• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қазан, 2022

Ел қазынасын қорғаудың жаңа моделі

373 рет
көрсетілді

Парақорларды ұстайды деген құзырлы орган қызметкерлерінің өзі парамен ұсталып, кімге сенерімізді білмей қалдық. Олардың жанында ауыл мектебіндегі есепшінің жымқырған қаражаты кәмпит ұрлағанмен бірдей. Аз алды ма, қалтасына көп салды ма, бұл – мемлекеттің қаржысы. Халықтың салығы. Әр тиынның сұрауы бар.

Ұлт байлығы – ұрпақ несібесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Бюджет қаржысын жəне жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жем­қорлық əрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тəсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды», деген болатын. Президент сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін жиі еске салады. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл ретте, Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударады. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданғанын атап өткен жөн. Кейінгі үш жылда 200-ге жуық судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуы­на жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шара жүзеге асырылып жатыр.

– Жемқорлық әрекеті үшін соттал­ған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Сот­тарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жем­қорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деген еді Президент жыл басында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте.

Мемлекет басшысы құқық қорғау орган­дары батыл әрекет етпей, сыбай­лас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәсе­лелерді шешкені үшін кінәлі деп та­нылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге қамап отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

Анығы сол, қай жерде ақша көп, сол жерде парақорлықтың исі шығады. Елі­мізде көбіне ауыл шаруашылығы, кеден, құрылыс, білім беру, коммунал­дық бағыт, денсаулық сақтау салаларында сыбайлас жемқорлық фактілері көп тіркеледі. Бір ғана агроөнеркәсіп ке­ше­нінің айналасында дау-дамай, айғай-шу толастар емес. Нақтыласақ, ауыл шаруашылығындағы субсидияларға бай­­ланысты жемқорлық деректері көп анық­талады. Соңғы 5 жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөл­ген. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркеліп, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тар­тыл­ған. Бұл сала жылдар бойы жем­қорлыққа белшеден батып жатыр.

«Со­ның кесірінен мемлекет үлкен зиян шек­­ті, азық-түлік қауіпсіздігі­не нұқсан кел­ді. Атап айтқанда, жайы­лымдық жер­лерді суландыруға бөлінген 80 мил­лиард теңгенің тең жартысы мақ­сатқа сай жұм­салмаған. Былтыр қуаң­шылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіп­ті, кейбір өңірде шаруаларға субси­дия ретінде күн батареясы берілген. Ашы­ғын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қа­жет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек», деген болатын Президент.

Заң бұзғандар айылын жия ма?

Ендігі жерде елімізде мемлекеттік қызметшілердің табысы мен шығыны бақылауға алынуы мүмкін. Мәжіліске түскен заң жобасында шенеуніктердің табысы мен шығыны арасында айыр­машылық байқалса, оларға санкция салынатыны көрсетілген. Яғни айырмашы­лық 1 мың айлық есептік көрсеткіштен асса, оған сол айырмашылықтың 90 пайызына тең болатын айыппұл салынады. Ал шығын мен кіріс арасындағы табыс мемлекеттік қызметшінің жылдық табысынан асып кетсе, қызметінен босатылады. Бақылау мемлекеттік қызметкердің декларациясына ғана емес, туыстары мен отбасы мүшелерінің шығынына да жүргізілетінін атап өткен жөн.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынған жартыжыл­дық­тың қорытындысына көз жүгіртейік. Елі­мізде 6 айдың ішінде 1 300-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Жымысқы әрекетке барған 800-ден астам тұлғаның 140-ы түрлі деңгейдегі басшылар екен. Сотқа 592 іс жолданып, 357 жемқор сотталған. Белгілі болғандай, әзір­ге шелек жалағандардан гөрі айран ішкендермен күрес күшейтіліп жатқан көрінеді. Нақтыласақ, экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және оларды мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты істерді тергеу ерекше бақы­лауда тұр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 430 млрд теңге немесе шамамен 1 млрд АҚШ доллары сомасына активтер қайтарылыпты.

– Заңсыз шетелге шығарылған қара­жат пен мүлікті елге қайтару мақса­тын­да халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек. Таяуда Еуропа Кеңесінің тарапынан Қазақстанға еуропалық Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру хаты келді. Енді Конвенцияға қосылу үшін қажетті процедураларды қолға алатын боламыз. Бұл конвенция шетелден коррупционерлер мен ұрланған активтерді қайтару жолындағы мүмкіншіліктері­­мізді кеңейтеді. Еуропа Кеңесінің Корруп­ция­ға қарсы мемлекеттер тобының мүшесі болу – еліміз үшін өте маңызды қадам. ГРЕКО-ның толыққанды қатысушы ретінде алғашқы монтирингтік раундтар шеңберінде бізге берілген 27 ұсынымын орындау үстіндеміз, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов.

