Алатаудың баурайында өскен алманың дәмі тіл үйіретіндей екені белгілі. Және мұны жиі жеп жүрген адамның әр кез сезіне бермейтіні де рас. Ал өзге өңірдің тұрғындары Алматы маңында өскен алманы бірден біліп, бағалайды.
Мысалы, жақында Астанада Алматы облысының ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі өткен-ді. Жалпы, елордадағы жәрмеңкеге Алматы облысынан ет, сүт және көкөніс пен жемістер жеткізілген болатын. Сонда облыстың барлық ауданынан қырықтан астам өнім өндірушілер бас қала тұрғындары мен қонақтарына қажетті өнімдерін ұсынды.
– Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтеді деген соң «Астана Арена» алаңына арнайы келдім. Қалалықтар үшін табиғи өнім алтынға тең. Жері құнарлы, шөбі шүйгін мекеннің өнімдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Әсіресе етін айтсаңызшы. Бақанастың етінің дәмін татып көрген адам ретінде оның тіске жұмсақ, дәмі тіл үйіретінін сеніммен айта аламын. Балығы туралы сөз басқа. Сонымен қатар ұлттық тағамымыз – құрт, ірімшікті де аңсап жүрген едік. Оны да осы жәрмеңкеде алдым. Баға қолжетімді, қалтаға салмақ салмайды. Жалпы, Астана төріне осындай табиғи өнім әкелгендері үшін алғысым шексіз, – деген еді сол кезде жәрмеңкеге келген астаналық Нұргүл Дәлелхан.
Айтпақшы, осы жәрмеңкеде Алатау баурайында өскен алмаға сұраныс өте жоғары болды. Тұрғындардың басым көпшілігі дәл осы табиғи жемісті көптеп сатып алды.
– Бұл алманың иісінің өзі мұрынды жарады. Сатып алуға барғанда алушыларға дәмін татуға бергенін көрдім. Мен де алманың дәмін таттым. Енді оның тәттілігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бірден көп мөлшерде сатып алдым. Қысқа дәрумен болатын болды, – дейді өз тілегін білдірген тағы бір астаналық тұрғын Дәрігүл Қосжанова.
Жалпы, Алматы облысында өсетін алманың дерлігі Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай және Ұйғыр аудандарының еншісінде. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы Unifruit серіктестігі бұл іспен 2016 жылдан бастап айналысады. Жеміс-жидектердің көшетін шетелден алдырған. Қазір бау-бақшада Италиядан арнайы жеткізілген көшеттер мәуелеп тұр. Серіктестік дайын өнімді сақтауға да баса мән береді. 2018 жылы 4 200 тонна жеміс сақтауға қауқарлы қойма салса, 2019 жылы сұрыптау желісін іске қосқан. Жобаның жалпы құны шамамен 3,3 млрд теңгені құрайды. Игі шаруа арқылы 47 тұрақты және 70 маусымдық жұмыс орны құрылды. Ал өндіріс көлемі жылына 5 мың тонна өнімді құрайды.
Жамбыл ауданындағы «Атек Агро» серіктестігі жыл сайын 54 гектар жерге егілген бақтан мол өнім алады. Алманың «Пинк леди», «Фуджи», «Грэнни смит», «Гала», «Голден делишес» сияқты танымал сұрыптары шыққан шығынды өтейтіндей жеміс берді. Алма бағына тамшылатып суару әдісін қолдануды тәжірибеге енгізгеніне біраз жыл болды. Бұдан өнімділік артып, шығын азайған.
Ұйғыр ауданындағы Alma Prodex серіктестігінің бағындағы жеміс те жақсы нәтиже беруде. Аталған шаруашылықта 25 гектардан астам алма бағы бар. Онда алманың «Голден Делишес», «Фудзи», «Бребурен», «Флорина», «Гала», «Грени Смитт», «Ред Чиф» сияқты жоғары өнім беретін танымал сорттары өсіріледі.
Алматы облысы