық деректер банкін пайдалану арқылы инвесторларға кешен­ді сервистік қолдау көрсету.

Осыған байланысты кез келген инвестор қажетті ақпаратқа Астанадағы «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-да, сон­дай-ақ оның Алматыдағы, Ақтөбе­дегі, Қара­ғандыдағы, Өскемендегі және Көк­шетаудағы филиалдарында қаныға алады.

9 жоба жүзеге асырылады

Тау-кен кешені ұлттық экономиканың жүйе құраушы секторы екені мәлім және оған алдағы уақытта да басымдық берілетінін аңғару қиын емес.

Абай облысының әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, қазір өңірде тау-кен саласында 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2022-2026 жылдар аралығында 4 мыңдай жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы сомасы – 636 733,6 млн теңгеге тиісті жобалар жүзеге аспақ. Мәселен, биыл Семейде ARX Minerals ЖШС Беркарин кен өндіру базасында кен өңдеу зауытының құрылысын аяқтауға жақын.

Көкентау ауылдық округінде «Алел» ФИК» АҚ кәсіпорнының жанынан осы жылы «Көмір десорбциясы және электролиз цехының құрылысы» жобасы іске асырылады. Тұтастай алғанда, облысты дамытудың 2026 жылға дейін­гі кезеңінде 3 негізгі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мысалы, әлемдегі ірі кен орындарының бірі саналатын «Айдарлы» мыс кен орнында тау-кен байыту комбинатын салып, өнеркәсіпті тың жолға қою межеленген. Жарма ауданында East Kaz Alloys компаниясы хромиттерді байыту мен жоғары көміртекті феррохром өндіру ісін жолға қоймақ. Сол секілді AK Minerals ЖШС катодты мыс өндіру зауытын салуды жоспарлап отыр.

 

Абай облысы