Құзырет һәм адал қызмет

Сыбайлас жемқорлық індеті заманмен бірге ілесіп, мол қаражат қайда болса, сол жерге тамыр жайып келеді. Кесел­мен күресу сонау ежелгі заманда пайда болған. Сазға жазылған сына жазудың арқасында қазіргі уақытқа дейін жеткен тарихи мәліметтерге сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресуші боп танылған бірінші билеуші б.з.д. 2400 жылда өмір сүрген шумерлік билеуші болған. Ол жемқорлық үшін өте қатал жаза енгізген. Өкінішке қарай, деректерде оң нәтижеге жеткен-жетпегені туралы айтылмаған.

1787 жылы қабылданған АҚШ Кон­ституциясына сәйкес сыбайлас жемқор­лық президентке сенімсіздік жариялану­ға себеп болатын екі қылмыстың бірі болып табылады. Тарихта сыбайлас жем­қорлықпен сәтті күрес жүргізген елдер бар. Солардың бірі – Франция. XVIII ғасырдың аяғында бұл елде яко­бин­дік диктатура құрдымға кеткеннен кейін мемлекет тарихындағы ең сы­бай­ластық тәртіп директория орнады. Жаңа билік басқарған жылдары Франция құлдырады. Кейін билікке бірінші консул болып сыбайлас жемқорлықпен батыл күрес бастаған Наполеон келді. Бұл күрес қатыгездікке емес, жазаның бұлтартпастығына сүйенген. Бірнеше ай ішінде Наполеон керемет жетістіктерге жетті, сонымен қатар директория кезінде ұрланған ақшаларды қазынаға қайтарды.

Қазіргі уақытта сингапурлық сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес моделі үздіктердің қатарында. Сингапур Тәуел­сіздік алған сәтінде 1965 жылы сыбайлас жемқорлығы ең жоғарғы көрсеткішті ел болған: шенеуніктерге парасыз бір ше­шім­ді қабылдауға да рұқсат берілмей­тін. Індеттің тамырына балта шабу үшін заңдар қатаң болды және соттық жүйе тәуелсіздігі жоғарылады. Бар-жоғы бір­неше жылдан соң осы сияқты іс-ша­ра­лар кешенінің нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деңгейі жедел төмендеді. Қазіргі уақытта Сингапур әлемде сыбай­лас жемқорлық көрсеткіші ең төмен мем­лекеттердің алғашқы ондығына енеді.

Қазақстан – ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы мемлекет. Сыбайлас жемқорлық қыл­мыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әре­кеттер мемлекетіміздің басқару жүйе­сін тұншықтырып, өзге маңызды сала­лардың дамуына нұқсан келтіріп жатыр. Шын мәнінде адал қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың арқасында ғана еліміздің экономикалық дамуы тұрақты болатыны анық.

Жақында Дүниежүзілік банк әлемнің 214 еліндегі ең беделді жыл сайынғы «мемлекеттік басқару индикаторлары» зерттеулерінің соңғы нәтижелерін жариялады. Бұл тізімде Қазақстанның 6 позицияға өскенін байқауға болады. Жемқорлықты бақылау индексі бойынша қазір еліміз 102-орында тұр. Бағалау 6 индекс бойынша жүзеге асырылады: «Сыбайлас жемқорлықты бақылау», «Мемлекеттік басқарудың тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Реттеуші ортаның сапасы», «Саяси тұрақтылық» және «Халықтың пікірін есепке алу және мем­лекеттік органдардың есептілігі». Нәти­желер процентиль шкаласы бойынша көрсетіледі, яғни төмен көрсеткіштері бар елдердің пайызы көрсетіледі. Сы­байлас жемқорлықты бақылау индексі бойынша Қазақстан кестенің дәл ортасында тұр. Өткен рейтингте біздің елден төмен нәтижелер елдердің 42 пайызын көрсетсе, жаңа рейтингте – 48 пайыз. Осылайша, бір жыл ішінде Қазақстан өз позициясын 6 тармаққа жақсартты, ал жалпы соңғы 5 жылда екі еседен астам өсім байқалады. Осы жылдың көрсеткіші еліміздің осы рейтингке қа­тыс­қан барлық уақыт ішінде ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Біздің елден кейінгі қатарларда Аргентина, Бразилия, Индонезия, Марокко, Сербия, Түркия және басқа да мемлекеттер орналасқан.