Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапары барысында өңірдің даму бағыттарын белгілеп, бірқатар қомақты тапсырма жүктеді. Еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып отырған өндірісті аймақтың мүмкіндіктерін көрсетіп, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын арттыратын серпінді жобаларды атады.
Оның ішінде облыстағы іргелі аймақтың бірі Қарқаралы ауданына қатысты серпінді жобаға жекелей тоқталып, Қарқаралы-Қарағанды тас жолын жөндеу бойынша нақты тапсырма берді. Ел Президентінің бұл тапсырмасы өзекті жобаға тың серпін қосатыны анық.
Қарқаралы-Қарағанды тас жолы – республикалық маңыздағы Қарағанды-Аягөз-Бұғаз бағытындағы жолдың елеулі бөлігі. Бұл жол соңғы жылдары әбден тозып, өңірдің даму қарқынын тежеп отырған еді. Биыл осы жолға орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 600 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, жолдың 197-207 шақырым бөлігінің 10 шақырымына жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстар сапалы әрі уақытында аяқталып, Қарқаралыға келуші қонақтар да, жергілікті тұрғындар да игілігін көруде. Енді Президент тапсырмасына сәйкес осы басталған жұмысты келер жылы жалғастырып, сапалы әрі уақытылы аяқтау міндеті тұр. Президент «Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет» деп атап айтты. Яғни алдымызда айқын міндет, нақты меже тұр, соны лайықты деңгейде орындауға күш саламыз.
Аудандағы 23 ауылдық округ, 62 елді мекенде тұратын 34 мың тұрғынның лайықты өмір сүруіне қарымды қадамдар жасалуда. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беретіні сөзсіз. Қойылған міндеттің маңыздылығы орасан. Күре жол ауданымызды облыс орталығымен қоса, жаңадан ашылған Абай облысымен, Семей өңірімен жалғайды. Екі облыстың ара қатынасын нығайту мақсатында бұл жолды қалыпқа келтіруді жалғастырудың маңызы зор.
Қарқаралының қара орманын тамашалап, әсем табиғат аясына келіп демалушы туристердің саны жыл санап өсуде. Туристерге өңірде орналасқан 36 нысан қызмет көрсетеді. Жыл сайын жаңа нысандар ашылуда. Туристерді негізінен аудан аумағындағы Қарқаралы мемлекеттік табиғи паркі қызықтырады. Парк аумағында алдағы уақытта қосымша 65 учаске туристік мақсатта пайдалану үшін жалға берілмек. Былтырғы алты айда ауданымызға 7 534 адам келсе, осы жылдың алты айында 8 842 турист демалуға келген. Әрине, бұл тек ресми деректер. Анығында, бұл сандар бірнеше есе артық. Сондықтан Қарағанды мен Қарқаралы аралығындағы тас жолдың жөнделуі өңірімізге демалуға келетін туристер санын арттыратыны анық. Демек осы бағыттағы жұмыстарды ширатуымыз керек.
Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95 пайыз жөндеуден өтетінін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы Жолдаудағы осы маңызды міндеттермен үндесіп, еліміздің даму бағдарламасының ажырамас бөлігіне айналары анық. Ауданымызда осы бағытта қолға алынып жатқан жұмыстар бар. Өңірдегі республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды қалыпқа келтіру, жөндеу жұмыстары басталды. Бұған дейін мүлде асфальт төселмеген, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген шалғайдағы елді мекендердің тозығы жеткен жолдары қалыпқа келтіріліп жатыр. Ақтасты-Айрық, Балқантау, Қоянды-Мамыраев ауылдарының автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмыстар келер жылға да жоспарланған.
Жылма-жыл осы жұмыстарды атқара алсақ, аудан жолдарының жағдайы едәуір жақсаратыны сөзсіз. Яғни Президент атап өткендей, өңіріміздің туристік әлеуетін арттырып, алға бастыру, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын тың серпін беру көзделуде.
Сонымен қатар ауданда ауыз су мәселесін шешудің кешенді жобалары, халықтың денсаулығын нығайту бойынша іргелі бастамалар қолға алынды. Мәселен, келер жылы Жарлы-Қарқаралы топтық су жүйесі іске қосылса, аудан бойынша елді мекендерде 20 медициналық нысан салынады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы кеңейтіліп, ауылдарды жобаға қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде жоба аясында төрт ауылдық округте ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Қарағайлы кентінде ауыз су және кәріз жүйелері жөнделуде. Егіндібұлақ ауылында заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қараша айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Жоба аясында Бүркітті, Көктас ауылдарында тиісті жұмыс жасалып жатыр.
Президент облыс жұртшылығымен кездесуі барысында өңірдің өндірістік әлеуетімен қоса, тарихи, рухани құндылықтарына да ерекше тоқталды. Шертпе күйдің шебері Тәттімбет, күрескер ақын Мәди, дауылпаз Қасым – бәрі де Қарқаралының киелі топырағынан жаралған айтулы тұлғалар. Қарқаралы – кезінде Алаш арыстарының азат идеяларының пісіп-жетілген, қанаттанған жері. Сондықтан тарихы тағлымға толы шежірелі өлкенің өрісін кеңейтіп, кешенді түрде дамыту жұмысын жалғастыра береміз.
Ерлан ҚҰСАЙЫН,
Қарқаралы ауданының әкімі