Бүгінде қоғамда жантүршігерлік оқиғалар неге жиілеп кетті деген сұрақ мазалайды. Неге? Әрине тегіс халықты даттауға болмайды «бір анадан ала да туады, құла да туады», бұл арада ұлттың да, діннің де қатысы жоқ дерсіз. Жұбатарлық сөз табылар, бірақ оған жетім қалған балалар жұбанып, нәзік жүректегі жара жазыла ма? Бір үйелменнің, яғни отбасының әлеуметтік ахуалын алға тартармыз, қоғамның қатыгезденіп бара жатқанын айтармыз, бірақ. Неге осындай оқиғалар жиілеп кетті?
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдаушылық танытып, көз жұма қарауға болмайтынын айтты. «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет», деді Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында. Иә, Президенттің жазаны күшейту, бұл мәселеге мән бере қарау жөніндегі тапсырмасы көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр. Әйтпесе жаға ұстатар жантүршігерлік оқиғалар, зорлық-зомбылық деректері тыйылар емес.
...Шырылдап анасына араша түскен жасөспірім қыздың әкесіне шамасы жетпеді. Өзінен кіші бауырларының жан шошырлық көріністің куәсі болғанын қаламаған қыз жан ұшыра жүгіріп барып, апасын шақырады. Араша түскен балаларына да, тіпті өз анасына да қол жұмсаған қатыгез әке соққылардан әлсіреген әйелді төмпештеуін жалғастыра берді. Аналарына араша түсе алмаған шарасыз балалардың үлкені полицияға хабар берген. Кешке басталған зорлық-зомбылық, қорлау түн жарым ауа қайғылы аяқталды. Қайран ана соңғы демі шыққанша қарсыласқан. Қайғылы оқиғаны баяндап, қағазға түсірудің өзі жүрекке салмақ. Ордабасы ауданының Темірлан ауылында болған оқиғадан ел хабардар, ескі жараның аузын тырнағандай болмайық. Балаларының көзінше күйеуі асқан қатыгездікпен өлтірген ананың қазасы жақындарына ғана емес, бүкіл елдің де қабырғасына батты. Кейіннен оны 15 жыл отасқан күйеуі бұдан бұрын да соққыға жығып, таяқтап келгені айтылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі кезекті бір жанжал кезінде адам танымастай етіп ұрып-соққан кезде анасы қызын ажыратып алмақ болыпты. Тіпті сотқа дейін барған. Бірақ ол кезде күйеу баласы қыздың өзінен және туыстарынан жалынып, тіпті аяғына дейін жығылып кешірім сұраған көрінеді. Анасының айтуынша, қызы ата-енесін тастап кете алмаған, немерелерінен ажыратқысы келмеген. Оның үстіне күйеуінен қорыққандықтан амалсыздан көніп келіпті. Бақилық болған әйелдің соңында екі қызы мен екі ұлы қалды. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Түркістан облысында отбасылық зорлық-зомбылықтан тағы бір келіншек бақилық болды. Жетісай ауданының 30 жастағы тұрғыны күйеуінің ауыр соққысынан соң ес жимастан көз жұмған. Сорақысы сол, бұл оқиға да балаларының көз алдында болған. Түн жарымында ер адам әйелін бас салып төпелеп ұрып, денесінің сау тамтығын қалдырмапты. Ес-түссіз жағдайда ауруханаға жеткізілген көпбалалы ана алты күн жатып, жансақтау бөлімінде көз жұмды. Марқұмның артында алды 8 жаста, кішісі 11 айлық төрт баласы қалды...
Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі ішкі істер органдарының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі бөлімшесінің мәліметінше, биылғы 9 айда облыс көлемінде 5 735 әйелдерге қарсы жасалған қылмыс тіркелген (2021 жылы – 5 786). Оның ішінде тұрмыстық қарым-қатынаста – 952, 1 514 қылмыстық іс қозғалған, бір қылмыстық іс өндіріспен қысқартылған. Қылмыстың 4 783-і тұрғылықты мекен-жайы бойынша, 952-сі қоғамдық орындарда жасалған. Қызғаныштан – 6, бірлесе спирттік ішімдік іше отырып – 3, ұрыстан немесе нашар қарым-қатынастарға байланысты – 2 245, бұзақылық әрекеттен 28 қылмыстық оқиға орын алған. Құқық қорғау орындарының талдауы зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің көбі, яғни 1 440-ы оқымайтын және жұмыссыздар екенін көрсеткен. Ал жалдамалы жұмысшылар – 90, жеке кәсіпкер – 32, мемлекеттік қызметкерлер – 22, жоғары және арнайы орта оқу орындарында оқитындар – 13, жалпы білім беру мектептерінде оқитындар – 37. Әсіресе 50 жастан асқандар арасында зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйел көп. Нақтырақ айтсақ, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің жас ерекшелік сипаты төмендегіше: 18 жастан 29 жасқа дейін – 302 адам, 30 жастан 39 жасқа дейін – 490, 40 жастан 49 жасқа дейін – 379, 50-ден жоғары – 385 адам. Сонымен қатар полиция қызметкерлері зорлық-зомбылық жағдайының 363-і таныстарымен, ал әйелдер жағынан – 356, жақын туыстарымен – 54, күйеулерімен – 14, 10-ы бірге тұратындармен жасалынғанын анықтап отыр.
