Елордада биыл операция жасау көрсеткіші былтырға қарағанда 10%-ға өсті. Жоғары технологиялық медициналық көмек қолдану арқылы МӘМС бойынша 10,2 млрд теңге сомасына қосымша 3 888 қызмет көрсетілді. Мұндай операциялар қазіргі уақытта да жалғасып жатыр. Жуырда Ұлттық нейрохирургия орталығында 6 жасар балаға зергерлік жұмысқа пара-пар өте күрделі операция жасалды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ елорда филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық нейрохирургия орталығына Алматы облысынан келген 6 жасар қыздың ата-анасы медициналық көмекке жүгінді. Ата-ана кішкентай науқастың қолы мен аяқтарының әлсіз, қозғалысы шектеулі және мойнын өз бетінше ұстай алмайтыны жөнінде шағымдарын жеткізді.
МРТ-да дәрігерлер мойын-желке омыртқаларының дамуындағы туабіткен ауытқуды анықтады. Нейрохирургия орталығының дәрігерлері консилиум өткізіп, емдеудің одан әрі тактикасы мен әдісін анықтады. Жағдайдың күрделілігі сол, қыздың бірнеше омыртқа денелерінің болмауынан, бала басын толық ұстай алмай, басы алдына қарай ығысып кетіп қалады.
Жұлын нейрохирургиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Керімбаевтың айтуынша, күрделілігі мен қауіптілігіне байланысты мұндай операциялар тек жетекші мамандандырылған клиникаларда жасалады және айтарлықтай сирек кездеседі.
«Біз балаға аса күрделі операция жасадық. Қыз балада мойын-желке омыртқаларының көптеген туабіткен ақаулары болды. Сол себепті жұлын мен ми бағанасы қысылған. Осыған байланысты, 6 жасқа дейін бала өздігінен жүре алмады, еркін қозғала алмады, киініп, шалқасынан жата алмады. Неврологиялық симптоматологияны және МРТ зерттеу нәтижелерін ескере отырып, нейрохирургтер тобының шешімі бойынша бас пен мойынның қалыпты анатомиялық арақатынасын қалпына келтіре отырып, мойын-желке аймағының омыртқаларын қалпына келтіру, содан кейін С1, С2, С3, С4, С5, С6 омыртқаларын трансартикулярлы, транскортикальды бекіту операциясы жасалды», деп түсіндірді Т.Керімбаев.
Қыздың анасының айтуынша, бес жасқа дейін қыз толық жүре алмаған, балерина сияқты аяқтың ұшымен жүрді. Алты жасында, қыздың бойы күрт өскен кезде, аяқтың ұшымен жүруді тоқтатып, толығымен төсекке таңылды.
«Біз баламыздың туабіткен патологиясы туралы білген кезде бұған дейін де осы орталыққа жүгінген едік. Бірақ дәрігерлер сүйектердің аздап нығаюы үшін біраз уақыт күту керектігін айтты, операция кейінге қалдырылды. Енді осы орталыққа операция жасатуға келдік. Мұнда операцияға арнайы дайындық шаралары өтті. Бір апта бұрын балама операция жасалды. Жүруге әлі ерте, дегенмен қазір баламның аяғында жиырылу жоқ екенін байқадым. Аяқтың табаны босаңсыған, бұрынғыдай тартылып тұрған жоқ. Енді қызымыздың алғашқы қадамдарын жасай алатын сәттерін асыға күтудеміз!», деді кішкентай науқастың анасы.
Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Сапарбек Сейітбековтің айтуынша, операция кезінде негізгі міндет қысылған жұлынды сәтті босату, физиологиялық лордоз жасау және мойын омыртқасын бекіту болды.
«Операция кезінде омыртқалардың ауытқуы техникалық тұрғыда қиындық туғызды. Ми бағанасының, жұлын мен қан тамырларының зақымдану қаупі өте жоғары болды. Осы өмірлік маңызды орталықтар зақымданған жағдайда пациент сал ауруына шалдығуы мүмкін немесе, тіпті пациент өлімімен аяқталуы да әбден мүмкін еді. Бақытымызға орай, бәрі ойдағыдай өтті. Баланың қимыл-қозғалысқа бейімделуі реттеле бастады, қазір жиырылу регрессиясы және аяқтың бұлшық еттерінің күш алу динамикасы байқалады», деді С.Сейітбеков.
МӘМС аясында жүргізілген операция 4 сағатқа созылды. Операцияны профессор, ҰЖҒА академигі Талғат Керімбаев, практикалық жұмыс өтілі 30 жылдан астам, нейрохирург дәрігер, PhD Виктор Алейников және Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Сапарбек Сейітбеков жасады.