Осы жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстанның Каспий маңы елдерімен тауар айналымы 12,3 млрд долларды құрады. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 7,4 пайызға өскен.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде әлемнің геосаяси картасында Каспий аймағының маңызы айрықша. Бұл өңірде ірі әлемдік ойыншылардың мүдделері бар. Сондықтан аймаққа мұқият назар аударылатынын ұмытпау керек.
Каспий маңындағы бес елдің үшеуі, яғни Қазақстан, Әзербайжан және Түрікменстанның теңізге шыға алмайтыны белгілі. Сондықтан Каспий Қазақстан үшін маңызды су жолы және транзиттік ресурс болып саналады.
– Қазақстан барлық әлемге ашық және Каспий маңы елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән береді. Қазақстанның Каспий маңы елдерімен тауар айналымы осы жылдың 6 айында 12,3 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 7,4 пайызға өскен. Сонымен қатар Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағынының оң серпіні байқалады. 2005-2022 жылдары бұл көрсеткіш 19,1 млрд долларды құрады, – деді Ә.Қуантыров Мәскеудің Сколково инновациялық орталығында Каспий маңы мемлекеттерінің экономикалық ведомстволарының басшыларымен өткен бизнес-таңғы аста.
Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Қазақстан өңір елдері арасындағы тауар айналымын арттыруға мүдделі екенін атап өтті.
– Біз көлік бағыттарын әртараптандыруға ерекше назар аударамыз. Өйткені қазіргі геосаяси жағдай дәстүрлі логистикалық тізбекті өзгертті. Транскаспий халықаралық көлік бағдарының байланыстырушы дәлізі транзиттік және сыртқы сауда жүктерін жүзеге асырудың тамаша үлгісі болып саналады. Басқа бағыттардың әлеуетін арттыру үшін Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамыту жөніндегі бірлескен жол картасын әзірлеу ұсынылады, – деді ведомство басшысы.
Оның пікірінше, Каспий маңы елдерінің кооперациялық жобаларды дамыту, өзара инвестиция көлемін ұлғайту үшін үлкен әлеуеті бар. Қазіргі таңда Транскаспий бағытын дамыту мақсатында Қазақстан Ақтау мен Құрық Каспий маңы порттарының жүк әлеуетін арттыруда. Сондай-ақ Әзербайжан, Грузия және Түркиямен тарифтік саясатты үйлестіру мәселесі талқыланды.
Қазақстан Ақтау портындағы көлік-логистикалық орталық болып саналатын «Каспий маңы азық-түлік хабы» инвестициялық жобасын қарауды ұсынды. Бұл жоба елдер арасындағы тауар қозғалысын айтарлықтай жеңілдетеді. Осы жылдың маусым айында Ашхабадта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынды.
Ә.Қуантыров көлік-логистикалық және инвестициялық-экономикалық белсенділіктің артуын ескере отырып, барлық ел табиғи байлықтарды болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін планетаның маңызды экожүйесі ретінде Каспий теңізінің биологиялық және басқа да ресурстарына ұқыпты қарау керектігін айрықша атап өтті.