Ал облыс орталығы – киелі Түркістанда жыл басынан бері отбасындағы жанжал бойынша 580 шақырту түссе, оның 360-ы ішімдіктің кесірінен болған. Мамандардың дерегіне қарағанда, Түркістан облысы тұрғындарының жартысынан көбі, яғни 57 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің бар екендігінен хабарсыз. Сондай-ақ БҰҰ-ның мәліметінше, аймақтағы әйелдердің көпшілігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қайда жүгінетінін білмейді екен. Бұл орайда облыстық полиция департаменті әйелдердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында, зорлық-зомбылықты болдырмау деңгейін көтеру бағытында халық арасында үгіт-түсіндірме жұмысы жүргізіліп, биылғы 9 айда бұқаралық ақпарат құралдарында – 367 ақпараттық түсіндіру жарияланғанын айтады. Бұдан бөлек, биыл полиция қызметкерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған 2 700-ден астам әйелді дағдарыс орталықтарына орналастырған. Олардың 716-сы уақытша баспанамен қамтылды. Отбасы тұрмыстық қатынастағы қылмыстардың алдын алу мақсатында «Зорлық зомбылықсыз отбасы», «Отбасыдағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» және «Отбасындағы бейбітшілік» атты акциялар өткізілуде.
Жәбірленген қыз-келіншектерге құқықтық көмекті, сондай-ақ облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, мемлекеттік органдармен, үкіметтік және үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен бірлесе көрсетеді. Зомбылықтың түрін талдап, категориясын анықтап, медициналық және психологиялық кеңестер береді. Кейде тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдердің барар жері, басар тауы болмағандықтан ғана амалсыз тиран күйеулерімен бірге тұруға мәжбүр болады екен. Бүгінде өңірлерде осындай шарасыз күйге түскен қыз-келіншектер мен олардың балаларына көмек көрсетіп, бас сауғалар уақытша мекен ұсынатын арнайы орталықтар бар. Мысалы, облыс аумағында зорлық-зомбылықтың құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету бойынша «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Дағдарыс орталығының баспанасы 20 адамға арналған. «Жігерлі жүрек» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің дағдарыс орталығында да жәбірленушілерге психологиялық, заңгерлік және медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар Түркістан облысы аумағында 738 қоғамдық бірлестік тіркелген. Оның ішінде, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, әйелдердің және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 24 үкіметтік емес ұйымдар бар. Яғни жәбірленушілерге жан-жақты көмек көрсетілуде.
