• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Қазан, 2022

Азаматтық борыш

473 рет
көрсетілді

Әділетті Қазақстанды құру үшін жаңа саясаттың ең маңызды бас­тамасы – алдағы кезектен тыс президент сайлауының мәні зор. Бұл сайлау елдің болашақ даму жолын көп жағынан айқындайды.

Бұл – «Қазақстан Республи­касының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысына қатысқан ғалымдар мен инженерлердің ортақ тұжы­рымы. Оқу ордасының отыры­сында «Қазақстан Республи­касын­дағы сайлау туралы» Конс­ти­туциялық заңының 55-бабына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы шешім бірауыздан қабылданды.

Жиналыс төрағасы, академик Бақытжан Жұмағұлов еліміздің ғылыми-инженерлік қауым­дастығы кезектен тыс сайлау туралы хабарды үлкен жауап­кершілікпен қабыл­дағанын атап өтті. «Біз бұл шешімді толықтай қолдаймыз. Алдағы саяси нау­қан әлемдік экономикалық дағда­рыстың күшеюі мен шиеленіскен геосаяси жағдайда Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің талаптарына жауап береді», деді Б.Жұмағұлов.

Жиынға қатысушылар осы аса маңызды мәселе бойынша өз ұстанымдарын білдіруді өз­дерінің азаматтық борышы деп санайды. Отырыста академияның вице-президенттері, академиктер Нұрлан Темірбеков пен Амандық Төлешев, машина жасау және тау-кен, геология бөлімшелерінің төрағалары Мейірбек Молдабеков пен Болат Ужкенов, ҰИА Батыс Қазақстан және Жамбыл филиалдарының төрағалары Ақсерік Әйтімов пен Сағат Жүнісбеков, академик Айсұлтан Қалыбаев және басқа да академия мүшелері сөз сөйлеп, саяси маңызы мол науқанға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Ғалымдар мен инженер­лер Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстанның түбе­гей­лі реформасы және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасы, сайлау жүйе­сінің форматын дамыту, мем­лекеттік басқару жүйесінің кәсі­билігі мен жауапкершілігін арт­тыру сияқ­ты маңызды мемле­кеттік бас­тамаларды әзірлеу және жүзеге асырудағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ жиынға қатысушылар қазіргі заманғы жоғары білікті ғылыми және инженерлік кадрларды даяр­лаудағы жаңа тәсілдер, ғылым­ды дамыту және оны эконо­микалық процестерге белсен­ді түрде енгізу, сыбайлас жемқорлық оли­гархиялық моделінен дәйекті түрде кете отырып, экономиканы интенсификациялауға қатысты ойларын ашық айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді.

«Күрделі кезеңдегі аса маңызды мақсат – қазақстан­дық­­тардың бастамасы мен шы­ғар­машылығының өсуіне, қазір­гі заманғы технологиялық және инновациялық дамуға негіз­делген Әділетті Қазақстанды құру. Қазақстанның даму страте­гия­сының принципті жаңа ірге­тасы іс жүзінде қаланды», деп атап өтті академик Н.Темірбеков.

«Мұндай саяси бағыт отан­дастардың күткені мен үмі­тіне толық сәйкес келеді. Ғалым­дар мен инженерлер Қазақстанды алдағы сынақтардан абыроймен алып шығатын қазіргі Мемлекет басшысы екеніне сенімді. Қасым-Жомарт Кемелұлының халықаралық көшбасшы, БҰҰ жоғары басшылығының мүшесі, Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері ретіндегі мол тәжі­рибесі – осының кепілі. Әрине, бұған қоса өте қиын жағ­дай­да да халықтың сеніміне және қазақ­стандықтардың өмірін жақ­сар­туға бағытталған Пре­зи­денттің жинақтаған тәжірибесі мол.

Еліміздің мыңдаған ғылыми және инженерлік корпусы Президент Қ.Тоқаевтың жанына топтасқан және Қазақстанның жаңа белестерге түбегейлі сер­пі­лісін қамтамасыз ететін мін­деттерді орындауға бар күш-жігерін салады. Сондық­тан академия Қ.Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қол­дайды», деді ҰИА президенті Б.Жұмағұлов.