• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Қазан, 2022

Газ мәселесінің түйіні

227 рет
көрсетілді

Прагада өткен Еуропалық одақ басшыларының саммиті аяқталды. Жиын барысында бірқатар мәселе талқыланды. Жалпы алғанда, қарт құрлықтың өкілдері маңызды келісімдерге қол жеткізді. Алайда, энергетика, соның ішінде газ бағасын арзандатуға келгенде ортақ мәмілеге келе алған жоқ. Осылайша, қыста Еуропаны қалай жылыту мәселесі басы ашық күйінде қалды.

Іс-шара барысында газ бағасын белгілеу күн тәртібіне қойылған болатын. Әсіресе ұйымға мүше мем­лекеттерді шарықтап тұрған көгіл­дір отын құнын арзандату алаң­датты. Бірақ жиында әр елдің жеке ұстанымы бар екені белгілі болды.

Жалпы алғанда, саммиттің бейресми форматта өткенін айта кеткен жөн. Сондықтан мұнда жалпылама уағдаластықтарға қол жеткізілуге тиіс еді. Бірақ соның өзінде еуропа­лықтардың әлі де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмай тұрға­ны анық көрінді. Оның үстіне, Ресей­дің Украинаға басып кіруі де газ ба­ғасының қымбаттауына әсер етіп отыр.

Отырысқа төрағалық еткен Еуропа­лық кеңестің президенті Чарльз Мишель атқарылып жатқан жұмыстарға екпін беріп, шешім қабыл­дауға қысымсыз бейресми кез­десулер өткізуді «пайдалы» деп атады. Бұл мемлекеттер бас­шы­­лары түрлі пікірді ескеруге, ба­сым бағыттарды анықтауға мүм­кін­дік беретінін атап өтті. «Ортақ көз­қарас үшін ортақ ерік керек. Бізге Еуро­палық одақтың берік ынтымақ­тастығы қажет», деді Ш.Мишель.

Кейбір мемлекеттердің басшылары газ бағасын белгілі бір сомадан асқанда тұрғындарға төлету жолын ұсынды. Енді бірі ұйымға мүше елдердің газ сатып алу үшін төлейтін бағасын жай ғана шектеуді көздеді.

Сондай-ақ тұрғындардың шы­ғынын жабу үшін Еуропалық одақтың бірлескен қарызын көтеру мәселесі де қызу талқыланды. Бірақ Германия канцлері Олаф Шольц Еуропалық одақтың пандемиядан қалпына келтіруге арналған қорын осы бағытқа жұмсауға болады деп есептейді.

Бундесканцлердің мұндай пікірі Берлиннің энергетикаға арналған шотты қаржыландыру үшін 200 миллиард еуро қорын ашу туралы жос­парына қарсылық білдіргендердің шамына тиген сыңайлы. Қарт құр­лықтың бірқатар басшысы бұл қадам ұйымның бірыңғай нарығын тұрақсыздандырады деп есептейді. Әрі табысы төмен елдерді қыста қиындыққа душар етуі мүмкін.

Мәселен, Еуропалық одаққа төрағалық етіп отырған, кездесуді өткізген Чехияның премьер-министрі Петр Фиала ескерту жасады. «Біз мемлекеттік көмек көрсету ережелерін сақтауымыз керек. Тек ұлттық шешімдерді көздеу мүмкін емес. Бізге еуропалық шешімдер қажет», деді ол.

Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Лейен де бұл мәселеге қатысты пікір біл­діріп, «ортақ нарықты бірге ұс­тап, бөлшектенуден аулақ болуы­мыз керек», деді.

Сондай-ақ Германия мен Фран­ция арасында Пиреней түбегін­дегі газды Франция арқылы Германияға және одан тыс жерлерге жеткізуге көмектесетін MidCat құбырына қатысты қызу пікірталас болды.

Франция тарапы жобаға қарсы шығып, бұл қазіргі дағдарысты жеңілдету үшін тым көп уақыт алатынын, тек қазба отынына тәуелділікті жалғастыратынын алға тартады. Германия тарапы мұ­нымен мүлдем келіспейді. Сондық­тан бұл жоба Еуропаның энерге­тикалық дағдарысын жақсартуға көмектесетініне сенімді.

Еуропалық одақ елдерінің алаң­дауына негіз бар. Қазіргі таңда Ресейдің басқыншы әрекеті салдарынан газ бағасы қымбаттап кетті. Оның үстіне, Кремль билігі қарт құрлыққа бұрынғыдай көгілдір отынды жеткізіп жатқан жоқ. Рас, Еуропалық одақ елдеріндегі газ қоймасы қазір 90 пайызға толы. Бірақ сарапшылар 2023 жылы бұл жеткіліксіз екенін айтады. Яғни келер жылы қарт құрлық газ таппай қалуы мүмкін.

«Келесі көктемде, қыстың ая­ғын­­да қоймаларымыз таусылатын кезде, бір-бірімізбен таласпас үшін газды бірлесіп сатып алудың маңы­зы зор», деді фон дер Лейен.

Еуропалық кеңестің президенті Чарльз Мишель ұйымның жазғы қорды толтыру маусымына дейін бірлескен мемлекеттік сатып алу ұйымдастыру қажет екеніне назар аударды.

Осылайша, Прагада газ мәселесі шешілген жоқ. Енді 21-22 қазанда Еуропалық одақ басшылары тағы да жиналады. Сол кезде көгілдір отын құны қызу талқыланатыны анық.