Дегенмен мамандар мәселенің түпкі негізі отбасылық тәрбиеде жатқанын, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды екенін айтады. Үйде үнемі ұрыс-керіс жағдайындағы отбасында балалардың бір-біріне сүйіспеншілікпен мәміле етуін күту бос қиял болмақ. Ата-анасынан жәбір көрген бала алдымен бауырларын, кейін сырттағы әлі жететіндерді жәбірлей бастайды. Жоғарыда біз әңгімелеп өткен қайғылы оқиға болған Ордабасы аудандық полиция бөлімінің әйелдер құқын қорғау жөніндегі инспекторы Гүлсін Бекбаева жергілікті нәзік жандардың құқықтық сауаты төмен екенін айтады. «Әйелдерде отбасындағы ахуалды сыртқа шығару ұят болады деген түсінік қалыптасқан. Жәбірленгендердің көбі басқаша өмірді білмейді, олардың аналары да осылай өмір сүрген. Мұндай жағдайда оларға қыздарының осындай тіршілігін қалайтын-қаламайтынын сұраймын. Егер қыз бала бүгін әкесінің анасын ұрып жатқанын көріп өссе, ертеңгі күні бұл әрекетті қалыпты санап күйеуінің қорлауына көне беруі әбден мүмкін. Кей жағдайда әйеліне қол көтерген күйеуі «жазалауды» телефонын алып қоюдан бастайды. Сондықтан әйел көршілеріне немесе полицияға хабарласа алмайды. Мұндай жағдайда бар үміт балаларында. Мектептерде балаларға үйде ұрыс-керіс болған, аналары үшін қорыққан кезде көршілеріне, туысқандарына, полицияға қоңырау шалып, хабарлау қажеттігін түсіндіремін. Өз телефонымның нөмірін беремін. Мұндай әңгімелер өз нәтижесін де беруде. Бір ғана жағдайды айта кетейін, бірде Төрткүлден жоғары сынып оқушысы қоңырау шалып, анасы өз-өзіне пышақ салмақшы болып жатқанын жылап хабарлады. Олардың үйіне жан ұшыра қалай жеткенімді білмеймін. Әйтеуір аман алып қалдық. Түнде дағдарыс орталығына барудан бас тартқандықтан үйіме алып келдім», дейді Гүлсін Бекбаева журналистерге берген сұхбатында.
«Көмек» дағдарыс орталығының жетекшісі Мәлика Жүсіпованың айтуынша, жыл басынан бергі 6 айда орталық көмегіне 649 әйел жүгінген. «Мені заман өзгеріп, жаңарып жатқан бүгінгі таңда кей отбасылардың ескішіл көзқарастан арылмағаны таңғалдырады. Дағдарыс орталығына келген кей әйелдер әкелері балаларының көзінше аналарын ұрғанын айтып, оны қалыпты жағдайға санайтынын, өзі де сондықтан көнетінін айтады. Күйеуінің қорлығына шыдап, зорлық-зомбылық көрсе де көнбістік танытатындар арасында білімі жоқ, жастай тұрмысқа шыққандар да бар. Сондай-ақ соңғы кездері масылдық пиғылдағы әйелдер де пайда бола бастады. Олар орталыққа өкімет айтты пайдаланайық деген оймен себеп тауып, дайындалып келеді. Біз алғашқы жылдары барлығын қабылдап, бірге орналастыратынбыз. Қазір келгендерді зерделеп, таза зорлық-зомбылыққа ұшырағандарын бөлек, ұрыс-керістен кейін келгендерді, суицидке бейімдерін бөлек орналастырып, әрқайсымен жеке жұмыс жүргіземіз. Өкінішке қарай, соңғы кездері педофилдер, балаларға әлімжеттік жасау, зорлау сынды оқиғалар көбейді. Бұл келеңсіздіктің екінші жағы да бар, кей пенделер ақша табудың амалы ретінде оң-солын танып үлгермеген баланы пайдалануда. Бопсалау, қоқан-лоқы жасау мақсатында өз-өзіне қол жұмсайтынын айтып, қорқытатындар да кездеседі. Бұл да бір зерттеуді, кең көлемде көтеруді қажет ететін өзекті мәселе болып отыр», дейді Мәлика Әбдрашқызы. Яғни Президент Жолдауында айтылғандай, кей тұрмыстық жағдайлардың ақ-қарасын ажырату оңай емес.
Иә, әйелдердің құқықтық сауатын көтеру, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаруа аз емес. Алайда зорлық-зомбылық тыйылар емес. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыс өз алдына жеке тақырыпты қажет ететін мәселе. Осы бір өзекті тақырыпты зерделеу барысында біз әңгімелескен мамандар зорлық-зомбылық орын алған оқиғалардың негізгі себебі ретінде отбасындағы білім мен тәрбиенің төмендігін атады. Сондай-ақ көбіне ішкілікке салынған және әйелін сыйламайтын ер азаматтар отбасындағы жанжалдың ушығуына түрткі болады екен. Мамандар психикасы сау адам қатыгездікпен жасалатын қылмысқа бармайтынын, ішімдікке немесе есірткіге тәуелділіктен толық емделмегендердің шектен шыққан озбырлық жасайтынын және бұл арада әлеуметтік қызметкерлер мен психологтердің жұмысында кемшілік барын айтады. Балаларының көзінше әйеліне қол жұмсайтындардың әрекетін надандыққа теңейтіндер, ал қатыгездігін залымдық санайтындар көп. Бұл орайда дана Абайдың сөзіне жүгінсек: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің... Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады».
Түркістан облысы